Жұқпалы індет өршіп барады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел штаб отысырында аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мәселелерін талқылап, қатаң тапсырма берді.
Өңірде вирустың тәулігіне 100-ден астам жағдайы анықталып отыр. Ахуал күрделі, сақтық шараларын қатаң түрде күшейту қажет.
– Республика бойынша жаңа үнділік «Дельта», оған қоса «Дельта плюс» штамы тіркеліп, қазіргі таңда біздің облысымызда кең таралуда. Жағдай өте ауыр. Былтыр осы кезеңде, облысымызда коронавирус инфекциясынан өлім-жітім саны көп болғаны белгілі. Биыл сол қайтыс болған адамдардың жылдық «астары» өткізілуде және тойдың да тыйылмай тұрғаны туралы мәліметтер түсуде. Күні кеше Қызылорда қаласындағы «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрамханаларында отбасылық шаралар өткізілген. Алайда, бұл мониторингтік топтардың назарынан тыс қалған. Дәл осындай жиын-тойлар аудандар көлемінде де аз болып жатқан жоқ. Сондықтан мониторингтік шаралардың жұмысын қатаң түрде күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова осы жылдың наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін сәуірде ауру саны күрт өсіп, тәуліктік тіркеменің артқанын айтты. Мұнан бөлек, департамент басшысы әлі де екпе алмаған жекелеген санатты азаматтардың вирус жұқтыру қаупі жоғары екенін, ал ұжымдық вакцина алған қызметкерлердің аурушаңдық деңгейі төмендеп келетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Қызылорда қаласында аурушаңдық көрсеткіші жоғары болуы себепті Қызылорда қаласы үшін жаңа қаулы қабылданып, күшейтілген түрде сақтық шаралары енетінін хабарлады. Сонымен демалыс күндері қарым-қатынасты мейлінше шектеу белгіленіп отыр.
Ал, облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанның айтуынша, өңірдегі мониторингтік топтардың жұмысын ширата түсу үшін олардың құрамына тәжірибелі сала басшыларын қосып, бақылауды күшейту қажет.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазылов жүктеменің артуына байланысты коронавирус індетін емдеуге арналған инфекциялық төсек-орын саны 3 есеге ұлғайғанын мәлімдеді. Бүгінде 1820 төсек-орын ұйымдастырылған. Қажеттілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 518 орын орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. Үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Олар науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды.
Облыста вакцина салынуға тиіс 401 мың тұрғын болса, соның бүгінде І компонентін 211 445-і алып үлгерді, II кезеңді салдыру кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда вакциналаудың 106 кабинетіне 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған.
Басқарма басшысы осы ретте аймақтағы емдеу орындарында төсек- орын қоры жеткілікті екенін айтып, кеселді уақытылы анықтап, қажетті ем-дом шараларын қабылдауға шақырды.
Жиында облыс әкімі дәрі-дәрмек мәселесін саралады. Облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалима Азирова апта сайын коронавирустық инфекцияны амбулаториялық емдеу кезінде пайдаланылатын сұранысқа ие 10 дәрілік заттың мониторингі жүргізіліп, қызуды түсіретін, қабынуға қарсы, антикоагулянттардың 2 айлық мөлшері жасақталғанын, қажет болған жағдайда қор толықтырылатынын хабарлады.
Бұл ретте облыс әкімі керекті дәрілердің ауылдар мен қала шетіндегі дәріханаларға уақытылы және қажетті мөлшерде тұрақты түрде жеткізілуін қадағалауды тапсырды.
Штаб отырысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов «Ashyq» жобасына кәсіпкерлерді белсенді түрде тарту жұмыстары туралы баяндады. Бүгінде 252 нысан «Ashyq»-қа енген.
Облыс әкімі жедел штаб отырысында айтылған әрбір маңызды мәселе бойынша тиісті тапсырма берді. «Ashyq» жобасына қатысуды белсенді жүргізу, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл анықтап, індеттің таралуына жол бермеу сынды барлық қорғаныс амалдарын күшейтуді міндеттеді.
– Қазіргі таңда вакциналау мәселесіне басты назар аударылуы тиіс. Өйткені, ол – аурудан қорғанудың бірден-бір жолы. Мұнан бөлек, төсек орынмен қамту, реанимациялық бөлімдердің дайындығы аса маңызды. Сондай-ақ, үйде емделіп жатқан науқастардың толыққанды ем алуын қамтамасыз ету қажет. Жағдайды ушықтырып алмас үшін күнделікті қадағалауды тапсырамын. Барлық жұмыс тұрақты бақылауда болсын, – деді облыс әкімі.
Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!