Қоғамның денсаулығы мемлекеттің стратегиялық әлеуетінің айнасы. Денсаулыққа ден бергенде ғана, ертеңге үмітпен қарауға болады. Ел болашағының іргетасы саналатын осы салаға бөлінген қаржы да, айтылған уәде де аз емес. Алайда, жүйенің нақты ахуалы қандай? Халыққа көрсетілетін медициналық қызмет шын мәнінде қолжетімді ме? Бұл сауалдарға тек ресми есептер емес, қоғамдық бақылаумен азаматтық сараптама ғана шынайы жауап бере алады.
Осы мақсатта жуырда Қызылорда қаласында денсаулық сақтау нысандарына қоғамдық мониторинг жүргізу жөніндегі Штаб отырысы өтті. Жиынға Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, бейінді бөлім жетекшілері, медициналық мекеме бас дәрігерлері мен аудандардан онлайн қосылған сала мамандары қатысты.
Басқосу барысында алғашқы медициналық көмектің жай-күйі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметінің тиімділігі, ана мен бала денсаулығы, онкологиялық және жұқпалы аурулармен күрес шаралары сияқты өзекті мәселелер ашық форматта талқыланды.
Нұрбек Сағатұлы денсаулық сақтау – тек салалық мәселе емес, бұл – қоғамдық сенімнің көрсеткіші екенін айтып, кездесуге бақылаушы емес, жауапты әріптес ретінде келгенін айтты.
Ауылдан басталған – халық денсаулығының өзегі
Ауыл-аймақта тұратын халықтың денсаулығы, өмір сапасы, ем алу мүмкіндігі қалалықтармен тең болуы тиіс. Алайда қағаздағы уәде мен жергілікті жағдайдың арасы әркез бірдей бола бермейтіні рас. Денсаулық сақтау нысандарына қоғамдық мониторинг бойынша штаб отырысында осы мәселе кеңінен көтерілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сарманова Динара Сардарбековна өз баяндамасында ауыл медицинасындағы ахуалды жан-жақты ашып көрсетті.
2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша облыстағы тұрғындардың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі 60,4%-ға жеткен. Бұл – өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,15 жасқа дейін өскен. Бұл көрсеткіштің артында тек стационарлар мен дәрігерлер емес, бүкіл алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі тұр. Қазір облыста 29 стационарлық (оның ішінде 18-і мемлекеттік), 25 амбулаториялық-емханалық ұйым, 101 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік-акушерлік пункт және 93 медициналық бекет халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл ұйымдарға тіркелген тұрғын саны 823 257 адамды құрап отыр, оның ішінде 439 821-і – ауыл халқы.

Мамандар тапшылығы – шешімін күткен маңызды мәселенің бірі. Облыс бойынша қазіргі таңда 2522 дәрігер мен 10 151 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Алайда 112 дәрігер жетіспейді. Бұл көрсеткіштің 38-і аудандардың еншісінде. Ал тапшы дәрігерлердің 20-сы – жалпы практика дәрігерлері, қалғаны – түрлі бейінді мамандар. Бұл ауыл тұрғындарының жүйелі әрі кәсіби медициналық бақылауға қол жеткізуін қиындатып отыр.
– Облыста маман тапшылығын жою үшін соңғы жылдары 176 резидентке және 177 жалпы медицина мамандығы бойынша облыс әкімінің гранты тағайындалды. Биыл ауылдық елді мекенге барған әр дәрігерге 8,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме көмек ұсынылды, – деді баяндамашы Динара Сардарбековна. Мұндай ынталандыру шаралары – ауылға білікті кадр тартудың басты құралы.
Ал шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін өңірде 6 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы үш айында осы кешендер арқылы 45 786 адам тексеруден өткен. Оларға 34 103 диагностикалық, 10 225 зертханалық қызмет көрсетіліп, 91 734 маман консультациясы берілген. Нәтижесінде 3607 науқас анықталып, 493 адам диспансерлік есепке алынған. Яғни бұл кешендер тек формалды скрининг емес, нақты диагноз қою мен аурудың алдын алуға бағытталған құралға айналып отыр.
Жылжымалы кешендердің қатерлі ісікке қарсы күрестегі рөлі де жоғары. Абай және Қарауылтөбе ауылдарында онкологиялық тексеруден өткен 112 пациенттің 111-і сақтандырылмаған азаматтар болған. Нәтижесінде 3 адамда қатерлі ісікке күдік анықталған. Бұл – ерте диагностика мен профилактиканың тиімділігін көрсететін нақты мысал. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры арқылы өңірге 1,1 млрд теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы кешен берілген. Бұл кешеннің арқасында шалғайдағы тұрғындарда да КТ, УДЗ, маммография сынды күрделі тексерулерге қолжетімділік артты.
Скринингтік зерттеулер бойынша да жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 599 625 адамды қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 87 551 адам тексеруден өтіп, 3720 науқас анықталған. Олардың 80%-дан астамы (2996 адам) тұрақты медициналық бақылауға алынды. Бұл деректер халық денсаулығының біршама жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, биыл Сырдария ауданынан 60 төсекке арналған паллиативтік бөлімше ашылды. Бұл – онкология, инсульт және басқа ауыр диагноздармен өмір сүріп жатқан азаматтар мен олардың отбасылары үшін аса маңызды әлеуметтік медициналық көмек формасы.
2025 жылдың бірінші тоқсанында сақтандырылған тұрғындар үлесі 82,9%-ды құраса, әлі де 140 мыңнан астам адам медициналық сақтандыру жүйесіне енбей отыр. Соның ішінде «Е» санатындағы, яғни әлеуметтік осал топтағы 10 764 тұрғын – ерекше бақылауды қажет етеді. Бұл бағытта медицина қызметкерлері үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы өлім-жітім, ана мен бала өлімі, туберкулез және қатерлі ісік бойынша көрсеткіштер де оңалған. Қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім 1,3%-ға төмендесе, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 37,7%-ға азайған. Туберкулезден тек 1 жағдай ғана тіркелген. Ал ана өлімі мүлде тіркелмеген. Бұл – профилактика мен маман дайындығының оң нәтижесі екенінің дәлелі.
– Біздің мақсатымыз – тұрғындарға сапалы медициналық қызметті тең дәрежеде ұсыну. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығы – біз үшін басым бағыт, – деді баяндамасында басқарма өкілі.
Осылайша, алғашқы медициналық көмектен бастап паллиативтік көмекке дейінгі аралықта жүйелі, кешенді жұмыс атқарылып жатқаны байқалады. Дегенмен, маман тапшылығы, сақтандырылмаған азаматтар үлесі және ауданаралық теңсіздік әлі де бар. Бұл – алдағы қоғамдық бақылау мен билік тарапынан бірлесіп шешілуі тиіс міндеттердің бірі.
Қоғамдық бақылау – уәде мен шындықтың арасы
Мемлекеттің кез келген саласына сенім мен ашықтық керек. Бірақ бұл екі құндылық тек ресми баяндамалармен емес, тәуелсіз қоғамдық бақылау арқылы бекемделмек. Осы орайда өткен штаб отырысы – бір жағынан, сала ішіндегі сандарды сүзгіден өткізу болса, екінші жағынан, жүйенің шынайы бет-бейнесін айқындауға бағытталған маңызды алаң болды.
Жиында сөз сөйлеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрбек Дәуренбеков саланың жүйелі проблемаларын батыл көтерді. Ол өз сөзінде:
«Қоғамдық мониторинг – бұл тек есеп тыңдау емес, нақты мәселелерді ашық айтып, бірлесе шешудің алаңы деп түсінуіміз керек», – дей келе, саланың шешілмеген түйткілдерін тізбектей отырып, азаматтық сараптама мен шынайы өзгеріс арасындағы байланысты айқын көрсетті.
Мәселен, алғашқы медициналық көмек инфрақұрылыммен қаншалықты жабдықталса да, кадр тапшылығы – өңірдегі басты проблемалардың бірі. Ресми мәлімет бойынша, Қызылорда облысы бойынша дәрігер тапшылығы 112 маманды құрайды, оның 34,3%-ы аудандық жерге тиесілі. Бұл – ауылдағы медициналық қызметтің сапасына тікелей әсер ететін фактор.
– Ауылдардағы жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және көру қабілетінің бұзылуы сияқты созылмалы сырқаттар дер кезінде анықталмаса, ол қауіпті асқынуға ұласады. Ал жылжымалы кешендер бұл олқылықтың орнын толық жаба алмайды, – деді Нұрбек Дәуренбеков.
Одан бөлек, дәрі-дәрмекпен қамтудың теңсіздігі – әлеуметтік әділеттілікке кері әсер ететін фактор. Бүгінде 41 нозология бойынша тіркелген науқастардың тек жартысы ғана қажетті дәрілермен қамтылып отыр. –
Бұл – әрбір екінші пациент өз қалтасынан емделуге мәжбүр деген сөз. Цифрлық жүйе мен қойма мониторингі маңызды, бірақ басты нәтиже – науқастың қолындағы дәрі болуы керек, – деді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі.
Жедел жәрдем қызметі де жиында қызу талқыға түсті. Қала мен ауыл арасында әлі де айырмашылық бар. Ауылдық аймақтарға санитарлық көліктің небәрі 37%-ы тиесілі. Бұл көрсеткіш ДДСҰ ұсынған 8 минуттық стандарттан жиі ауытқиды. Осы орайда Н.Дәуренбеков пилоттық авиациялық жедел жәрдем жүйесін енгізудің өзектілігін көтерді.
– Тағы бір өткір мәселе – медицинаға деген сенімнің деңгейі. Аймақта жылына 20 мыңнан астам ресми шағым түседі. Арыздардың дені – диагноз дәлдігі, қызмет сапасы, және емханалардағы келеңсіз жағдайларға байланысты. Мұндай жағдай жүйенің ішкі сапасына қатысты бақылау тетіктерінің әлсіздігін көрсетеді. “Пациент дауысы” сияқты кері байланыс жобаларын кеңейту қажет, – деді ол.
Нұрбек Сағатұлының пікірінше, ана мен бала денсаулығындағы жетістіктер – қуанарлық құбылыс. Бірақ өңірлер бойынша теңсіздік сақталған. Перинаталдық көмектің сапасы әлі де ауылдық жерлерде кенжелеп тұр. Бұл бағытта кадрлар даярлау, арнайы жабдықтармен қамту, скрининг пен бақылауды күшейту – алдағы күннің маңызды міндеттері.
Ал онкологиялық және туберкулезге қарсы күрес бағытында да жүйелі проблемалар бар. Статистикаға сүйенсек, обыр ауруларының тек 31%-ы ғана ерте кезеңде анықталады. Бұл – скринингке деген сенімнің аздығы мен диагностикалық жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты. Мультирезистентті туберкулез түрлерінің көбеюі – алдын алу шараларының әлсіздігін көрсетеді. Біз бұл мәселені жай есеппен емес, әрекетпен шешуіміз керек, – деді ЖСДП ҚОФ Төрағасы өз сөзінде.
Ана мен бала денсаулығы – қоғамның келешегі
Қоғамның әлеуметтік ахуалы мен мемлекеттің тұрақты дамуын анықтайтын ең өзекті бағыттың бірі – ана мен бала денсаулығын сақтау. Бұл жай сөз емес. Бұл – ел болашағының кепілі, стратегиялық тұрақтылықтың негізі. 2025 жылдың алғашқы төрт айында Қызылорда облысында аталған салада жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Қазіргі таңда өңірде 846 мыңнан астам халық тіркелсе, соның 174 670-і – ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер. Осы әлеуметтік топтың денсаулығын қорғау – аймақтың басты басымдығы. Алайда 2025 жылдың 4 айының ішінде облыс бойынша 1 ана өлімі тіркелген. Бұл – тірі туған 100 мың нәрестеге шаққанда 18,7 көрсеткішін құрап отыр. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда көрсеткіштің жоғарылағанын білдіреді. Мәселен, 2023 жылы көрсеткіш 5,1 болса, 2024 жылы – 5,6. Салыстыра қарасақ, 2022 жылы 6 жағдай тіркеліп, республика бойынша көрсеткіштен 1,7 есе жоғары болған. Ал 2020 жылы аймақта ана өлімі бойынша 12 жағдай тіркеліп, республикадан 1,5 есе асып түскен.
Мәселенің өзектілігіне тоқталған Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова:
«2025 жылдың алғашқы төрт айында ана өлімі бойынша 1 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғарылап отыр. Біз бұл бағытта кадрлық ресурстарды нығайту, диагностика мен босандыру жағдайларын жақсарту бағытында жұмыстарды күшейтіп келеміз», – деді штаб отырысында.
Нәресте өліміне келсек, жағдай аса күрделі. 2024 жылы облыс бойынша 17 873 тірі нәресте дүниеге келіп, 150 нәресте шетінеп кетті. Бұл – әрбір 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 8,4 промилле. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында 41 нәресте қайтыс болған. Бұл көрсеткіш те былтырғы кезеңмен салыстырғанда бір деңгейде болғанымен, мәселеге бейжай қарауға болмайтынын аңғартады.
Осыған байланысты облыста ана мен бала денсаулығына бағытталған бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Арал аудандық ауруханасының перзентхана бөлімшесі бүгінде толық дәрігерлік құраммен қамтамасыз етілген. Мұнда 5 акушер-гинеколог, 4 неонатолог және УДЗ дәрігер қызмет атқаруда. Білікті мамандар тапшылығы жоқ. Сонымен бірге, 2024 жылдың қазан айынан бастап Аралда тәжірибелі неонатолог дәрігер бас дәрігердің орынбасары ретінде қызметке кіріскен.
Мұнымен қоса, Қызылордада бала денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған «Қамқорлық» балаларға арналған оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Осы бастама негізінде 2024 жылы Жаңақорғанда тағы бір оңалту орталығы ашылып, толық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Арал мен Қазалы аудандарында да осындай орталықтар ашу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.
– Аймақтағы акушер-гинекологтар мен неонатологтардың біліктілігін арттыру жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 144 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, сала мамандары Түркия мен Ресейдегі жетекші клиникаларда білім жетілдірді. Атап айтқанда, 10 реаниматолог Стамбул қаласындағы «Мемориал» клиникасында, ал сәуір айында облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері Мәскеудегі №67 қалалық клиникалық аурухананың базасында тағылымдамадан өтті. Ана мен бала денсаулығы – ұлттық қауіпсіздіктің бір парасы. Сондықтан да біз бұл бағыттағы жобалар мен кадрлық қолдау шараларын жалғастырамыз, – деді Айгүл Төлегенова.
Жалпы алғанда, ана мен бала денсаулығына қатысты атқарылған шаралар салмақты. Алайда статистикалар мен көрсеткіштер көрсетіп отырғандай, әлі де жүйелі әрі пәрменді жұмыстар қажет. Әсіресе, аудандардағы туу көрсеткішінің төмендеуі, нәресте өлімінің тұрақты сипат алуы, ана өлімінің бір деңгейден екіншісіне көтерілуі – бұл саланың толық тұрақтанбағанын көрсетеді.
Қоғамдық мониторинг кезінде анықталған мәселелер мен бастамалар – елдегі денсаулық сақтау жүйесінің жалпы беталысынан бөлінбейтін құбылыс. Жергілікті деңгейдегі тәжірибе мен көрсеткіштер нақты проблемалар мен шешімдерге бағытталғанымен, бұл жұмыстар ел көлемінде институционалдық шаралармен, нормативтік шешімдермен ұштасқанда ғана жүйелі нәтиже береді.
Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің жуырдағы қаулысы аймақтық мониторинг қорытындыларымен астасып жатыр. Мәжіліс “Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің халықты дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит” тақырыбындағы Жоғары аудиторлық палатасының есебін қарады. Бұл есеп нақты шешімдер қабылдауға, жүйедегі олқылықтарды түзеуге жол ашатын маңызды құжат саналады.
Қаулы аясында Үкіметке берілген бірқатар тапсырмалар бар. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметін тиімді пайдалануы бойынша талдау жүргізу; импортқа тәуелділікті азайтып, отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту; бірыңғай тиімді жүйе қалыптастыру үшін отандық компаниялар мен клиникалық хаттамалар арасындағы байланысты нығайту; дәрі-дәрмекті сатып алу мен тарату процестерін автоматтандыру сынды ауқымды ұсыныстар қамтылған.
Мұның ішінде дәрі-дәрмектің негізсіз берілуіне жауапты медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту, формулярлық комиссиялардың шешімдеріне шұғыл ден қою тетігін құру, емдеу хаттамаларын жүйелі түрде жаңарту және дәрілік заттарға баға белгілеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету – денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадамдар. Сонымен қатар, клиникалық зерттеулердің инфрақұрылымын дамыту, дәрілік заттардың тиімділігіне тәуелсіз баға беру, инновациялық дәрілерді тіркеуді жеделдету және ақпараттық жүйелермен ықпалдасу да назардан тыс қалмаған.
Мәжіліс қаулысы тек атқарушы билікке тапсырма жүктеп қоймайды. Жоғары аудиторлық палатаға да дәрілік қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзуға жол берген тұлғаларды жауапқа тарту ұсынылған. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіндегі тәртіп пен ашықтықтың артуына негіз болады.
Осылайша, аймақтағы мониторинг нәтижелері мен орталық деңгейдегі нормативтік шешімдердің үндесуі – жүйелік өзгерістерге бастайтын нақты платформа қалыптастырды. Алдағы уақытта ұсынылған шаралар жүзеге асып, Парламент бекіткен міндеттер тиімді орындалатын болса, халықтың сенімі мен саланың сапасы қатар көтеріледі деген үміт зор.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
ЖСДП ҚОФ хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!