Қадым заманда адамның денсаулығы туралы оның тісіне қарап баға берген. Иә, бұл пікір бекер емес. Адамның күнделікті тамақтануы мен өмір салты тікелей тіс эмалінде көрініс табады. Мысалы, темекі тарту, майлы не қуырылған тағамдарды шектен тыс тұтыну, кофе ішуге әуестік – мұның бәрі тісте өз ізін қалдырады.
Бүгінде тіс – жалпы ағзаның жай-күйін көрсететін биологиялық «барометр». Табыс пен қоғамдағы беделді орнықтыруды ойлаған адам үшін тіс саулығы мен әдемі жымиыстың маңызы ерекше. Маржандай тістер – тек сыртқы келбеттің бір бөлшегі ғана емес, адамның жалпы денсаулығының айнасы. Алғашқы таныстық кезінде көпшіліктің назары әңгімелесушінің жүзіне, нақтырақ айтқанда – тісіне түсетіні жасырын емес. Жеке өмірде де, кәсіби ортада да күлімсіреудің рөлі зор. Ал тіс күтіміне салғырт қарау, ауыз қуысына қатысы жоқтай көрінгенімен, ішкі ағзалардағы түрлі аурулардың туындауына себеп болуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде шамамен 3,5 миллиард адам тіс ауруларынан зардап шегеді. Көпшілігіміз тіс кариесі, яғни қазақша айтқанда «тісжегі» жүрек миокард қабынуына дейін алып келетінін біле бермейміз. Құрттаған тістің қалдығымен жүре беру – бұл дертке әкелетін негізгі себептердің бірі. Тіпті тек жүрек ауруы ғана емес, панкреатитпен ауыратын науқастардың қан талдауында қызыл иектің қанап жүруін тудыратын, қанға енген микроорганизмдер анықталған.
Оған қоса, лейкоздың кейбір қатерлі түрлері, темір тапшылығынан болатын анемия және түрлі эндокриндік аурулардың асқынуына да тіс саулығына мән бермеу себеп болуы мүмкін. Яғни, ауыз қуысының гигиенасына немқұрайлы қарау – адам ағзасының жалпы әлсіреуіне және ауыр дерттерге душар болуына жол ашады.
Алайда тіс саулығына қандай тағам түрлерінің пайдалы екенін көпшілік біле бермейді. Мичиган университетінің зерттеушілері тісті табиғи жолмен қорғауға көмектесетін бес тиімді өнімді атаған. Олардың қатарына құлпынай, сүт және сүт өнімдері, қантсыз шайналатын сағыз, таза ауыз су мен жапырақты көкөністер жатады.
Ауыз қуысындағы қабыну процестері адамның иммунитетіне, жалпы өмірлік сергектігіне тікелей әсер етеді. Төменде тіс пен қызылиек аурулары түрткі болуы мүмкін кейбір аурулар тізіміне тоқталдық.
Зерттеулерге сүйенсек, ауыз қуысының қабыну аурулары жүрек ишемиясы, миокард инфаркты мен инсультке дейін алып келуі мүмкін. Пародонтитпен ауыратын адамдардың жүрек ауруларына шалдығу ықтималдығы екі есе жоғары. Себебі ауыз қуысындағы бактериялар қанға өтіп, тамыр қабырғаларын зақымдайды, бұл қанның ұюына, ал кейде қан тамырларының бітелуіне алып келеді.
Ауру тістер тағамды дұрыс шайнауға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде асқазанға қосымша салмақ түсіп, ас қорытудың бұзылуы мүмкін. Пародонтит пен гастрит, асқазан және ұлтабар жарасы, панкреатит сияқты аурулардың негізінде бірдей қабыну мен иммундық реакциялар жатыр.
Ғалымдар пародонтит кезінде қандағы қант деңгейінің жоғарылайтынын анықтаған. Қант диабетімен ауыратын науқастар пародонтологиялық ем алған соң, олардың қанындағы қант мөлшері біртіндеп қалыпқа келген. Сондықтан диабетпен ауыратындар өз ауруын бақылаумен қатар, тіс пен қызылиек саулығына да мән беруі тиіс.
Жүктілік кезінде гормондық өзгерістер қызылиектің қабынуына және қанауына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде шаранаға да кері әсер етіп, түсік тастауға немесе мерзімінен бұрын босануға себеп болуы ықтимал. Зерттеулер пародонт аурулары ерте босану қаупін 7 есе арттыратынын көрсеткен.
Жолдамасыз шұғыл көмек
Қазақстанда осы жылдың наурыз айынан бастап шұғыл көмекке мұқтаж адамдар учаскелік дәрігерден жолдама алмай-ақ, тікелей стоматологиялық мекемелерге жүгіне алады. Шұғыл стоматологиялық көмек келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
– 18 жасқа дейінгі балалар;
– жүкті әйелдер;
– Отан соғысының ардагерлері;
– I, II және III топтағы мүгедектер;
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған көпбалалы аналар;
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
– жасы бойынша шыққан зейнеткерлер;
– жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттер;
– мүгедектігі бар немесе бала кезінен I топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар.
Шұғыл стоматологиялық көмек қатарына жататын процедуралар тізімі:
– күрделі кариесті, пульпитті, периодонтитті емдеу;
– күрделі тістерді, соның ішінде даналық тістерді жұлғызу;
– абсцесстерді ашу және одонтогенді кисталарды жою;
– шыққан жақты орнына қою;
– қатерсіз өсінді-ісіктерді жою (мысалы, эпулис);
– жарақат алған кезде қозғалған тісті уақытша орнына келтіру;
– тіл жүгеншігі немесе ерін пластикасы.
Ал жоспарлы стоматологиялық көмек мыналарды қамтиды:
– профилактикалық тексерулер және тістерді тазалау;
– кариесті емдеу (композиттік материалдардан жасалған пломбаларды қолдана отыра);
– қарапайым және күрделі тісті жұлу;
– жүйкені (тіс ұлпасын) алып тастау;
– гингивит, стоматит және қызыл иектің басқа қабынуын емдеу.
Ортодонтиялық көмек жақ сүйегінің туа біткен ауытқулары бар (таңдай жырығы, тістеу қабілеті дұрыс жетілмеген) және тіс-жақ деформациялары бар 6 жастан 12 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі.
Бір қуантарлығы шұғыл көмек – кез келген уақытта жолдамасыз көрсетіледі. Ал жоспарлы көмек алу үшін тіс дәрігеріне жазылу қажет. Егер дәрігер емханада амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деп санаса, науқас жедел жәрдеммен ауруханаға жіберіледі.
Зейнетақы қаражатын тіс протездеуге пайдалануға бола ма?
Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 15 ақпанда бекітілген «Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап 2024 жылдың 10 тамызына дейін қазақстандықтар қордан 642 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсап, рекорд жаңартқан болатын.
2023 жылдың өзінде, яки бір жыл ішінде ел тұрғындары 172 миллиард теңгеге тіс емдеткен. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Жүйеге енгізілген түрлі шектеулер мен талаптардың күшейтілгеніне қарамастан, тісін емдетуге зейнетақы ақшасын пайдаланушылардың саны азайған жоқ. Керісінше, миллиондап ақша жұмсайтындар қатары артып кеткен.
Зейнетақы қорындағы ақшаны стоматологиялық емге бағыттау үшін мына негізгі талап сақталуы тиіс. Жинақ сомасы шектік мөлшерден асуы керек. Сондай-ақ өтініш берушілердің 98%-ының өтініші мақұлданған. Бұл көрсеткіш те өте жоғары.
Салдарынан стоматологтар тек емдеумен ғана емес, дұрыс фотоға түсіруді де меңгеруге мәжбүр болды. Себебі зейнетақы қорынан қаражат бөлу үшін емге дейінгі және емнен кейінгі фотосуреттер қажет. Қаражаттың 70%-ы ем басталғанға дейін, қалған 30%-ы ем аяқталғаннан кейін аударылады. Егер фото дәлелдер толық болмаса немесе талаптар сақталмаса, БЖЗҚ ақшаны кері қайтарып алуға құқылы.
Дегенмен 2024 жылдың 10 тамызынан бастап тіс протездеу мен имплантаттау қызметтеріне біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану уақытша тоқтатылды. Бұл туралы мәліметті зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы банк» АҚ таратты.
Банк жүргізген қызметтік тексеру кезінде зейнетақы қаражатын пайдалану барысында азаматтар жалған құжаттар ұсынылғаны, нақты медициналық тексеріс жүргізілмегені анықталған.
Мұндай заң бұзушылықтар салдарынан Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына» өзгерістер енгізуді ұсынды. Соған сәйкес, қымбат стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинақтарын пайдалану алты айға тоқтатылды.
Уақытша шектеу кезеңінде «Отбасы банк» БЖТ қаражатын мақсатсыз жұмсауға жол бермеу, стоматологиялық қызмет көрсету рәсімін ашық әрі әділ ету бойынша шаралар қабылдамақ.
Аймақтағы ахуал
Тіс емдеу құнын білмекке қаладағы танымал стоматологиялық орталықтарының біріне байланысқа шығып, бағасын сұрап көрдік. Мұнда дәрігер-стоматологтың немесе терапевт-хирургтың қабылдауына жазылып, кеңес алу құны 2000 теңгеден басталады екен.
Қош, ендеше тіс емдеу құнына назар аударып көрелік. Беткей, яки жеңіл тісжегіні емдеу құны 12 мың болса, орташа тісжегі – 15 мың, терең тісжегіні емдеу құны – 17 мыңнан басталады екен.
Тіс пульпитін емдеу құны 25 мың болса, периодонтитті емдеу құны 35 мың. Ал түбір өзегінен сынған тісті алу, қиын өзектерді ашу микроскоптың көмегімен жүргізілетінін ескере отырып бастапқы бағасы 50 мың теңгеден басталады.
Қарапайым тіс жұлу құны жеңіл не күрделілігіне байланысты 5-10 мыңнан басталса, ақыл тісті жұлу құны 10-25 мың аралығында бекітілген. Тіс түбірі ұшының резекциясы 30 мың болса, микроимплант орнату құны 35 мың теңгеден басталады.
Ортодонтиялық пластинкаларды дайындау мен орнату құны 30 мыңнан басталып, 500 мыңға жетіп жығылады.
Ал брекет орнату құны жасалу материалына һәм өндіруші еліне байланысты 100-300 мың аралығында құбылып отырады.
Металды жасанды тіс сауыты 14 мыңнан, ал алтын түстес және пластмассалы тіс сауыты 15 мың теңгеден басталады. Германиялық металлокерамикалы жасанды тіс сауыты 25 мыңнан басталса, цирконий диоксидінен жасалған тіс сауыты 75 мыңнан басталады екен. E-MAX винирлерін орнату 100 мың теңгеден басталса, ал протездер дайындалу материалына байланысты ең төмені 50 мыңнан бастап, 200 мыңнан асып жығылады.
Қорытындылай келе, тіс – тек эстетика ғана емес, бүкіл ағзаның саулығының кепілі. Уақытылы тексеріліп, дұрыс күтім жасаудың өзі – ұзақ әрі сапалы өмірдің іргетасы екенін ұмытпайық.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!