Біршама уақыт нәр татпау ағзаға зиян тигізуі ықтимал. Тіпті уақытылы тамақ ішпеу өт жолына тас жиналу, асқазанда жара пайда болуына әкелуі мүмкін. Әсіресе, мұндай қиындық арықтауды мақсат еткен нәзікжандыларда көп кездеседі. Алайда тамақ жеуді тоқтатса, дене бітімі қалып­қа келеді деген жансақ пікірге арбалған арулар қандай қателікке барғанын кеш түсінеді. Сол себепті таңғы аста тойымды тамақ жеуді әдетке айналдырсаңыз, ұтылмасыңыз мүмкін.

Арықтаудың сан жолын игерген мамандар тамақты аз жеп, газдалған сусыннан бас тарту ең пайдалы кеңес екенін айтуда. Сонымен қатар диета ұстамас бұрын алдын-ала дәрігерге көрініп, барлық тексерістен өтіп, дәрігердің рұқсаты арқылы шешім қабылдаған жөн. Осы орайда №3 қалалық емхананың гастроэнтеролог дәрігері Гүлзира Кенжебаевадан ас қорытудың маңызы, бауырдағы тасты отасыз түсіру, асқазандағы жарадан арылу жолы туралы бірер кеңес сұраған болатынбыз.

– Адам өз тіршілігіне қажетті қоректік заттарды тамақтану арқылы алады. Жеген тамақ сол күйінде бойға сіңбейді. Сондықтан ол ас қорыту мүшелерінде қорытылып, ыдырап, соның нәтижесінде пайда болған заттардан организм өзіне тән бейімделген заттарды құрайды. Жеген  тамақ ауыз қуысынан тік ішекке дейін баратынын білеміз. Ас ауыз қуысында, одан соң асқазан, содан кейін он екі елі ішек, ащы ішекте біртіндеп қорытыла  сіңіп, ақырында қажетсіз қалдық заттарды шығарады. Жеген тамақ белгілі бір жылдамдықпен ас қорыту мүшелерінің қабырғасындағы еттердің жиырылуына байланысты бір бағытта жылжиды. Тамақты жылдам жеуге де болмайды. Егер асығып жейтін болса, онда ол қорытылып үлгермейді. Сондықтан да дәрігер ретінде дұрыс тамақтану керегін әрбір келген науқасқа түсіндіріп келемін, – дейді маман.

Бүгінде өт жолында ақауы бар науқастар көп. Басым дені дәрігер жағалап, түрлі емдік шара қолдануда. Алайда барлық ем-дом бәрдей нәтиже бермейді. Науқастың ахуалына байланысты емдік шара да сан құбылады. Мәселен, бауырдағы тасты дәрімен немесе ота жасау арқылы алып тастауға болады. Ал өт жолындағы тасты дәрімен түсіруге де, отамен алып тастауға да келмейді. Егер өт жолы қатты ауыртып, ұстама басталған жағдайда өтті алып тасайды. Сонымен өттегі тасты асқындырып алмау үшін қалай күтінген дұрыс? Бұл сауалға да 15 жылдан аса еңбек өтілі бар маман толыққанды жауап берді.

– Ас қорыту кезінде өттің атқаратын қызметі орасан. Ол қоректік заттардың құрамындағы майды ыдыратады. Өттің әсерінен ферменттердің қатысуымен ас қорыту процесі жүреді. Тағамдарды ақуыз көмірсуына және майларды май қышқылдарына дейін ыдыратады. Бауырдан бөлінген өтпен бірге зиянды химиялық заттар сыртқа шығады. Өттің әсерінен ферменттердің қатысуымен ас қорыту процесі жүреді. Өт қызметінің бұзылуы асқазан ішек-жолдарын ғана емес, сонымен қатар басқа да ағзалар мен жүйелерді зақымдайды. Адам ағзасы толыққанды дәрумен мен микроэлементтерді ала алмайды, соның әсерінен әлсіздік, ұйқысыздық және өзге келеңсіздіктер орын алуы мүмкін. Егер де өт жолында тас болса, бауыр өт жолдарының ультрадыбыстық зерттеуінен өтіп, қажетті биохимиялық талдамамен дәрігерге көрінген дұрыс, – дейді Гүлзира Қалдыбек­қызы.

Айтып өткеніміздей, науқастарды емдеудің сан түрі бар. Соның ішінде ең қарапайым әдісі – аш қарынға су ішу. Мұндай емдік тәсіл асқазанға ғана емес, барлық аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Мәселен, суды дұрыс ішудің бірнеше ережесін білсеңіз, оның пайдасын еселеуге болады. Күнде таңертең аш қарынға бір стақан жылы су ішуді әдетке айналдырсаңыз, ағзада жағымды өзгерістер орын алады, ағза тазарады. Түнде ағза демалып қана қоймай, токсиндерден тазарады. Ал аш қарынға су ішу бұл процеске көмектесетінін ұмытпаңыз.

Оған қоса, жүйелі түрде су ішу бұлшықет жасушалары мен жаңа эритроциттердің өңделуіне ықпал етеді. Көңіл-күй де жақсара түседі. Себебі аш қарынға ішкен су токсиндерді шығару мен ағзаны «іске қосу» қабілеті адамның эмоциялық жағдайына жағымды әсер етеді. Су жүйке жүйесіне жанама әсер ете отырып, ашушаңдықты басады және ұйқыны ашады. Жүрек жұмысына көмектеседі.

Жүрек-қан тамырлар жүйесі ауруларының ең кең тараған түрлеріне инфаркт пен инсульт жатады. Олар әдетте, қандағы сұйықтық мөлшері аз болғандықтан қан ұйықтарының түзілуінен пайда болады. Жүйелі түрде аш қарынға су ішу қантамыр жүйесіне жағымды әсер етіп, инсульт қаупін төмендетеді. Асқазан-ішек жолы ауруларының алдын алады. Қыжыл немесе асқазан-ішек жолындағы қышқылдың зиянын бәсеңдетеді. Егер аш қарынға уақытылы су ішсеңіз, ол қышқылды сұйылтады және жағымсыз сезімдерден арылтады екен, – дейді маман.

Бүйрек ауруының алдын алу үшін де су ішудің пайдасы көп. Жалпы дәрігерлер суды көп ішу керегін жиі алға тартады. Күнделікті 1-2 литр судың адам азғасына тигізер пайдасы зор.

– Бүйректің сау болуы ағзадағы су тепе-теңдігінің қалыпты болуымен тікелей байланысты. Аш қарынға және күні бойы уақытылы су ішіп тұру зәр мөлшерін арттырады. Соның себебінен бүйректе болуы мүмкін мине­рал­дар сұйы­лады. Осы­лайша, тас түзілуінің немесе қабыну­лар пайда бо­луын­ың ал­дын алу­ға бо­ла­ды. Им­му­нитет ны­ғая­ды. Көп­те­ген ауру­ла­р­дың пай­да бо­луы тіке­лей имму­нитетпен байланысты. Аш қарынға ішілген су лимфалық жүйелер теңгеріміне жағымды әсер етеді. Ол өз кезегінде ағзаны қатайтып, түрлі аурулардың қоздырғыштарына төзімді болуына көмектеседі. Егер сіз үнемі оң қабырғаңыздың төменгі жағы сыздап ауыратынын сезсеңіз  жеделдетіп гепатолог, гастроэнтеролог тым болмағанда терапевтке көрінгеніңіз жөн. Сондай-ақ бауырды жиі тексертіп тұрған жөн. Өйткені бауырыңыз қатты бүлінген кезде де ауырмайды. Себебі оның құрамында ауырсыну рецепторлары жоқ. Әдетте ауырсыну немесе шаншу ауру өте асқынған кезде ғана болады. Ондай жағдайда бауыр іседі, үлкейеді, өзін қоршап тұрған капсула қабығына қысым көрсете бастайды. Міне, содан кейін ғана науқас ауруды сезе бастайды. Мұндай жағдайда өкінішке қарай емдеу кеш болуы мүмкін. Бірақ оң қабырғаның төменгі бөлігінің ауруы мүлдем басқа жағдайлармен де байланысты. Мысалы, өт қабының ісінуі. Бауыр бүлінгенде бел, іш және оң иық ауруы мүмкін. Кейде тіпті ауырсыну сезімі мүлде болмайды, – дейді дәрігер.

№3 қалалық емханада білікті мамандар көп. Әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы науқастардың дәрігерге жолдап жатқан ыстық сәлемін аңғару қиынға соқпады. Әңгімемізге арқау еткен дәрігер де пациенттерінің көңілінен шығып, ел ықыласына бөленуде. Гүлзира Кенжебаеваның басты мақсаты – науқастардың еміне шипа болу, науқастардың көңілін тауып, сауығуына септесу. Сондықтан білікті дәрігердің кеңесін есте сақтаған абзал.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!