Кейде адам аш болмаса да, тәтті жегісі келіп тұрады. Мамандардың айтуынша, мұндай күйдің себебі тек қантқа деген әуестік емес, ұйқының жетіспеушілігіне, күйзеліс пен тамақтану тәртібінің бұзылуына да байланысты болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz Аlmaty.tv-ге сілтеме жасап.
Verywellhealth.com басылымы тәттіге деген құмарлықтың жеті негізгі себебін атады.
Әдет пен күнделікті дағды
Егер адам күн сайын тәтті кофе ішіп немесе түскі астан кейін десерт жеп үйренсе, ми бұл сәтті міндетті іс сияқты қабылдайды. Әдетті бұзудың бір жолы – қант мөлшерін біртіндеп азайту немесе десертті жеміс-жидекке немесе жаңғақпен алмастыру.
Қатаң диета немесе жеткіліксіз тамақтану
Калория жетіспеген кезде ағза энергияны тез толықтыру үшін тәттіні талап етеді. Бұл – табиғи қорғаныс реакциясы. Сондықтан өзіңізді қатты шектемей, теңгерімді тамақтану маңызды.
Жасанды тәттілендіргіштер
Кей зерттеулерге сәйкес, тәттілендіргіштер ішек микрофлорасын бұзып, тойым сезімін төмендетеді. Соның салдарынан адам табиғи тәтті дәмді аз сезініп, одан да көп тәтті іздей бастайды.
Күйзеліс пен эмоциялық аштық
Стресс кезінде ми «сыйақы» іздейді, яғни көңіл күйді уақытша көтеретін заттарды қалайды. Қант дофамин өндірісін арттырып, жалған тыныштық сезімін тудырады. Уақыт өте келе бұл эмоциялық тәуелділікке айналуы мүмкін.
Ұйқының жетіспеуі
Ұйқы азайғанда грелин (аштық гормоны) көбейіп, лептин (тойыну гормоны) азаяды. Соның салдарынан адам тәтті тағамдарға жиі құмартады. Ұйқы режимін реттеу тәттіге деген құмарлықты табиғи жолмен төмендетеді.
Гормондағы өзгерістер
Әйелдерде етеккір алдындағы кезеңде эстроген мен прогестерон деңгейінің өзгеруінен серотонин төмендеп, шоколад не десертке деген әуестік артады. Бұл қалыпты құбылыс әдетте етеккір басталған соң басылады.
Қантқа тәуелділік
Ғалымдар қант мидағы кейбір ләззат алу сезіміне жауап беретін аймағын белсенді етеді. Соның нәтижесінде адам қайта-қайта сол әсерді сезгісі келеді, бұл тәуелділіктің белгісі.
Тәттіге құмарлықты азайтудың тәсілдері
- Тәттіден бірден бас тартпаңыз, біртіндеп азайтыңыз;
- Суды көбірек ішіңіз, кейде шөлді аштықпен шатастырамыз;
- Тамақты уақытылы ішіңіз, қант деңгейінің түсуі тәттіге итермелейді;
- Ұйқы мен күйзелісті реттеңіз, сонда гормондық тепе-теңдік өздігінен қалпына келеді;
- Тағам құрамын оқыңыз, кей «пайдалы» өнімдерде де қант болады;
- Егер әдетті өз бетіңізше өзгерту қиын болса, диетолог немесе психолог көмегіне жүгінген жөн.
Мамандардың айтуынша, егер тәттіге тәуелділік жиі артық жеуге, кінәлі сезінуге немесе тамақтану бұзылысына әкелсе, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Айта кетейік, соңғы зерттеулер күн сайын бір кесе көкжидек немесе құлпынай жеу ми қызметін жақсартып, қартаю процесін баяулататынын көрсеткен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
