Шымкентте туберкулезбен науқастанған ұстаздың жағдайы тұрақты. Бұл туралы Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласында туберкулезбен науқастанған мұғалім оқушыларға сабақ беріп келген.

Кешегі күні №33 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылды. Қазіргі таңда науқас ауруханада оқшауланып, ем алуда. Жағдайы тұрақты.

«Шымкент қаласындағы №33 жалпы білім беру орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімінен туберкулез ауруының ашық түрі анықталуына байланысты мектепте қорытынды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Оқушылар қалыпты жағдайда оқуларын жалғастыруда. Мектепте науқаспен байланыста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның басқармалары аурудың алдын алу бағытындағы және індетке қарсы іс шараларды жалғастыруда» – делінген Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!