Сән – мәдени өмірдің ең үлкен бөлігі. Сән тенденциясы жастарға үлкен әсер етеді. Қазіргі дамыған заманда татуировка мен пирсинг жасөспірімдерден бастап ересектерге дейін «өзін-өзі ерекшелеудің» ең сәнді тәсіліне айналды. Сәнді кино жұлдыздары, әншілер мен әлеуметтік желілердегі посттар бұның танымалдылығын арттырды. Жастар басқаларға ұқсамас үшін денелеріне әртүрлі бейнелерді салдырып, дененің әртүрлі бөліктерін тесіп, сырға тағып, пирсинг жасата бастады. Бүгінде осындай сән түріне тәуелділік артып, адамдар тек бір сырға тағу мен татуировкаға қанағаттанбайтын болды. Тұтынушылар бұл таңғажайып сәннің ақылға қонымды негізі мен мәні бар деп ойлайды.
Тату – теріні инемен тесіп, жасуша ұлпасына бояуды енгізу арқылы денеге өшпейтін сурет бейнелеу. Тарихқа көз жүгіртсек, татуировка 60 мың жыл бұрын Египетте пайда болған. Ертедегі алғашқы қоғамда да ежелгі адамдар өз денелеріне сурет салып, олардың өзіне сиқырлы күш сыйлайтынына, шайқастарда қорғайтынына сенген.
Соңғы бірнеше жылда еліміздегі тату саласы Шығыс пен Батыс елдерінің ықпалына түсіп келеді. Уақыт өте келе татуда біз білмейтін көптеген бағыттар мен стильдер пайда болды. Бүгінде татуировка салдыру танымалдылығы күннен-күнге артып келеді. Тату салондарында әртүрлі жастағы, әртүрлі саладағы адамдар денелерінің қалаған бөлігіне түрлі стильде суреттер салғызады.
Адамдар өзі үшін татуировка қажет пе, жоқ па соны шешіп алуы керек. Себебі ол өмір бойы сақталады. Тату алуан түрлі болады. Мысалы, хнамен салы­на­тын тату. Ол өте қауіпті. Хна зиян емес, деген­мен оған қосылатын бояғыштардың зияны бар. Мұндай татуировка түрлі заттарға аллергия туды­рып, демікпе ауруына шалдықтырады. Тері астына енгізілген бояу бөлшектері қабыну процесін туды­руы мүмкін – герпетикалық бөртпелер, іріңді безеу­лер. Дәрігерлер кейбір татулар бүйрек ауруын тудыруы мүмкін дейді. Егер тату жасайтын құрал дұ­рыс тазартылмаса, қан арқылы берілетін ауру­ларды немесе АИТВ инфекциясын жұқтыруы ықти­мал.
Пирсинг – дененің әр түрлі бөліктерін тесіп, сыр­ға тағу. Бұрын жұлдыздар, рокерлер, готтар көпшіліктен ерекшеленіп тұру үшін пирсинг жасат­қан. Соларға қарап жанкүйерлер де денелерін тестіріп, пирсинг жасата бастады. Қазіргі таңда бұл да татуировка сияқты көпшіліктің сұранысына ие. Негізінде пирсингтің анау айтқандай қаупі жоқ. Өйткені ол кәсіби тесік кезінде қатты ауырсыну ту­дырмайды және қан айналымына әсер етпейді. Құлақты тесу эстетикалық тұрғыдан жағымды, бірақ қасты, иекті, тілді тесу қорқынышты әрі қауіпті.
Психолог мамандардың айтуынша, бұндай қа­дам­ға барудың себебі әр түрлі. Адам татуды қана­ғаттанбаудан, жан күйзелісінен, өмірлік ұстанымын таныту үшін, жанына жақын адамның көңілін аудару, көпшіліктен даралану мақсатында салдыруы мүмкін немесе ішкі дүниенің жетілмеуі, бала кездегі көңілге түскен қаяумен де байланыстырады. Тіпті өзінің тәнін жаралау арқылы жаны жаралы екенін көпшілікке ұғындыруы мүмкін дейді. Кейде косметикалық қажеттілік ретінде жарақат орнын немесе ота тігісін көмескілеп, білдіртпеу үшін салдырады. Бұзақы топтар мен түрмеге отыр­ғандар үшін статусы мен күш-ерекшелігін көрсетудің нышаны болып саналады. Қалай дегенмен де біз тізген барлық себептерге ортақ дүние – қоғамның көңілін өзіне аудару деуге болады. Көбіне жет­кіншектер өтпелі кезеңде, ересектер ішкі эмоциясы мен позициясын айналасына таныту ниетінде жа­сатады, дидактикалық толысу шағына жеткенде албырт ісіне бір сәт болса да өкінеді.
Татуировкаға ислам дінінде қатаң тыйым салын­ған. Өйткені Алланың өте көркем түрде жарат­қан тәнін өзгерту құпталмайды. Негізінде адам баласы мұндай жаман істерге шайтанның азғыруымен барады. Бұл туралы Алла тағала Құранның «Ниса» сүресінің 119-аятында ескерткен. Денеге сурет салу немесе салдыру сияқ­ты мәселелердің негізі исламнан бұрын бол­ған. Яғни жәһилиет дәуірінде кейбір адамдар пұт­тарының суреттерін кеуделеріне, қолдарына сызып алатын. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Денеге сурет салғанға да, салдырғанға да Алла елшісінің лағнеті болсын» деу арқылы қатаң түрде сурет салуға болмайтынын ескерткен.
Осындай тату мен пирсинг жасамас бұрын оның қандай зияны барын ойлаған жөн болар.

Жансая УӘЛИҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!