Қызылорданың шет аймағында орналасқан Титов қыстағында 400 орындық емхананың іргетасы қаланды. Салтанатты рәсімге еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысып, Сыр медицинасының дамуына оң бағасын берді.

Алғаш сөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған нысанның ең қажет жерге салынып жатқанын, алдағы уақытта бұл маңда өндіріс орындары да салынатынын тілге тиек етті. Мұнда көпқабатты жаңа тұрғын үйлер де бой көтеріп, шет аймақтың тұрғындары шет қалмайтынын әлдеқашан ұғынған. Ал Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Сырдағы медицинаның қашан да алдыңғы қатарда екенін жеткізді.

– Еліміздің ең басты байлығы – адам. Демек, адамдардың денсаулығы да бірінші орында екені анық. Республика бойынша 800-ден астам медицина нысаны бой көтерсе, соның 650-ден астамы ауылдық жерде салынуда. Ал оның 270-і елді мекендерде бұрын-соңды болмаған нысан. Қазір шет аймақтар мен ауылдық жерлерге баса назар аударылуда. Республика бойынша 32 ауданаралық аурухана салынса, соның 4-еуі Қызылордада салынды. Әрі оны Қызылорда облысы бәрінен бұрын салып бітірді. Екі-үш жылдықтың көлемінде 8 периниталдық орталық салыну керек болса, оның біреуі – Қызылордада. Сол жағалаудан бой көтергелі жатыр, – деді Ақмарал Әлназарова.

Осылайша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламент депутаттары бастаған топ Титов қыстағындағы жаңа емхананың іргетасын қалады.

Осы жағдайдың куәсі болған тұрғын Сәуле Омарова да қуанышын жасырмады. Жаңа емдеу мекемесі салынып, пайдалануға берілгеннен кейін ұзынсонар кезектен де құтыламыз деп отыр.

– Біз осы мәселеде қатты қиналатынбыз. Енді кең, зәулім сарайдай бөлмеге ешқандай кезексіз баратын күн де келер. Көптен күткен қуанышымыз бұл. Көпшілігіміз Шанхайдағы емханаға ат арытып баратын едік, енді барлық тұрғын бір емханаға қарайтын күн де жақын, – деді ол.

Жергілікті дәрігерлер де халықпен бірге қуанып жүр. Мұндағы №5 қалалық емхананың бас дәрігері Сағидулла Рысалдиев көне ғимараттың кемшін тұсы көп екенін жеткізді.

– Негізі емханаға арналып салынбағаннан кейін жағдай түсінікті ғой. Бөлмелер тар, тіпті біздегі дәрігерлер сыймағаннан соң Шанхайдағы емханаға бөлініп жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың ең көп қоныстанған жері. Нағыз керек жеріне салынып жатыр. Бізде 350 қызметкер жұмыс істейді. Барлық талапқа сай жаңа ғимаратқа қол жеткізетін күнді асыға күтеміз, – деді ол.

Мұнан соң облыс әкімі мен еліміздің бас дәрігері бастаған топ сол жағалаудағы 500 келушіге арналған емхананың капсуласын салуға, «Orhun Medical» медициналық орталғының ашылуына және Президент паркіндегі жаңа периниталадық орталықтың капсуласын салуға қатысты.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!