«Адам қартаяды – ауру жасарады». Бұл мақалдың маңызы күн өткен сайын артуда. Өткенге көз жүгіртсек, қой және жылқы етімен тамақтанып, ауыр тағаммен күнде дастарқандас болған ата-бабалардың дәуірінде деннің саулығы мәселесімен бетпе-бет келген адамдар болмаған-ды. Жылқының сорпасын айына бір ішетін бүгіннің адамдары аурушаң келеді. Мәселен, қарияларға жақын дерттің бірі сусамыр жаңа технологиялар тәрізді дамып, түрлі пішінге ие болды. Оның жас талғамайтын сырқат екені де анық. Көзге көрінбейтін ауру әлем бойынша миллиондаған адамдардың денсаулығына әсер етуде. Қант диабеті көгілдір экран, газет, сайт, журналдың алдыңғы беттерінде жарияланбауы мүмкін, бірақ оның денсаулық пен өмір сапасына тигізетін кері әсерін бағаламау өрескел қателік. Тәтті естіліп, мән берілмейтін дерттің тарихына, әсеріне тоқталып, «тәтті қауіптің» жаңалықтарын сараптайық.
Ғалымдар мен денсаулық сақтау ұйымдарының айтуынша, тәтті мен түрлі тағамға қолжетімділіктің нәтижесі − сусамыр. Алайда бұл кеселдің дамуына көп фактор себепші. Ежелгі мәтіндерде, соның ішінде мысырлық және үнділік дәрігерлердің жазбаларында пайда болған қант диабетін емдеудің алғашқы жүйелі сипаттамасы біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда Ежелгі Грецияда жасалған. Эдвард Альберт Шарпи-Шафер қант диабетімен ауыратын науқастың ұйқы безі «инсулин» гормонын өндіре алмайтынын мәлімдеген.
Жыл сайын 14 қараша күні бүкіл әлемде Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні өтеді. Бұл күні канадалық дәрігер және физиолог Фредерик Бантинг дүниеге келді, ол Чарльз Бест және Джон Маклеодпен бірге 1922 жылы қант диабетімен ауыратын адамдардың өмірін сақтап қалатын инсулинді ашуда шешуші рөл атқарды. Тіпті ол үшін Нобель сыйлығы берілген. Біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда байқалған дерттің емі 1922 жылы табылды. Осы ортада қаншама жан осы сырқаттан көз жұмғаны беймәлім.
1980 жылы әлем бойынша қант диабетімен ауыратындар саны 108 миллион болса, 2014 жылы 422 миллионға жеткен. Халықаралық диабет федерациясының 2021-2022 жылғы дерегі бойынша, әлемде қант диабетімен ауыратын 537 млн ересек адам тіркелген. Ал 2045 жылға дейін «тәтті дерт» 783 миллион адаммен достасады деген болжам бар. 2021 жылы Қазақстанда 808 мың адам қант диабетімен өмір сүрді, оның ішінде 320 мыңға жуық қазақстандық диагноз қойылмаған қант диабетіне шалдыққан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2022 жылы Қазақстанда 5447 бала есепке алынған. Статистика жағдайдың мәз емес екенін аңғартады.
2022 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасуша ойлап тапты» деген жаңалық тарады. ҚР БҒМ Молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы Бақытжан Әлжанұлы геномды редакциялау көмегімен I типті қант диабетін емдеуге арналған амал қарастырды. Бірегей жасушаларды науқастың ағзасына транслплантациялау арқылы инсулин гормонын бөлу функциясын қайтаруға мүмкіндік береді. Ол қант диабетінің зерттеу жұмысын 2018 жылы Канадада бастап, жоба аясында 3 ғалым жұмылдырылған. Бірегей жасушаны қолданысқа енгізу үшін толық зерттеу жұмыстарына уақыт қажеттігін де атап өткен.
Бері жылжысақ, 2023 жылдың 9 қараша күні Астана қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің, эндокринолог-дәрігерлер мен пациенттік ұйымдардың қатысуымен Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне арналған Ұлттық баспасөз-конференциясы өтті. Жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетімен ауыратын науқастарға көрсетілетін көмек стандартының қайта қаралатыны айтылды. Енді бұл диагнозы бар жүкті әйелдер мен студенттер инсулин помпасына арналған материалдарды, ине, картридж бен сенсорларды тегін алады. Бірақ жұмыс процесі мен қаржыландыру 2024 жылдан басталатыны нақтыланды. Айта кетейік, помпа құрылғысына қажетті материалдармен 18 жасқа дейінгі балалар тегін қамтамасыз етіліп, ал 18 жастан асқан науқастар өз қаражатына сатып алуда.
ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі медициналық көмек басқармасының басшысы Гүлнар Естайқызының айтуынша, құрылғы қолдану арқылы инсулин терапиясымен ем алу Қазақстанда 2011 жылы басталған.
Тақырыпқа арқау болған жыл басындағы инновациялық жаңалық − ақылды инсулин. Халықаралық БАҚ-та жарқ еткен жаңалықты «New Atlas» сайты жариялады. Қытайдағы Чжэцзян университетінің Фармацевтикалық ғылымдар колледжінің зерттеушілері бір апта немесе одан да көп уақытқа созылатын және қандағы глюкоза деңгейіне жауап беретін smart инсулин инъекциясын ойлап тапты. Зерттеушілер рекомбинантты адам инсулинінің аналогын, қазіргі инъекцияларда қолданылатын инсулинді глюкон қышқылымен жетілдіру арқылы жасаған. Зерттеу жұмыстары барысында жануарларға сынақ жүргізілді. І типті қант диабеті бар тышқандарда сыналғанда, енгізілген жаңа инсулин кешені тері астында бұршақ көлеміндегі «қоймада» жинақталып, препаратты баяу шығаратын түрге келеді. Ол қандағы инсулин деңгейін тұрақты «базалды» деңгейде және BG деңгейін қалыпты нормалық деңгейде ұстап тұрған.
– Жануарларда сыналған үлгілерде мұндай жаңа формуланың ұзақ әсер ететінін және глюкозаға жауап беретін инсулинді босату қабілетіне ие екенін көрсетті, – деді зерттеу тобының бас сарапшысы Чжэн Гу.
Зерттеу тобы клиникалық сынақтарға кіріспес бұрын препараттың ұзақмерзімді биоүйлесімділігін одан әрі бағалауды жоспарлап отыр.
Қант диабеті – әлемді үнсіз жаулаған, эпидемия емес, пандемия сипатын иемденген дертке айналды. Жаһан медицинасы қарыштап дамығанымен, сусамырды толық емдейтін, түбірін жоятын шипа әлі жоқ. Бірақ аурудан айықтыратын емнің шығатынынан үміт үзбейік. Ал жоғарыда аталған ғалымдардың еңбегі нәтижелі болатынына сенім мол.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!