Скрининг белгілі бір жас тобына кіретін, бірақ бақылауда тұрмайтын халықтың созылмалы ауруын, т.с.с. мәселелерін ерте анықтауға бағытталған. Скринингтен кім өтуі керек және ол қалай өтеді деген сауалға №36 қалалық емхананың дәрігері Қарлығаш Қалиева жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

30-70 жас аралығындағылар

30-70 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер жас ерекшелігіне (жұп жастағы) сәйкес екі жылда бір рет артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және мінез-құлықтық қауіп факторын анықтау үшін тексерістен өтуі қажет.

40-70 жас аралығындағылар

Сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында 40-70 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет тексеріледі, ал жатыр мойны обырын диагностикалау үшін 30-70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын скринингтен өтеді.

50-70 жас аралығындағылар

Колоректалды обырға тексеру 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер арасында екі жылда бір рет жүргізіледі.

Ерекше қауіп тобына гемодиализ, онкология, гематология және трансплантология орталықтарында ем қабылдап жүрген науқастар жатады. Сонымен қатар, жүкті әйелдер, В және С вирустық гепатиттерін жұқтыру қаупі жоғары халық тобы ерекше бақылауда болады.

Скрининг кезеңдері

Скрининг бірнеше кезеңнен тұрады:

  • Дайындық кезеңінде медицина қызметкері сауалнама жүргізіп, бойды, салмақты, артериялық қысымды өлшейді, сондай-ақ, капиллярлық қандағы қант пен холестерин деңгейін экспресс диагностикадан өткізеді.
  • Бірінші кезеңде алынған дерек талданып, ауытқу анықталған жағдайда науқас екінші кезеңге, яғни қосымша тексеріске және нақты диагноз қоюға жіберіледі.
  • Қорытынды кезеңде зерттеу нәтижелері талданып, анықталған ауруы бар науқастар диспансерлік есепке қойылады, олар тиісті денсаулық сақтау мекемесіне жіберіледі және скрининг нәтижелері туралы хабарланады.

«Тексерістен жүктілік, ауру немесе басқа да себептерге байланысты өте алмасаңыз, белгіленген кезеңді сақтай отырып, оны келесі жылы өтуге мүмкіндік беріледі. Скринингтен тұрақты өтіп тұру қауіпті ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді, бұл кезде емдеу тиімді болып, асқыну қаупі барынша азаяды. Денсаулыққа қамқорлық профилактикадан басталады!» – деп ескертті маман.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!