Лейкемия немесе қан обыры – сүйек кемігінде болатын қатерлі ауру. Онколог Мадина Мирзаеваның айтуынша, бұл дерт жедел не баяу дамуы мүмкін, алғашында белгілері де байқалмайды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Лейкемияның бастапқы белгілері көбіне жай шаршау немесе маусымдық аурулар секілді көрінуі мүмкін. Адам мына белгілерге назар аударғаны жөн: тез шаршау, әлсіздік, жиі суық тию, тері бозаруы, қызыл иек қанауы немесе көгеруі.
«Бұл белгілерді анемия, витамин жетіспеушілігі немесе шамадан тыс шаршаумен шатастыру оңай. Лейкемияға күдік болған жағдайда нақты зерттеулер тағайындалады: толық қан талдауы, сүйек кемігін пункциялау және цитогенетикалық тесттер», – дейді Мадина Мирзаева.
Бүгінде ауруды емдеуде тиімді әдістер қолданылады: химиотерапия, таргет препараттары, иммунотерапия және сүйек кемігін трансплантациялау.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!