Атын естігенде күлкіңді тыйып, күдігіңді көбейтетін Covid-19-дың әлемді әлекке салғанына жылға жуық уақыт болды. Алғаш Қытайдың Ухань қаласынан тараған кеселге бей-жай қарағанымызбен, қазіргі қоғамда вируспен бірге өмір сүріп келеміз. Бастапқыда «қорыққаннан қос көрініп», аласұрған жұрт бүгінде бейқам қалыпқа көше бастағанын көз көріп жүр. Ел арасында дәлелденген ақпарат та, дақпырт та аз амес. Беймаза қоғамдағы құбылмалы ахуалды ескере отырып, басылымның бүгінгі санында да қауіпті кеселдің ерекше белгілері турасында  жазуды жөн көрдік.

Мамандар қауіпті инфекцияның асқынуы ковидтік пневмония, яғни төменгі тыныс жолдарының зақымдануына әкелетінін айтады. Осы кезге дейін Covid-19 инфекциясы кезіндегі өкпенің зақымдануы әдеттегі пневмониямен бірдей болмайтыны дәлелденген. Сондай-ақ тұмау немесе ЖРВИ кезіндегі белгілерге ұқсас, бірақ ковидтің өзіне ғана тән бірқатар белгілері  анықталған. Жуырда Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы (ҚОДА) коронавирус кезінде байқалатын ерекше симптомдар жайлы келесідей маңызды ақпарат ұсынды. Айталық, иіс және дәм сезу қабілетінің жоғалуы қарапайым ЖРВИ кезінде де кездеседі. Алайда коронавирус инфекциясын жұқтырған сәтте бұл симптом ұзақ уақыт, мәселен, бірнеше апта, ай бойы сақталады екен. Ал ЖРВИ кезінде мұндай белгі бірнеше күннен кейін-ақ жоғалып, тыныс алу қалыпқа келеді. Сондай-ақ мамандар ковид жұқтырған науқастың кеуде қуысы немесе арқа бөлігінің «себепсіз» шаншып  ауруы да жиі қайталанатын белгі екенін айтады және бұл симптом да науқаста ұзақ уақыт сақталады. Ал ЖРВИ кезінде мұндай белгі сирек кездеседі. Осы кезге дейін қауіпті дертпен ауырған науқастарды тексеру барысында әдеттегі интоксикация көріністерімен қатар психиканың ауытқуы да байқалған. Мысалы, мазасыздық, депрессия, қорқыныш, ұйқының бұзылуы да қазір ковид белгісі ретінде қарастырылуда.

Вирустың адам ағзасында көрініс беретін тағы бір белгісі – фантосмия. Бұл жағдайда науқасқа белгісіз иістер үнемі сезіліп тұрады. Зерттеу барысында вирус жұқтырған науқастар көп жағдайда шикі ет, темекі түтіні сынды жағымсыз иістерден зардап шегетінін жеткізген.

Көпшілікті алаңдатқан тағы бір жай, инфекциядан сауығып шыққан соң шаштың уыстап түсуі еді. Зерттеушілер бұл жағдайды телогендік алопециямен байланыстырады, яғни ауыр жағдайда өткен аурудан, күйзелістен кейін осындай белгі байқалуы мүмкін екен. Мамандардың айтуынша, шаштың қалыпты тіршілік циклі аногендік (шаштың белсенді өсуі) және телогендік (шаштың эпителиалды жасушалары бөлінуін тоқтатып, шаш түсе бастайды) фаза бойынша жүреді. Күнделікті жағдайда шаштың шамамен 80-90 пайызы аногендік фазада өседі, алайда адам қатты күйзеліске түссе, шаш телогендік фазаға еніп, жиі түсе бастайды. Шаштың мұндай күйге енуіне температураның қатты көтерілуі, дұрыс тамақтанбау, жарақат та себеп болуы мүмкін екен.

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деген сөзге сүйенсек, ағзаның мың құбылған вирус әсерінен түгел зақымданғаны жақсы емес. Сондықтан жанның амандығы үшін денсаулыққа бейқам қарамаған абзал. Өйткені саулық – сақтықта!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!