Шығыс Қазақстан облысында соңғы үш аптада кене шаққан тұрғындар саны 5 есеге артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен айдың аяғына қарай өңір бойынша 229 адамды кене шақса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш бес есеге артып отыр.
«Сәуір айының басынан бері эндемиялық аумақтарда кене шаққандар саны 1 мыңнан асып кетті. Зардап шеккендердің басым бөлігі, яғни 653 адам – Өскемен қаласының тұрғындары. Сондай-ақ Риддер, Глубокое, Катонқарағай, Шемонаиха және Алтай аудандарында кене шаққандар көп. Ал ең аз көрсеткіш Ұлан, Зайсан және Көкпекті аудандарында тіркелген», – делінген ақпаратта.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене шағып медициналық көмекке жүгінгендер саны 6,7 пайызға өскен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!