Кейінгі жылдары Қазақстан денсаулыққа зиян тағамдарды көп тұтынатын 21 елдің ішінде 9-орынға тұрақтады. Бүгінде күнделікті мәзірге кірген қантқа толы сусындар мен фастфуд жағдайды одан сайын күрделендірді.

Әсіресе уақытша сергектік сыйлайтын энергетикалық сусынға деген сұраныс артып барады. Мысалы 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы дәл осы өнімнің дәмін татып көрсе, ұлттық зерттеудің дерегіне сүйенсек, жасөспірімдердің 20,5 пайызы сергіткішті апта сайын ішеді. Жалпы есеп бойынша қазақстандықтар күніне осы сусынның 30 мың литрін тұтынады.

Әлемдегі нарықта да өз орны бар көрінеді. Мысалы, кейінгі бес жылдың ішінде энергетикалық сусын нарығының көлемі 38,9%-ға өсіп, 63,2 миллиард АҚШ долларынан 87,8 миллиард АҚШ долларына жеткен. Алдағы он жылда тағы да екі есе өсіп, шамамен 170 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда орташа жылдық өсім 6,8% болмақ.

Елде күніне шамамен 30 мың литр сусын ішілетінін айттық. Сұраныстың артуы өнімді өндірушілер үшін тиімді, себебі импорттық тауарлардың көлемі көбейіп, салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Дегенмен, жасырын цехтардың пайда болуы да мазаны қашырады. Мысалы үш жыл бұрын Шымкентте энергетикалық сусынның маркасын шығаратын жасырын цех анықталғаны естеріңізде болар?!

Жасырын цехта 21 мыңнан астам контрафактілік сусынның дайын құтысы, та­уар белгісі бар 54 мың данадан астам бос құты, энергетикалық сусын құюға арналған жабдықтар, сиямен таңба салатын қондырғы, орау құрылғылары, қақпақтар, құрғақ қоспалар тәркіленген. Келтірілген шығын көлемі 37 млн теңгеден асады. Ұлттық сараптама орталығының микробиологиялық зерттеу хаттамасына сәйкес, тәркіленген сусынның құрамында рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары зең мен ашытқы болған. Бұл өнім тұтынуға жарамсыз, өйткені ол адам денсаулығына, әсіресе жас ағзаға зиян келтіреді.

Сандарға зер салдық, деректерді ақтардық. 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға заңмен тыйым салдық. Егер кәсіпкер сатқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартыла­ды, яғни 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. «Егер де екінші рет сатқаны дәлелденсе, айыппұл көтеріледі, үшінші, төртінші жағдайда мүмкін, қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық қайталанып жат­са, әрекеттері үшін оның жазасы көбейе береді», − деген еді заңгер Аржан Сәдуақас Kazinform агенттігіне берген сұхбаты барысында.

Өзгелерге зер салсақ, Қырғызстанда энерге­тикалық сусындарды 18 жасқа дейінгі жасөспі­рімдерге сатылуына бұрыннан тыйым салынған, әрі кейін олардың жарнамасына да шектеулер қойылды. Еуропаның кейбір елдерінде, мысалы Норвегия, Дания, Германияда жасөспірімдерге сатуға тыйыммен қатар, мектептен тыс жарна­малық акциялар мен акциялық бағаны да қатаң бақылайды. Австралияда энергетикалық сусындарға қатысты тыйым жоқ, бірақ әрбір құтыда ескерту жазу міндеттелген. АҚШ­та да тыйым жоқ, алайда кей штаттар сатуға шектеу қоя алады. Жапонияда кейбір энергетикалық су­сындар тек 18 жастан асқан азаматтарға ғана са­тылады, әрі құрамындағы кофеин мөлшері қатаң бақылауда. ҚҰТЫНЫҢ ҚҰРАМЫ ЖАЙЫНДА Бірақ сұраныс бәсеңдер емес. Дүкен сөреле­рінде қызыл, жасыл, алтын түсті банкілер жар­қырап көз тартады. Ұйқы қысқанда, емтихан ал­дында, түнгі жұмыста да қол созатын – сол құты. Бір жұтымы сергектік сыйлағандай көрінеді. Алайда сол бір кішкентай құтыда ағзаға ауыр салмақ түсіретін қуат бар екенін елемейміз.

Медицина ғылымының кандидаты, диетолог маман Гүлстан Хасеновамен байланысқа шы ғып, осы тақырып жөнінде біршама әңгімелестік. Ма­ман энер гетикалық сусындардың құра мын тал­дап, олардың әсерін түсіндірді.

− Иә, бүгінде энергетикалық сусын жиі тұ­тынылатын өнімдердің қатарында көш бастайды. Негізінен құрамында кофеин, жоғары мөлшердегі қант, таурин, карнитин, B тобының дәрумендері, гуарана сығындысы мен газдалған су бар.

Кофеинді күніне 400 мг ғана қолдану керек. Ал энергетикалық сусындарда ол көп мөлшерде қосылады. Тіпті күніне 3­4 құты ішетіндер бар. Жалпы кофеин − сергіткіш әсері бар негізгі ком­понент, ол жүйке жүйесін қоздырады. Балалар мен жасөспірімдердің жүйке жүйесін қоздыру организмнің тез шар­шауына, жүректің тез қағуына, яғни тахикардияға алып келеді.

Сол секілді организмге орта есеппен 10 гр ғана глю­коза қажет, ал энергетикалық сусынның бір құтысында 27 граммнан астам қант бар. Өкінішке қарай, онда табиғи жолмен алынған қант қызылшасы емес, тәттілігі 4­5 есе жоғары қант алмастырушы немесе синтетикалық жолмен алынған қант қолданылады. Ал инсулин бар болғаны 3,3­ – 6,6 аралығындағы глюкозаны ыдырата алады. Ыдырамаған қант жиналып, ауруға себеп болады. Тауринге келетін болсақ, ол − жасушаішілік зат алмасуды жақсартып, жүрек­қан тамыр­лар жүйесін нығайтады, көз саулы ғын қолдайды және энергия көзі ретінде әрекет етеді, сондай­-ақ бұлшық еттердің жұмысын қолдайды. Сусындарға дәрілік дозада қосылады. Тауриннің организм үшін профилактикалық мөлшері − 500 мг. Бірақ қолданыста жүрген энергетикалық сусындарда бұл көрсеткіш 2­2,5 есе жоғары. Тау­рин организмде зат алмасу салдарынан түзілетін аминқышқылы болғандықтан, сырттан түскен мөлшері организмдегі метаболизмді жылдамда­тып, адамның өзінің қорындағы энергияны қоса жұмсайды.

Организмдегі энергия деңгейін арттыру үшін глюкуронолактон пайдаланылады. 250 мл құтыда 60 мг артық глюкоуронолактан бар. Кей өндірушілер бұл көрсеткішті артығымен қолданады. Артық мөлшердің әсерінен бау­ыр мен бүйректің қызметін нашарлатып, фос­фордың мөлшерін жоғарылату арқылы зәр шығару қызметін баяулатады. Матеин, гуарана, женьшень сығындылары табиғи сергіткіштер ретінде қосылғанымен, мөлшерден тыс қолдану жүрекке сал мақ тү сіреді, − деп түсіндірді маман.

Расымен, жүрекке де жүк түседі. «European Journal of Preventive Cardiology»­да жүргізілген зерттеу энергетикалық сусындарды жиі тұты­натын жастарда қан қысымы мен жүрек соғу жиілігінің жоғарылау қаупі бар екенін көрсеткен.

«ЕКІ РЕТ КОМАҒА ТҮСТІМ»

Орталықтағы бірнеше дүкеннің иесін сөзге тартқанымызда, барлығы дәл осы энергетикалық сусынның лезде сатылатынын айтты. Әсіресе студенттер мен көлік жүргузішілері жиі алатын көрінеді. Иә, түн ұйқысын төрт бөлу үшін дүкеннен арнайы са­тып алып, бірі сабақ оқиды, бірі жұмыс істейді. Амал жоқ, осы­лай күн көреміз. Бірақ әлгінде үлкен жолға шықтық. Жүргізуші алдын ала түнде қауіпсіз жерге тоқтап, 20 минут көз іліп ала­тынын айтты. Қолында қара су ғана бар. Энергетикалық сусынның бос құтысы да жоқ. Қала арасында жолаушы та­сып жүргеніне бес жылға жуықтапты. Кейбірінің қо­лынан түспейтін күш беретін құтыны мүлде тұтынбайды екен «одан да түнде бір мызғып алғаным жақсы» деді ол. Расымен таңқалдық. Діттеген жерге жиырма ми­нут кеш жеткеніміз болма­са, құда да, құдағи да тыныш дегендей, ұйқысы қанған жүргізушімен қорықпай келдік. Бірақ көп жағдайда бұлай болмайтыны рас.

Аптасына екі рет ғана ішемін дегенді де жиі естиміз. Жалпы қауіпсіз мөлшер деген түсінік бар ма?

− Энергетикалық сусынға қосылатын заттардың мөлшері көбіне екі­-үш есе көп болады. Сондықтан қауіпсіз мөлшер деген түсінік жоқ. Себебі аз қабылдаған жағдайда да, көп қабылдаған жағдайда да оның тәуелділікке алып келетіні анық, − дейді Гүлстан Хасенова.

Маманның айтуынша, энергетикалық су­сындарды балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, қарт кісілерге және жүрек­ қантамыр­лары ауруы бар адамдарға мүлдем ішуге тый­ым салынады. Кері әсеріне тоқталсақ, орталық жүйке жүйесін шамадан тыс ынталандырып, мазасыздық, ашушаңдық, ұйқысыздық және бас ауруын тудырады, кофеин жүректің соғу жиілігін арттырып, қан қысымын көтереді, бұл жүрек ау­руларына әкелуі мүмкін, құрамындағы заттарға психологиялық және физикалық тәуелділік пай­да болады, құрамындағы қышқылдар мен қант асқазанды тітіркендіріп, гастрит немесе асқазан жарасына себеп болуы мүмкін, жоғары қант мөлшері зат алмасуды бұзып, салмақ қосуға және диабет қаупін арттырады. Энергетикалық сусын­дарды алкогольмен бірге қолдану жүрекке үлкен күш түсіріп, денсаулыққа қауіп төндіреді. Өлімге алып келу де мүмкін.

Былтыр «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Қазір айтайық» бағдарламасына астаналық Жанна Мұратқызы келіп, энергетикалық сусын ішемін деп екі рет комаға түскенін айтты.

− Сұлулық салонында барбер болып жұмыс істеймін. Жұмыс барысында энергетикалық сусын жиі ішетінмін. Бірінші рет ауруханаға түскенімде үш күн комада жаттым. Қант диабетіне де шалдықтым. Ал екі аптадан кейін тағы да энергетикалық сусын ішіп бастадым. Соның сал­дарынан он бес күн жансақтау бөлімінде болдым, организмім өте қатты нашарлаған, бауыр, бүйрек барлығы істен шықты, кейін гемофильтрация мен ӨЖЖ қосты, − деді тікелей эфирде.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ӨЛІМГЕ ӘКЕЛЕ МЕ?

Дәл осы сауалға медицина ғылымының канди­даты, диетолог маман Гүлстан Хасенова: «Қазіргі кезде медицина толық анықтамаған денсаулық жағдайлары болуы мүмкін. Мысалы екі бүйректің немесе косымша артериялардың болуы, жүрек бұлшықетінің жеткіліксіздігі, жүрек ақауының жеңіл формалары секілді клиникалық белгілері жоқ, бірақ ағзаға зиян келтіретін факторлар бар. Мұндай жағдайда энергетикалық сусындар неме­се фастфуд өнімдерін қолдану кездейсоқ өлімге әкелуі мүмкін», − деп түсіндірді. Сонымен қатар осы энергетик сусындардың организмге зия­нын дәлелдеу үшін ғылыми зерттеу қажет және ол мемлекеттің қаржыландырусыз мүмкін емес екенін де айтты.

Иә, қорытындылай келе, құтыны қолына бір алған адамның екінші рет тастағысы келмейтінін, ал тәуелді болғаннан кейін түрлі дерттің жабы­сып, сол дерт кейін түбіңе жететінін білдік. Білуін білдік, бірақ санамыз түсінсе игі. Таңдау өзіңізде.

Өмірімізді бір құтыға байламайық, себебі құтының қауіпі, сергіткіштің сыры көп.

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!