фото: Егемен Қазақстан
Қызылорда өңірінің денсаулық саласындағы жетістіктері сырбойылықтарды қуантпай қоймасы анық, себебі сүйінші сұраған жаңалықтар легі толастамай тұр. Ел Президентінің тікелей тапсырмасымен елге қайтарылған заңсыз активтердің бір бөлігі – 7 миллиард теңге – енді халық игілігіне, яғни жаңа медициналық мекемелердің құрылысына жұмсалмақ.
Аралдың толқынына ұйыған шағын ауылынан бастап, Жаңақорғанның жоталы жазығына дейін, Қазалы мен Шиелінің төріне дейін – төрт ауданның орталық ауруханалары жаңа ғимараттармен толықпақ. Мұнда заманауи инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері бой көтеріп, МРТ, КТ және ангиографиялық аппараттар секілді ең соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылады. Бұл – 300 мыңнан аса ауыл тұрғыны үшін сапалы әрі жылдам мамандандырылған медициналық көмекке жол ашатын қадам.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры да аймаққа айрықша демеу көрсетіп отыр. 10,1 миллиард теңгенің әлеуметтік жобаларының жартысына жуығы – денсаулық сақтау саласына бағытталған. Жыл сайын жүздеген бала оңалтудан өтіп, орфандық және онкологиялық сырқаттарға шалдыққан жандар қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуде. Бір ғана мысал – өткен жылы 26 онкогематологиялық науқасқа 466 миллион теңгеден астам қаржыға емдік препараттар берілген.
Сыр елі кейінгі жылдары балалар нейрохирургиясын, көз қабығын трансплантациялауды және генетикалық диагностика саласын дамытуға да ден қойды. Отандық мамандар шетелде білімін жетілдіріп, өңірде бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталарды жасауда сәтті нәтижелерге жетіп жүр. Айта кетерлігі, Қызылорда облысында ағымдағы жылдың жеті айында 66 адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Бұл – ғылыми технологияларды, инновациялық
диагностика мен емдеу әдістерін қолдана отырып, стационарлық жағдайда ұсынылатын ерекше қызмет түрі. Тіпті биыл алғаш рет Қызылордада бауыр трансплантациясы сәтті өткенін айту – бұл саланың биік белеске көтерілгенінің айқын дәлелі. Мұндай жоғары деңгейлі көмек түрлерін бүгінде көпбейінді облыстық аурухана көрсетіп келеді.
Жаңақорғандағы оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған Ерте араласу орталығы, алдағы уақытта Байқоңырда іске қосылатын жаңа емдеу мекемесі – мұның бәрі өңірдің медицинадағы келешегін жарқын етері анық.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!