Бүгінде қарапайым халық арасында МӘМС пен ТМККК ара жігін ажырата алмайтын жағдайлар бар. Яғни басы ауырып, балтыры сыздағандардың көпшілігі жүйеге төлем жасамадым деп, өз құқын білмей қалып жатады. Әйтсе де сіз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатыспаған жағдайда тегін медициналық көмек ала аласыз.

Елімізде көп адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тұрақты түрде жарна төлейді. Алайда соған қарамастан, олардың көбі қандай медициналық қызметтерді тегін алуға құқылы екенін және емханаларда қандай құқықтарын қорғауға болатынын біле бермейді.

– Қазақстанда тегін медициналық көмектің екі деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Әуелі, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі), бұл көмек барлық азаматқа, МӘМС-ке жарна төлеген-төлемегеніне қарамастан көрсетіледі. Ал МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру), бұл жүйе ТМККК-ні толықтырып, жарна төлейтін азаматтар мен мемлекет жарна төлейтін адамдар үшін қызметтер тізімін кеңейтеді, – дейді «Бастамаларлы қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мадина Тулепова.

ТМККК аясында азаматтардың тегін алуға құқылы қызметтердің қатарында жедел жәрдем көмегі, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, өміріне қауіп төнген жағдайларда диагностика мен ем, вакцинация және жедел жағдайлар кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек кіреді.

Ал МӘМС аясында бейінді (тар) мамандардың кеңесі, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, зертханалық және аспаптық тексерулер (УДЗ, ЭКГ, талдаулар), жоғары технологиялық медициналық қызметтер, қалпына келтіру емі және оңалту, бірқатар созылмалы аурулар кезінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтері көрсетілуі керек.

– Көптеген науқас дәрігердің рецепті бойынша кейбір дәрілерді тегін немесе жеңілдікпен алуға болатынын білмейді. Қант диабеті, артериялық гипертония, бронхиалды астма, эпилепсия, онкологиялық аурулар және басқа да созылмалы дерттер кезінде тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған. Егер дәрігер сізге тізімге кіретін препаратты жазып берсе, емхана оны тегін беруге немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге міндетті, – дейді Мадина Ерғалиқызы.

Сондай-ақ егер емханада сізге «дәрі жоқ», «бұл ақылы», «талдауды өз қаражатыңызға тапсырасыз» десе, сіздің жазбаша түсініктеме талап етуге, бөлім меңгерушісіне жүгінуге, емхана әкімшілігіне шағым жазуға және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласуға құқығыңыз бар. Егер сіз МӘМС-ке жарна төлеп жүрсеңіз, сіз көмек сұрап отырған жоқсыз, өз құқығыңызды пайдаланып отырсыз. Азаматтар өз құқықтарын неғұрлым жақсы білсе, жалпы денсаулық сақтау жүйесі де соғұрлым сапалы бола түседі.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!