Бүгінгі күні тіс ауруы өзекті мәселеге айналды. Себебі тіс дәрігерін іздеп, жақсы маманға жолуға асығып жүргендер қатары көп. Оның үстіне емдету, қаржысы қалтаны қағады. Сосын қолды бір сілтеп, кейінге ысырып жүргеніңіз.

Десе де денсаулық басты байлық дегенді ұстаным еткен абзал. Тіс жөндету қаншалықты қымбат болса, тісіңіз ауырғандағы сәт соншалықты қиын. Сондықтан ауырмай тұрып, тіс дәрігерінің қабылдауына барып, тісіңізді толық тексертуден өткізген жөн. Біз тіс жөндеудің неге қымбат болатынын, тіс күтімін қалай жүргізу керектігін арнайы маманнан сұрап білдік.

Нұрдаулет Алмасұлы Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылының тумасы. Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде стоматология мамандығында білім алған. Алматы қаласындағы «Рахат» медицина орталығында жұмыс істеген. 2019 жылдан бері қаладағы Муслимдент клиникасында жұмыс істейді.

– Әңгімемізді тіс күтімінен бастайықшы…

– Тіс күтімі негізі алғашқы тіс шыққаннан басталуы керек, анасы бала тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын таза дәкемен сүртіп отыруы қажет, 3-4 жастан бастап баланың өзіне тіс щеткасымен жууды үйреткені дұрыс болады, тіс тазалауды күнделікті 2 рет таңертеңгі астан кейін және түнде ұйықтар алдында жүргізген дұрыс, тіс тазалау уақыты кемінде 2-3 минут болуы керек, астан кейін көкөністерді көбірек пайдалануда тістің өзіндік тазалануына көмектеседі.

– Жиі кездесетін тіс аурулары қандай?

–  Ең жиі кездесетіні тіс жегі (кариес) асқынуылары, ұлпаның (нерв) қабынуы.

–  Тіс емдеу неге қымбат? Әлде дәрілері қымбат тұра ма?

 Дұрыс айтасыз. Тіс емдетуге келгенде бағаны қымбатсынатындар бар, дегенмен де тіс емдеуден қашпаған дұрыс. Дәрігерлер алдымен тісті тексеріп, бақылаудан өткізіп, қаншалықты материал керегін біліп барып, бағасын айтады. Әрине бірінші кезекте қолданылатын материалдардың бағасының жоғары болуына, көп бөлігі шет елден келетіндігін назарға алған жөн. Сосын дәрігердің біліктілігіне, клиниканың статусына байланысты.

– Стоматологиялық емді кімдер тегін алады?

– Тіс емдету белгілі бір санаттағыларға тегін жүргізіледі. Мәселен, жүкті әйелдерге, 18 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы, зейнеткерлерге, 1,2,3 топ мүгедектеріне жедел стоматологиялық көмек көрсетеледі.

– Тіс ауруын қалай басады?

– Көбіне тіс ауырған кезде басылады ғой деген түсінікпен уақыт созып жүре беретініміз бар. Оның үстіне тіс ауруын басатын таблеткаларға сенім артып, дәрігерге көрсетпей жүріп аламыз. Таблеткалар тіс ауырғанын уақытша басар, дегенмен де ауруды құлан таза емдемейді ғой. Сондықтан қандай жағдайда да дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Ауырғанды басатын таблеткалар ішуге болады, бірақ аралығы кемінде 6 сағат болуы керек. Сондай-ақ тіс дәрігерінің қабылдауынан бұрын ішпеген дұрыс.

–  Үй жағдайда ем жасауға болады ма?

Емді өз бетімен жасамаған дұрыс, дәрігердің қабылдауынан кейін арнайы ұсынылған емдік шаралар жасалуы керек.

– Ауыздың уылуын қалай емдеуге болады?

  Ауыздың уылуы (стоматит) қазіргі балалар жасында өте көп кездеседі, оның себептері көп, нақты диагнозы қойылған соң, арнайы ем тағайындалады.

– «Ұры тіс» деп жатамыз. Оны жұлдыртуға болады ма?

–  Ұры тісті бірінші кезекте тіс қатарындағы тістермен шатастырмау керек, көп жағдайда пациенттер сүйір тісті ұры тіс деп ойлап жұлдыртып тастайды, сосын тіс қатарының қисық болуы, жымиған кезде күлкінің өзгеруі болуы мүмкін, сондықтан дәрігердің қабылдауына келгені дұрыс.

– Баланың тісі мықты болу үшін жүктілік кезден бастап күтіну керек дейді. Сол жөнінде айтыңызшы…

– Ия, әрине баланың тісінің мықты болуы ананың құрсағында жатқан кезден маңызды, жүктіліктің 6-7 аптасында жақ сүйек, тістердің қалыптасуы жүреді, сол кезеңде тұмауратудан,  артық дәрілік заттарды қолданудан аулақ болған жөн.

–  Жүкті әйел тісін қалай күту керек?

– Негізі жүктілікті жоспарлаған кезде, бала көтермей тұрып, ауыз қуысына санация жасалуы керек, тістерін емдеп, жұлынатын тістерін алып тастағаны дұрыс.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Мөлдір САБЫРЖАН