Онкологиялық ауру – бұл патологиялық жасушалардың өсуінен туындаған ісік. Жасушалар қалыпты бақылау механизмдерін жоғалтады және үздіксіз көбею, жақын маңдағы тіндерді басып алу, дененің алыс аймақтарына қоныс аудару және жасушаларды қоректік заттармен қамтамасыз ететін жаңа қан тамырларының пайда болуына ықпал ету қабілетіне ие болады.
Ісіктердің көптеген түрі бар. Олар орналасуы, жасушалық құрылымы, агрессивтілік дәрежесі, ағымының сипаттамалары және болжамы және басқа да бірқатар факторлармен ерекшеленеді. Онкологияда ісіктер әдетте қатерсіз, шартты түрде қатерсіз (шекаралық) және қатерлі болып бөлінеді.
Қатерсіз ісіктер салыстырмалы түрде баяу өсумен, метастазаға бейімділіктің болмауымен және жақсы болжаммен сипатталады. Ісіктердің бұл түрлеріне фиброма, липома, невус, папиллома, лейомиома, нейрома, хондрома, ангиома және басқасы жатады.
Шартты қатерсіз ісіктер де метастаз бермейді, бірақ қатерлі ісік болып қайта тууы және жоюдан кейін бірнеше рет қайталану қабілеті бар. Мұндай онкологиялық аурулардың мысалы ретінде асқазанның аденоматозды полиптері, атипті меңдер, кәрілік кератоз, Боуэн ауруы және т.б. жатады.
Қатерлі ісіктер инвазивті өсумен, қоршаған тіндердің өнуімен, метастазбен және қайталануымен сипатталады. Ісіктердің бұл түрлеріне қатерлі ісік (карцинома), саркома және лимфома жатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша ең көп таралған онкологиялық аурулардың «рейтингі» келесідей: ең көп таралған «әйел» ісігі – сүт безі қатерлі ісігі, одан кейін жатыр мойны обыры, ал ерлер ісік патологиясы арасында абсолютті көшбасшы – простата обыры.
Жынысына қарамастан қатерлі ісіктің ең жиі диагноз қойылған және өлімге әкелетін түрлері мыналар болып танылады: өкпе обыры, тоқ ішек обыры, асқазан обыры және бауыр обыры. Одан көрі азырақ таралған қуық пен бүйректің қатерлі ісігі, ұйқы безі, лейкемия және меланома болып табылады.
Балалардағы қатерлі ісіктердің ішінде лейкемия, нейробластома, Вильмс ісігі, лимфома, остеосаркома және ретинобластома басым.
Қатерлі ісіктің қауіптілігі олар денеде дамып келе жатқанда, ұзақ уақыт бойы көрінбеуі мүмкін. Әдетте науқастың белгілері байқалмайды, сондықтан адам ауруды бірден тани алмайды. Дегенмен адам өз денесін тыңдап, аурудың алғашқы белгілерін жіберіп алмау керек. Келесі өзгерістер арқылы онкологияны анықтауға болады:
– кенеттен салмақ жоғалту;
– қатты шаршау;
– ұзаққа созылған жоғары температура;
– тәбеттің төмендеуі;
– лимфа түйіндерінің ұлғаюы.
Аурудың белгілері ісіктің орналасуына байланысты өзгереді.
Қатерлі ісіктердің алдын алу дегеніміз – қоршаған ортаның зиянды әсерлерін жойып, қатерлі ісікке әкелетін жағдайлардың пайда болуына жол бермеу. Медициналық көмекті тиімді көрсету және аурулардың дамуын болдырмау үшін алдын алу шараларының үш негізгі кезеңі анықталды. Олар:
– Бастапқы профилактика – салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту;
– Екіншілік профилактика – белгілі бір ісіктің даму қаупі бар адамдарды бақылаудан, сондай-ақ ісік алды жағдайларды және қатерлі ісіктің ерте формаларын емдеу мен дер кезінде диагностикалаудан тұрады;
– Үшіншілік профилактика – қатерлі ісіктерді емдеуден өткен науқастарға қатысты, ол ісіктердің қайталануын және метастазаларын, сондай-ақ емделген науқастарда ісіктердің басқа түрлерінің пайда болу ықтималдығын болдырмаудан тұрады.
Денсаулығыңызды қадағалап, уақытылы медициналық тексеруден өтіңіз һәм өзіңізге қамқор болыңыз!
Әлима АБДУШУКУРОВА,
Қызылорда бөлімшелік көліктегі
санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!