Фото: ашық дереккөзден
Қазақстандағы медициналық өнімдер нарығында кейбір рецептсіз сатуға тыйым салынған антибиотиктерді саудалау тыйылмай тұр. Бұл дәрілерді маманның кеңесінсіз шектен тыс қабылдаудың салдарынан бауыр мен бүйрекке зиян келеді, есту, көру қабілеті нашарлайды, ең бастысы, бұл антибиотикке төзімділікке әкеп соқтырады. Осының кесірінен келешекте антибиотиктің әсері мен тиімділігі төмендеп, инфекциялық ауруды емдеу қиынға соғады. Антибиотиктерді бақылаусыз қолдануды қалай тыюға болады және оның саудасын реттеу үшін не істеу керек?
Ажалдан аман қалған Зада
Биыл тамыз айында Арал қаласының перзентханасында тұңғышын кесір тілігі операциясы арқылы өмірге әкелген Зада 7 күннен соң үйіне оралды. Үйге келгені сол еді, ауыр операциядан кейін жөтел пайда болып, күні-түні маза бермеген. Алғашында көңіл аудармағанымен, кейіннен үдеген дерттен қажыған ол өздігінен ем алуға бел буады. Әдеттегідей салқын тию белгісіне балап, туыстарының кеңесімен жақын маңдағы дәріханадан антибиотик – цефазолин дәрілік препаратын сатып алуға барады. Дәріхана сатушысы ешқандай дәрігердің нұсқауын немесе рецептін сұрамастан Заданың қолына цефазолинді ұстатқан.
Кейіпкеріміз уақыт созбай, сол дәріханадағы процедуралық кабинетке кіріп, кезекші медицина маманына антибиотикті көк тамыр ішіне инъекция жасауын сұрайды. Ақылы негізге келіскен дәрігер науқасқа ешқандай сынама жүргізбестен, антибиотикті толық егуге көшкен. Процедура аяқталғаннан кейін Заданың жағдайы нашарлап, есінен танып қалды.
– «Укол егіп» болғаннан кейін ол [дәрігер – автор ескертпесі] тұрып жүре беруге болатынын айтты. Бір-екі қадам басқан соң аяғымнан бастап тамағыма [алқым – автор ескертпесі] дейін қатты қыши бастады. Бірнеше секунд өткесін тұншыға бастадым. Өзімді қатты жайсыз сезініп, қысылып, әлсіздік басты. Денем жиырылып, құрысқан тәрізді тырысып, бүкіл денем мұздап бара жатты. Оған қоса басым айналып, жүрек тұсым қатты шанши бастағанын сездім. Сәлден соң есімді жоғалтым, – деп еске алды Зада Жаңатай.
Бұл – жалғыз оқиға емес, жыл сайын жүздеген науқас кезігетін жайсыз жайт. Қазақстанда антибиотиктерді сату жүйесіндегі кемшілік пен кей дәрігер мен медицина маманының бейкәсіби әрекеті көптеген адамды опық жегізіп отыр. Науқастың антибиотике қарсы көрсетілімі бар-жоғын тексермейтін мамандар адамның өмірін қатерге тіксе, пайданы ойлаған дәріхана қызметкерлері тұтынушыға кез келген дәріні сатуды әдетке айналдырған. Заданың айтуынша, болған жағдайға дәріхана сатушысы да, дәрігер де кінәлі.
– Дәріхана қызметкерлері жағдайымды көріп, болған жағдайдан «шок» алды [есеңгіреді – автор ескертпесі]. Тіпті, алғашқы көмекті қалай жасау қажетін ұқпай, біршама уақыт тұрды. Сол маңдағы дәріханаға келген адамдар жедел жәрдем шақырып көмектеспегенде, тағдырым қалай болары белгісіз. Жедел жәрдем келерден бірнеше минут бұрын есімді жидым. Жедел жәрдем мамандарының алғашқы көмекті қалай жасағанын байқап жаттым: Аяғымды жоғары көтеріп, кеудемді ашты. Кейін иығымнан адреналин егетінін айтып, қан қысымым түскенін хабарлады. Соңында тамырдан «катетер қойды», «система қосты». Ауруханаға апарған сәтте дәрігерлер пневмония белгісі бар деп шешіп, бір апта ауруханада болдым, – деді Зада.
Дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакованың пікірінше, қазақстандықтар арасында антибиотиктерді өздігінен қабылдау жиі тараған. Әсіресе, ЖРВИ белгілері кезінде (қызуы көтерілу, жөтел, мұрыннан су ағу т.б.) организмге қосымша көмек ретінде көп қолданылады. Дәрігерлер өздігінен емделу зиян екенін қанша айтқанымен, медицина маманының нұсқауынсыз дәріні қабылдау тоқтаған емес.
Антибиотиктер ағзадағы пайдалы бактерияларды азайтады
Алдымен антибиотикті бақылаусыз қабылдаудың нендей зияны барын тарқатайық. Дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакованың айтуынша, антибиотикті шамадан тыс қабылдау немесе дәрігердің кеңесінсіз ішу орасан зиян әкелуі мүмкін. Әсіресе, басты екі қатерді алға тартады.
Алуа Искакова антибиотиктің кері әсерінен адам ағзасындағы микрофлора, микробиом бұзылу қаупі бар дегенді айтуда. Антибиотиктер бойдағы зиянды бактерияларды ғана емес, маңызды функция атқаратын пайдалы бактерияларды да жоюы мүмкін. Оның ішінде ас қорыту, витаминдер синтездеу, иммунитетті көтеру, патогеннен қорғауға жауапты пайдалы бактерияларды азайтуы ықтимал. Зияны сол, аталған процестерге жауапты бактериялар өлсе, адам бойындағы микрофлора балансы бұзылып, дисбактериоз, диарея, іш ісінуіне әкеледі. Ал бұл ахуал өз кезегінде бауыр, бүйректің жұмысын бұзып, көру мен есту қабілетін төмендетеді. Сондай-ақ антибиотик өзге дәрілік препараттармен қосылса, жанама әсер беруі ғажап емес.
Кейінгі қатер алдыңғысынан ауыр. Антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау кейін антибиотиктердің әсер ету қабілетін төмендетуі мүмкін. Яғни адам бойындағы бактериялар антибиотике қарсы тұру қабілетін дамытып, келешекте ешқандай антибиотик сәтті әсер етпейтін болады.
Бұл әлемдік ғылымда зерттеліп, дабыл қаққанмәселе. Мәселен, ДДСҰ-ның мәліметінше , инфекциялардың антибиотиктерге қарсы тұру қабілетінің артуынан жыл сайын Еуропада 33 мың адам көз жұмса, әлем бойынша 700 мың адам жан тапсырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотиктерге төзімділіктің кесірінен адамды емдеу мен ауруханада ем қабылдау мерзімі ұзарады, медицина саласында шығын көбейеді және, ең бастысы, өлім-жітім көрсеткіші артады дейді. Демек, антибиотиктер науқастың ағзасына әсер етуді тоқтатса, адам жеңіл-желпі инфекция немесе болмашы жарақаттан көз жұмуы мүмкін. Сондықтан халықтың антибиотиктерді дәрігердің бақылауынсыз қабылдауын тежеп, аталған дәрінің нарықтағы саудасын жүйелеу өзекті.
– Еуропа елдерінде адам ойына келген антибиотикті дәріханадан сатып ала салмайды. Алдымен медициналық тексерістен өтіп, кейін дәрігердің нұсқауымен ғана ем қабылдайды. Ал Қазақстанда кей адам нақты қандай дәрі қабылдап жүргеніне мән бермейді. Кейінгі уақытта ел арасында антибиотик, не антибиотик емес, шығу тегі белгісіз дәрілерді сатып алу көбейді. Соның ішінде цефтриаксон деген дәріні қабылдау кең таралған. Негізі амбулаториялық жағдайда парентералды антибиотиктер алу – шарасыз кезде жасалатын қадам. Бізде керісінше, «егер ауыра қалсам, система немесе укол алуым керек» деген жансақ пікір қалыптасқан, қалыпты жағдайға айналған. Бұл орайда басты талапты ескеру керек. Парентералды (көк тамыр ішіне немесе бұлшық ет арқылы) антибиотик алу үшін міндетті түрде медицина қызметкерлері қажет, – деді Алуа Искакова.
Әлемде антибиотиктерді бақылаусыз шектен көп қолдану олардың тиімділігін төмендетті, кесірінен көптеген антибиотиктер әсер ете алмайтын «супербактериялар» пайда болды. «Супербактерияларды» емдеудің қиындығы өлім-жітімді арттырып, мүгедектікке алып келуі мүмкін. «Тамақтың қызаруы, балалардың құлақ инфекциясы мен көкірек қуысының кәдуілгі инфекциясын емдеуде әдетте антибиотиктер қолданылмайды», делінген британдық ұлттық денсаулық сақтау қызметінің сайтында.
The Lancet медициналық басылымының мәліметінше, 2050 жылға қарай бактерияның антибиотиктерге қарсы қорғанысының дамуы салдарынан қаза тапқандар саны 39 млн адамға жетеді деген болжам бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, Covid-19 пандемиясы асқынған 3 жылда 8 миллионға жуық адам қаза болған. Демек, фармацевтика саласындағы антибиотиктер саудасын жүйелеу, азаматтардың медициналық сауатын ашу басты мәселеге айналды.
Дәрігердің салғырттығы себеп
Антибиотик қабылдаудағы қателік тек науқаста десек, қателесеріміз анық. Дәрігерлер тарапынан жасалатын салғырттық жетерлік. Медицина мамандары алдына келген науқастарға антибиотикті бақылаусыз қабылдаудың зиянын жіті ұқтырмай, тіпті кейде орынсыз антибиотик қабылдауға кеңесбереді. ДДСҰ-ның дерегіне сенсек, әлемде 50 пайыз антибиотик дұрыс қабылданбайды, яғни негізсіз қолданылады. Мысалы, кейде дәрігерлер науқастарға антибиотиктерді вирустық инфекцияны емдеу үшін қабылдауға кеңес береді. Алайда бұл қате. ДДСҰ антибиотиктер тек бактериялық әсерден пайда болған ауруларға ғана қарсы тұратынын ескертіп әлек. Сондай-ақ, кей медицина маманы антибиотиктің белгілі бір мақсатқа нақты бағытталған түрін емес, жалпылама әсер ететін түрін ұсынатын жағдай көбейген.
– Дәрігерлердің қателігі бар. Кейде мамандар науқастарға антибиотикті қалай қабылдау қажетін жеткілікті түсіндірмейді. Мысалы, антибиотикті күніне 3 мәрте ғана қабылдауға болады, яғни әр 8 сағат сайын. Өйткені антибиотиктің қандағы концентрациясы төмендеп кетсе, бактерияның саны ұлғаюы ықтимал.
Тағы бір мәселе, Қазақстанда тіс дәрігерлері науқасқа антибиотик қабылдауға нұсқау береді. Бұл қате қадам деп санаймын. Мысалы, олар [тіс дәрігерлері – автор ескертпесі] ципрофлоксацин деген антибиотикті жиі ұсынады. Ал ол дәрі басқа инфекцияларды жоюға арналған, – деді Алуа Искакова.
Жуырда Қазақстандағы ең ауқымды мерзімді басылым – «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жарияланды. Автордың айтуынша, Қоғамдық саясат институты зерттеу жүргізіп, медициналық қызметке қатысты мәліметтер ұсынған. Онда отандық медицина мамандарының кәсіби деңгейіне қатысты қоғам бағасы айтылған. Дерекке сенсек, кейінгі 5 жылда Денсаулық сақтау министрлігіне шағымдар саны 60,8%-ға ұлғайған. Оның ішінде 32,5%-ы сапасыз көрсетілген медициналық көмекке шағымданса, 16,3%-ы – емдеуден негізсіз бас тартып шу шығарған, ал 15,2%-ы медицина қызметкерлері тарапынан көрсеткен дөрекілікке көңілі толмаса, 12,5%-ы дәрігер қате диагноз қойды деп шағымданған. Stada Health Report 2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесіне үңілсек, ел тұрғындарының 67%-ы денсаулық сақтау жүйесіне наразы.
Антибиотик саудасы екі есе өскен
Биыл антибиотик сатылымы өсті, ал бұл науқастар антибиотик қабылдауды азайтпады деген сөз. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың I жарты жылдығында 41,2 тонна антибиотик сатылған. Бұл өткен жылдың 12 айындағы көрсеткішке пара пар. Сұраныстың көбеюі салдарынан шетелдік компаниялар да медициналық өнімді жеткізуді арттырған. Биыл шетелдік антибиотиктерді 2,4 есе көп экспорттап, өткен жылға қарағанда 18,2 тоннаны артық жеткізген. Отандық өндірушілер де қалыс қалған жоқ, өндіріс көлемін 32,1% ұлғайтыпты.
Елдегі мұндай антибиотик ауқымы пандемия кезінде ғана байқалған. 2020 жылы аталған медициналық өнім көлемі 80 тоннаны құраған еді. Дерттің беті қайтқанда, тіпті 2023 жылы ішкі нарықтағы сұраныс 2 есеге жуық азайды. Бұған коронавирус инфекциясының тыйылуы, тұмау мен ішек инфекциясын жұқтырған науқастар санының азаюы себеп болса керек.
Дегенмен 2024 жылы неліктен антибиотике сұраныс артқанын нақты айту қиын. Сарапшылар инфекциялық ауру көбейген болу керек деп күдіктенгенімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі антибиотик сұранысын тудыратын ешқандай инфекциялық ауру ошақтары тіркелмегенін хабарлады. Алайда Қоғамдық денсаулықты сақтау ұлттық орталығының 25 маусымда жариялаған мәліметіне сүйенсек, елде менингококкты инфекциясын жұқтырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе артқан.
Нарық бағасына да тоқталайық. Ұлттық статистика мәліметіне сүйенсек, азитромицин бағасы 17,9% өскен. Ал Proxima Research International аналитикалық команиясының дерегінше, жарты жылдықта Қазақстандағы дәрілік препараттардың бағасы 8,1% артқан. Осыны ескерсек, дәріхана егелерінің заңсыз әрекетке бару бір себебі жылдам пайда табу амалынан туған болуы ықтимал.
Әрине, мемлекеттен бақылау бар. Арнайы мониторингтік топ заңбұзушылықтарды анықтап, тұрақты жазалауға тырысып жатыр. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмагүл Кенжехановаға арнайы сауал жолдаған болатынбыз. Журналистік сауалда «Антибиотиктерді рецептсіз сатуды тежеу бағытында қандай жұмыс атқарылды?» деген сұраққа Алмагүл Жұмаханқызы төмендегідей жауап қайтарды:
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 233-бабы 4 тармағына сәйкес, дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады. Рецептілер қағаз және (немесе) электрондық түрлерде жазып беріледі. Дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осылайша, 2024 жылдың 8 ай ішінде дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатқаны үшін 18,5 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік хаттамалар жасалынды» – деді ол.
Сала басшысының қосымша сауалдарға берген мәлметінен тағы бір кілтипанды аңғардық. Кей дәріхана иелері денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатумен айналысқан. Оның ішінде антибиотиктер де бар.
– 2022 жылы ел аумағында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату/сақтау бойынша 8,9 млн теңге сомасындағы 26 әкімшілік хаттама жасалса, өткен жылы 36,7 млн теңгеден астам сомаға 66 әкімшілік хаттама жасалды. Ал биыл I жартыжылдықта 13 млн теңге көлемінде 16 әкімшілік хаттама жасалды, – деді Алмагүл Жұмаханқызы.
Бұл орайда Үкімет те мәселенің барын жасырмайды. Аталған олқылыққа байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова байланысқан болатынбыз. Депутат медициналық өнімдердің жүйесіз нарығын реттеу бір күндік іс емес, үнемі бақылауды қажет етеді дейді. Сондай-ақ бұл тұрғыда депутаттық сауалдар жолдағанын да жеткізді.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда антибиотиктерді халыққа рецептсіз сатуға ресми түрде тыйым салынған. Бірақ мұнда үлкен мәселе бар. Көптеген дәріхана иелері ережелерді ұстанбайды. Миллиондаған теңге пайда табуы үшін дәрі-дәрмектерді, атап айтқанда антибиотиктерді рецептсіз сататын жағдай көп. Бұл антибиотиктерді бақылаусыз қолдануға әкеледі, – дейді Гүлдара Нұрымова.
Бақылауға басты кедергі – интернет-дүкен
Антибиотик нарығының екінші даму траекториясы – интернет-дүкендер. Бүгінде онлайн сауда белең алған шақта интернет-дүкен арқылы кез келген затты үйге дейін алдыруға болады. Оның ішінде медициналық препараттар да бар. Әсіресе, kaspi.kz, satu.kz, wildberries.ru, яндекс-маркет, i-teka.kz, provizor.kz, ozon.kz, kz.apteka.com, daribar.kz секілді электронды сауда алаңында антибиотиктің түр-түрі бар.
Дегенмен қоғам белсенділері мен сала мамандары аталған платформаларда халықаралық талап пен ел заңындағы міндеттеме сақтала бермейтінін айтып отыр. Тіпті антибиотикті онлайн дүкеннен сатып алу мүмкіндігі дәрінің импорт көлеміне әсер етті деген де болжам бар. Ал дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакова рецептсіз сатылмауы тиіс тауарды заңсыз саудалау басты мәселеге айналып отыр деген пікірде.
– Нарықты жүйелеу қажет. Мысалы, кей науқас дәріханадан антибиотиктің рецептсіз сатылмайтынын біліп, маркетплейстерден – интернет-дүкендерге тапсырыс береді. Ал онда тиісті ереже сақталып жатқан жоқ. Кей антибиотиктің тұсында «рецептсіз сатылмайды» деген айдар болғанымен, ол талаптың ескерілгенін көргеніміз жоқ, – дейді Алуа Қанатқызы.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми мәліметінше, аталған электрондық сауда алаңдарына дәрілердің тіркеу куәлігі, сәйкестік сертификаты және т.б. маңызды талапты енгізу қолға алынған. Ол үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сатуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер әзірленіп жатыр.
Шешім жолы қайсы?
Қазақстанда антибиотиктер қолданысы мен нарығына әсер бақылауға арналған арнайы Жол картасы бар. Толық атауы– «Микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі ҚР-ның 2023-2027 жылдарға арналған» Жол картасы. Бұл құжатта алдағы 5 жылда салада болатын өзгеріс пен бақылау толық қамтылған. Соның ішінде ДДСҰ-мен бірлесіп антибиотиктерді оңтайлы пайдалануды насихаттау, ұлттық клиникалық хаттамалар мен халықаралық зерттеулер негізінде микробқа қарсы препараттарды рационалды қолдануды жүйелеу жоспары жасалған. Әсіресе, кең қолданыла бастаған антибиотиктер дерегін жыл сайын ДДСҰ-ның Еуропалық бюросына өткізу міндеті де қарастырылыпты.
Дәрігер-клиникалық фармаколог Алуа Искакованың айтуынша, аталған Жол картасы аясында дәрігерлердің антибиотикті тағайындау ережесі белгіленсе әрі онлайн-дүкендегі талап қатаңдаса, көп мәселе шешімін табуы мүмкін. Сондай-ақ маман антибиотиктер саудасын жүйелеген Еуропа тәжірибесіне де иек артуды жөн санайды. Ал Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың сөзінше, Үкімет бірқатар қадам жасауы шарт. Олардың қатарында жүйелі мониторинг жүргізу, дәрігерлердің біліктілігін арттыру міндеті бар.
Қорытындылай келе, антибиотик нарығын реттеудің бірнеше тиімді тетігі барын байқаймыз. Солардың бірнешеуіне назар аударайық.
Алдымен Денсаулық сақтау министрлігі фармацептикалық компаниялар мен жергілікті дәріханалардағы дәрі-дәрмектерді, әсіресе антибиотиктерді рецептсіз сату фактісін анықтау үшін жүйелі мониторингті азайтпауы керек деген пікірдемін. Бұл орайда Ұлыбритания мемлекетінің антибиотик саудасын бақылау тәжірибесі шешім бола алады.
Сондай-ақ министрліктің рецептсіз және қатаң рецепт бойынша сатылатын дәрі-дәрмектердің реттелген тізімін жүйелеуі маңызды. Оған қоса Үкімет дәріханалардағы антибиотик саудасына қатысты жауапкершілікті күшейту керек. Бұл ретте шетелдің антибиотиктер саудасын шектейтін тәжірибесін алуға болады (АҚШ, Ұлыбритания). Оның ішінде «көлеңкелі нарықтың» жолын кесу, антибиоктерді заңсыз әрі талапқа бағынбай сатқан кәсіпкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту әрекеттері бар. Сонда ғана науқас кез келген дәрі дәрмекті ала алмайтынын біліп, дәрігерге қаралуға мәжбүр болары анық.
Кейінгісі, елімізде инъекциялық түрдегі бактерияға қарсы препараттардың үлкен үлесі бөлшек сауда арқылы сатылады. Ал дамыған елдерде бұл тек стационарлық емдеу деңгейінде жүзеге асады. Осы тәжірибені қолданысқа енгізуді қарастыруға болады деген пікірдемін.
P.S. Бірнеше ай өтсе де Зада Жаңатайдың сыр берген денсаулығы әлі оңалған жоқ. Айтуынша, қан қысымы төмен, бас ауруы үдеген. Антибиотикті бақылаусыз қабылдау, медицина мамандарының салғырттығынан болған келеңсіз жайттан сабақ алып, толық емделуге көшкен. Бастысы, болашақта антибиотик қабылдар сәтте алдын ала тексерістен өтіп, білікті дәрігерге ғана сенім артамын деп отыр.
Ерсін ШАМШАДИН
Бұл материал Solutions JournalisminMedicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділсөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!