KAZINFORM – TikTok мидың жұмысына кері әсер етеді. Есте сақтау қабілетін төмендетіп, эмоциялардың тұрақсыздығына әкеледі. Қытайлық ғалымдар дәл осылай деп дабыл қағады. Аспан асты елінің профессорлары өздері ойлап тапқан қосымшаға неге сонша шүйлікті? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

NeuroImage журналында жарияланған мәліметтер бойынша Shorts, яғни қысқа видеоларды тым көп көру түрлі психологиялық ауру тудыруы мүмкін. 

Неге десеңіз, қытайлық ғалымдар 17-30 жас аралығындағы 111 студентке зерттеу жасап көріпті. Оған қатысқан барлық адам қысқа бейнелер жарияланатын қосымшаларды тұрақты түрде қолданады екен.

Магниттік-резонанстық томография (МРТ) сканерлеу кезінде олардың орбитофронтальды қыртыс пен мишығында сұр заттың ұлғаюы байқалған. Ал бұл — шешім қабылдау және эмоцияларды реттеуге жауап беретін аймақтар.

Зерттеу нәтижелері қысқа бейнелерді шамадан тыс қарау ұйқының бұзылуына, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және эмоционалды тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін екенін көрсеткен.

Қазақстанда да әлеуметтік желілерді үзбей қарайтын адам жетерлік. Әсіресе, TikTok пен Instagram балалар мен жастар арасында тым танымал платформаға айналды. Мәселен, өткен жылдың басында-ақ Instagram-ды 12,5 миллион қазақстандық қолданған. Ал TikTok-ты 18 жастан асқан 14,1 миллион отандасымыз ұялы телефонына жүктеген. Демек еліміздегі 77,5% ересек адам дәл осы қосымшаны пайдаланады. Бұл — Datareport платформасының 2024 жылдың қаңтарында жариялаған мәліметі. 

TikTok, Instagram, YouTube сынды алаңдардағы қысқа видеолардың балаларға қалай әсер етіп жатқанын анықтау үшін тұрғындарды әңгімеге тартып көрдік.

Астаналық Айнұр Қошқарова ұлының телефонға тәуелді болғанын айтады. Экранға үңіліп, ары қарай кіріп кететіні сонша, анасының айтқанын тыңдамай қоятын көрінеді.

— Менің ұлым 8-сынып оқушысы. Көп уақытын TikTok пен Instagram-ға құртады. Солай сабағына көңіл бөлмей кетті. Тапсырма берсем, уақтылы орындамайтын болды. Тіпті телефоннан басын көтере алмайтын жағдайға жетті. «Туф! Сен неге тыныштық бермейсің? Мен мынаны ойнап жатыр едім. Мен мынаны көріп жатыр едім» деген секілді көптеген агрессиялар пайда болды, — дейді ол.

Алайда Айнұр бұл мәселенің шешімін тапқанын айтады. Ол ұлының смартфонына баланы бақылауға арналған қосымша орнатып қойыпты. Солай оның бейне платформаларды қолдану уақыты мен телефонына жүктейтін бағдарламаларын үнемі бақылауда ұстап отырады.

Бірақ елдің бәрі балаларын бұлай басқара бермейді. Мәселен, 11-сыныпта оқитын Назерке Айтбайқызы TikTok-қа уақытын сағаттап сарп еткенін жасырмады. Бір қызығы, ата-анасы бұған мүлде қарсы болмаған. Ал қазір ол ҰБТ-ға дайындалып жүргендіктен, әлеуметтік желілерді жөнімен қолданатынын жеткізді.

— ҰБТ-ға дайындалмай тұрып, 10 сағаттан артық TikTok, Instagram желілерінде отыратын едім. Тәуелді болғанмын. Қазір күнімнің жартысынан көбі курс-сабақтарға кетеді. TikTok-та ары кетсе 4-5 сағат қана отырамын. Десе де демалыс уақытында TikTok-қа тәуелділік басым болып кетеді. Сабағымды ұмытып кететін уақыттар болады, — дейді ол.

Ал мектеп мұғалімдері соңғы жылдары балалардың психологиясы өзгеріп, эмоциялары жиі ауысатынын айтады. 33 жылдан бері мектепте білім беріп келе жатқан Бикен Адамова шәкірттерінің қабылдауына байланысты оқыту методикасын да жиі жаңартып отырады екен. Себебі, балалар кітапта жазылған ұзақ мәтіндерді тез қабылдай алмайды. Ұстаз бұл мәселеге ата-аналар да ерекше көңіл бөлу керектігіне назар аударды.

— Балалар кейде сабақ үстінде телефон ұстағысы келіп тұрады. Есіл-дерті смартфонға ауып кететін оқушылар да кездеседі. Сол үшін сабақтың тақырыбына қарай «Kahoot» сияқты түрлі ойындарды өткізуге тырысамыз. Телефон балалардың эмоционалдық-психологиялық жағына қатты әсер етеді. Қазіргі балалар тез қуанып, тез ашуланып, тез жылай салуы мүмкін. Аяқ астынан болмайтын нәрсеге ашуланып, жылап қалатын балалар да болады, — деп пікір білдірді Бикен Адамова.

Мұны психолог-педагог Жадыра Ақтанова да растап отыр. Ол баланың көзінше телефонды көп ұстамау керек дейді. Себебі, ата-анасының смартфонға үнемі үңіліп отырғанын көрген бала өсе келе дәл сол әрекетті қайталайтын көрінеді.

— Көбінде бұл балалардың төзімділігін алып қояды. Өйткені, Instagram мен TikTok-та қысқа метражды видеолар жарияланады. Сіздің оқып шыққан 150-200 беттен тұратын кітабыңызды 1-2 минутқа сыйдырады. Балалар соған үйренген. Осыған байланысты олардың төзімділігі кетеді. Психологиялық өзгерістер болады, — деп пікір білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!