Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Топан су астында қалған 10 өңірге арнайы медициналық бригадалар жіберілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Денсаулық сақтау министрлігі он өңірде халықтың денсаулығын сақтау мәселесін, оның ішінде дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жүкті әйелдердің, балалар мен қарттардың жағдайына ерекше назар аударуда.

«Осынау қиын кезеңде жергілікті төтенше жағдай жарияланған он өңірде 3 мыңға жуық медицина қызметкері өздерінің ең маңызды миссиясын – азаматтарымызға медициналық көмек көрсетуді және олардың денсаулығын сақтауды жалғастырып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Су басқан аумақтарда 300-ге жуық жедел медициналық бригада жұмыс істеуде»,- деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Төтенше жағдайларда медициналық ұйымдар тәулік бойы жұмыс істейді, әрбір науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер тарапынан қолдау көрсетіледі.

Күйзеліс, қобалжу және мазасызданған тұрғындар арнайы мамандардан білікті психологиялық көмекке жүгіне алады.

Санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шаралар кешенін жүргізу үшін санитарлық-гигиеналық қызметтен 900-ге жуық маман жұмылдырылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, су тасқыны басталғалы барлығы 84 жүкті әйел эвакуацияланып, босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!