«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова халық тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1. МӘМС жүйесіндегі сақтандырылу мәртебесін қалай тексеруге болады?
Telegram-дағы Saqtandyru-bot, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы, egov.kz электрондық үкімет сайты және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы тексеруге болады.
2. Сақтандырылмаған пациент емханаға тіркеле ала ма?
Иә тіркеле алады. Бірақ тек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлеміне (ТМККК-ге) кіретін медициналық көмектерді ғана ала алады.
3. Сақтандырылмаған жұмыссыз жүкті әйелге сақтандырудың жеңілдікті мәртебесін алу үшін не қажет?
Учаскелік дәрігер немесе акушер арқылы жүктілік бойынша есепке тұру қажет.
4. Егер адам медициналық қызметтерді пайдаланбаса МӘМС жарналарын төлеуден бас тартуға бола ма?
Жоқ, МӘМС жүйесіндегі жарналар жеңілдікті санаттарға жататын және жарналардан босатылған адамдарды қоспағанда, барлық азаматтар үшін міндетті.
5. Шетелдіктер МӘМС бойынша медициналық көмек ала ала ма?
Иә, тек тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер, ЕАЭО елдерінен көшіп-қонушы жұмыскерлер және олардың отбасы мүшелері медициналық көмек ала алады.
6. Сақтандырылмаған пациенттер емханадан тегін дәрі-дәрмек ала ала ма?
Иә, тек ТМККК-де ұсынылатын дәрілер тізімінен ғана алуға болады.
7. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға күтім жасайтын азаматтар мемлекет жарна төлейтін азаматтардың жеңілдікті санатына жата ма?
Иә, мүгедек балалар және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын, бірақ жұмыс істемейтін адамдар мемлекет жарна төлейтін азаматтардың жеңілдікті санатына жатады.
8. Жұмыс берушілерге қандай санаттағы азаматтар үшін МӘМС-ке төлемдер төлеудің қажеті жоқ?
15 жеңілдік санаты бар азаматтар үшін МӘМС жарналары мемлекет тарапынан төленеді. Жұмыс беруші соның ішінде 5-еуіне жарна аудармайды, олар – балалар, зейнетақы төлемдерін алушылар, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитындар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» және «Батыр ана» марапаты иелері, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар.
9. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қанша ақша жиналғанын қайдан көруге болады?
МӘМС жүйесі – жинақтаушы жүйе емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – әлеуметтік жүйе, сәйкесінше, азаматтарға жинақталған жарналары мен аударымдардың мөлшеріне қарамастан, медициналық қызмет бәріне бірдей көрсетіледі. Бұл дегеніміз, пациенттер МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге теңдей қол жеткізе алады деген сөз, яғни оларға толық көлемде медициналық көмек көрсетіледі.
10. МӘМС үшін артық немесе қате есептелген қаражатты/жарналарды/айыппұлдарды қалай қайтаруға болады?
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына өтініш жазып, төлемді растайтын құжаттарды тіркеу қажет. Өтінішті қарау 15 жұмыс күнінен аспайды. Төлем қандай түрде жүргізілсе, дәл солай қайтарылады. МӘМС бойынша соңғы төлемнің сомасы мен күнін egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетте, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында, Telegram-дағы @SaqtandyryBot арқылы тексеруге болады.
Еске салайық, Медициналық сақтандыру қорына өтінішті кез келген кері байланыс арнасы – 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы, Telegram-бот @SaqtandyryBot және fms.kz ресми сайты арқылы қалдыруға болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!