Фото: zhambylnews.kz

Шала туған нәрестелер ретинопатиясы – шала туған балаларда кездесетін көздің тор қабығының зақымдануымен сипатталатын ауру. Бұл патология тор қабықтағы қан тамырларының дұрыс дамымауынан туындайды және соқырлыққа немесе көру қабілетінің күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Нәресте неғұрлым ерте туылса, туу кезінде салмағы төмен болса ретинопатия даму қаупі соғұрлым жоғары болады. Бұл қан тамырларының толық қалыптасып үлгермеуінен болады. Сондай-ақ шала туған сәбидің өмір сүру қабілетін қолдау үшін қолданылатын оттегі терапиясы да тор қабықтың қан тамырларына теріс әсер етуі мүмкін. Ретинопатия ауруының пайда болуына анасының денсаулығының нашарлауы немесе жүктілік кезіндегі асқынулар да әсер етеді.

Бұл аурудың бастапқы кезеңдерінде айқын белгілер байқалмауы мүмкін. Аурудың ауыр түрлерінде көру қабілетінің нашарлауы немесе мүлдем жоғалуы мүмкін. Шала туған нәрестелерде ретинопатияны анықтау үшін офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл скрининг нәресте туғаннан кейін алғашқы бірнеше аптада басталып, дәрігердің ұсынысы бойынша белгілі бір уақыт аралығында қайталанып тұрады. Егер нәрестеде бұл ауру бары анықталса бірнеше емдік шаралар жүргізіледі. Оның ішінде  тор қабықтағы аномальді қан тамырларын жою үшін лазерлік терапия қолданылады. Сондай-ақ аурудың дамуын тоқтату үшін қолданылатын суықпен емдеу – криотерапия әдісі де жасалады. Ал аурудың ауыр түрлерінде витрэктомия сияқты хирургиялық әдістер қолданылуы мүмкін. Бұдан басқа анти-VEGF препараттарын қолдану арқылы тор қабықтағы патологиялық қан тамырларының өсуін тоқтатуға да болады.

Айы-күнінен бұрын туған сәбилерде мұндай жағдайды болдырмас үшін  нәрестелерге дер кезінде медициналық көмек көрсету және бақылау қажет. Сондай-ақ тиісті маман оттегі терапиясын мұқият бақылау және қажетсіз қолданбау керек. Шала туған сәбиі бар ата-ана оның көз денсаулығына ерекше назар аударғаны жөн. Ерте диагностика мен уақытылы емдеу ШТНР-дың асқынуын болдырмауға және нәрестенің көру қабілетін сақтауға көмектеседі.

Базаркул Исаева,

Гулмира Төлепбергенова

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!