Скринингтік зерттеу – бұл ауруды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымы жоқ адамның медициналық тексерілуі.
Скрининг қоғамдық денсаулықты сақтауға бағытталған. Одан өту – әр азаматтың міндеті. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерінің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауға, оның ішінде асықпай тексерілуден өтуі үшін жұмыстан босатуға міндетті.
Скринингтен өту үшін пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет.
Скринингтік зерттеуден кімдер өтуі керек?
Скринингті тексерулерде қарастырылған белгілі бір жас тобына кіретіндер өтеді. Мысалы, жатыр мойны обырын скринингтен 30-70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет өтеді. Егер осы жылы науқас скринингтен өту үшін тізімге енгізілсе, учаскелік медбике оны скринингке шақырады және тексеруге қалай дайындалу керегін айтады.
Скринингке жататын ауруы бойынша «Д» есепте тұрған адамдарға тексеру жүргізілмейді.
Скринингтік зерттеуді кім жүргізеді?
Скринингті тіркелген жері бойынша емханалар жүргізеді.
Ауылдық жерде тұратын пациент үшін олардың медициналық ұйымдарынан басқа (медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулатория, емхана және аудандық аурухана) жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық поездар скрининг жүргізеді.
Скринингтік зерттеулерді жүргізу кезеңдері.
Скринингтік зерттеу жүргізу мыналарды қамтиды: дайындық кезеңі, қарап-тексеру және (немесе) зерттеу кезеңі, қорытынды кезең.
Дайындық кезеңін емханада медбике жүзеге асырады және мыналарды қамтиды:
– скринингтік зерттеуден өту қажет азаматтың тізімін жасау;
– бұл азаматтарды скринингтік зерттеуден өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету;
– халықты скринингтік тексеруге шақыру;
– халықтың скринингтен уақытылы өтуін бақылау.
Содан кейін тексеру кезеңі жүргізіледі – бұл учаскелік дәрігердің, бейінді маманның, медбикелердің қабылдауы, сондай-ақ скринингтік зерттеу түріне байланысты зертханалық және диагностикалық зерттеулер.
Қорытынды кезең толық тексеруді және анықталған патологиясы бар адамдарды динамикалық бақылауға қоюды қамтиды. Скринингтің нәтижесі медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі, ал пациент толық тексеру және бақылау бойынша ұсыным алады.
Қарап-тексеру барысында анықталған созылмалы ауруы бар адамдар есепке қойылады және динамикалық бақылауда болады. Ауру анықталған кезде тексеру жүргізіледі, толық сауыққанға дейін пациенттің денсаулық жағдайын бағалау арқылы емдеу тағайындалады.
Скринингтік зерттеу денсаулықты сақтау үшін өте маңызды, өйткені олар аурудың дамуын уақытылы анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды осы мүмкіндікті өткізіп алмай, емхана шақырған скринингке уақытында келіңіздер дейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!