Елімізде барлық ауыл тұрғыны 1 шілдеден бастап медициналық тексерістен өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бірқатар облыс ауданы мен моноқалаларының бас дәрігерлерімен кездесу барысында айтты.

«Негізгі медициналық, инфрақұрылымдық, технологиялық ресурстар қалаларда шоғырланған жағдайларда ауыл тұрғындары әлі де білікті медициналық қызметтер, мамандандырылған көмек алуда қиындықтарға тап болады. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір өмір үшін күресу, адам қай жерде тұрса да, ол біздің пациент болып қала береді, ал дәрігер оған ең қажетті көмек көрсетуі тиіс»,― деді ол кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде.

Министрдің айтуынша, көптеген проблеманың тарихи тамыры бар, олар жылдар бойы созылып, бүгінде денсаулық сақтау саласына үлкен жүктеме түсіруде. Бұл кадр тапшылығы, медициналық объектілердің физикалық тозуы, жол-көлік қатынасының әлсіздігі, ауылда медициналық техникамен жарақтандырудың төмендігі.

Осыған байланысты, Министрлік ауыл тұрғындарын бастапқы диагностикамен қамтуды арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды іске асырып жатқанын, ол үшін барлық жастағы ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеру жүргізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленгенін хабарлады. Тексеріс 1 шілдеден бастап іске қосылмақ.

Бұдан басқа, ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі, медициналық көмек көрсету стандарттары қайта қарастырылып, көлік медицинасының арсеналы күшейтіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!