Солтүстік Қазақстан облысында биыл пневмония балалар арасында жиі тіркеліп жатыр. Сырқаттанғандардың 87%-ы – 12 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде 1 қазаннан бастап пневмония диагнозы 474 адамға қойылған. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27%-ға көп, былтыр 373 жағдай тіркелген. Бір ерекшелігі – биыл өкпенің қабынуы балалар арасында белең алған. 12 жасқа дейінгі 412 бала ауырған, бұл – сырқаттанғандардың 87%-ы. Соның ішінде, 1 жасқа дейінгі 102 сәби пневмониямен ауруханаға түскен. Ал, жүкті әйелдердің үшеуі ауырған.
«Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бойынша мектептер немесе сыныптар карантинге жабылған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада бір мектептің бір сыныбы ғана оқшауланды», – дейді Әсет Жұматаев.
Өңірдің бас санитариялық дәрігері жұқпалы аурулардан сақтану үшін халық көп жиналатын орындарда – әуежайлар, теміржол вокзалы, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктерде, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе мата маскаларын тағуды ұсынды.
«Қазіргі уақытта біз респираторлық инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуін байқап отырмыз. Облыста тұмау да, КВИ де бар. Қазір мерекелік кештер уақыты, алда демалыс күндері келеді, сондықтан ауырған жағдайда барлығын үйде отыруға, көпшілік жиналатын жерлерге бармауға, басқа адамдарға жұқтырмауға шақырамын. Сондай-ақ, адам көп жиналатын жерлерде дұрыс маска тағуды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды, қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жууды, антисептиктер қолдануды ұсынамын. Бөлмелерді үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізіңіз», – дейді Әсет Жұматаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!