Фото: centr-12shagov.ru

Бүгінде зиянды әдет, қоғамдық індет – синтетикалық есірткі. Өкініштісі сол, бұл жағдай жасөспірімдердің арасында кеңінен таралуда. Күн сайын заңсыз айналымнан есірткі тәркіленгені туралы жаңалықтарды естиміз. Синтетикалық есірткінің мефедрон, пировалерон, амфетамин, метадон сияқты түрі бар. Жасөспірімдердің есін алған есірткі қазір бәрімізді алаңдатуда.

Синтетикалық есірткі деген не? Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі – химиялық жолмен жасалған, адамды физикалық және психикалық тұрғыдан тәуелді етіп қоятын қасиетке ие психобелсенді зат. Қауіпті химиялық қосынды құпия зертханаларда астыртын жасалады әрі арзан тұрады. Синтетикалық есірткіні пайдалану инені қажет етпейтіндіктен, оның дәмін татып көрген адам бірден тәуелділіктің төте жолына түседі. Ал бұған құл болған жанның, қайта азаттық алуы өте қиын.

2023 жылдан бері 75 жасырын зертхана жойылды. Министр есірткі тарататын жастарға жазаны жеңілдетуді сұрады. Егер қылмыс бірінші рет жасалып, кінәлі адам, тергеу органдарымен белсенді жұмыс істесе, онда оларды жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылады. Биыл кәмелетке толмаған 6 бала сотталып, тағы 26 жасөспірім заң алдында жауапқа тартылған. Жалпы 10 айда есірткі қылмысымен 3 мыңнан астам адам сотталды. Олардың 11-і құқық қорғау қызметкері.

– Қазір есірткі зертханаларын ұйымдастырушылар “есірткіні өткізу” мақсатында бір топ адаммен және аса ірі көлемде әзірлегені және қайта өңдегені үшін жауапкершілікке тартылады, санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ұсынылатын түзетулерде осы әрекеттер 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру дәрежеленетін болады, – дейді ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Дәрігерлердің айтуына қарағанда, химиялық препараттар орталық жүйке жүйесі жасушаларын едәуір зақымдап, ойлау жүйесіне кері әсер етеді, есте сақтау қабілетін жояды. Ұйқыға да кері әсер етеді. Тіпті есірткіге тәуелді адамдардың көбі бір айдан астам уақыт бойы дәрісіз ұйықтай алмайтын жағдайға түседі.

Бұл өсімдік есірткілерден де қауіпті. Өсімдік есірткісін пайдаланып көргендердің ішінде жүре келе ес жиып, зиянды заттан біржола бас тартып, дұрыс жолға түскендер бар. Ал синтетикалық есірткіні бір рет пайдаланған адамның бас тартуы қиын. Мұның дәмін татқан адамға жоқ жерден ерекше қайрат бітеді. Алдамшы сезімге бөленеді. Бірте бірте галлюцинация пайда болып, көзіне түрлі құбыжықтар елестеп, әр сәті азапқа айналады. Есірткіге тәуелді адамдарда жақынына, тіпті туған анасына деген жанашырлық сезім болмайды.

Мұны тұтынып жүргендердің дені қазақтың қара домалақ балалары. Жасөспірімдер улы заттың бүркеме жарнамасын әлеуметтік желілерден оңай табады. Жарнамаларын да ғимараттардың сыртында түсініксіз етіп жазып кетіп жүр. Тәртіп сақшылары алдын алу шараларын жасауда. Дегенмен ата-ана да, ұстаз да сақ болуы керек.

Мен замандастарымды есірткіден аулақ болуға шақырамын. Өмірдің жақсы жақтарын көру үшін, біз ең бірінші денсаулығымыз мықты болуы керек. Қай елдің жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, сол елдің болашағы жарқын болады. Біз жасбуын өзімізге артылған сенімді ақтап, салауатты өмір салтын таңдайық!

Самал ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!