фото: baq.kz
Экологияның ластануы адамның денсаулығына, соның ішінде тістеріне де зиянды әсерін тигізеді. Бүгін тіс мәселесін қозғағым келіп отыр. «Бізде неше тіс бар?», «Тамақтан соң жуып, тазалауды ұмытып жүрген жоқпыз ба?» «Тіс жегі қалай пайда болады?» деген сұрақты жас достарыма қойғым келеді. Жауап беруге қиналып тұрсыз ба? Олай болса, тіс дәрігері ретінде тісті қалай күту керек екенін айтып берейін.
Тісжегі ауруының негізгі себебі дұрыс тамақтанбағаннан болады. Қантты көп мөлшерде қолдану, ұннан жасалған тәтті тағамдарды көп пайдалану, тамақ құрамында шикі жемістер мен көкөністердің болмауы (оларды шайнау кезінде тістердің өзіндік тазалануы жүреді) тісжегі пайда болуына әкеледі.
Тісжегі – бірқатар қолайсыз факторлардың әсерінен қатты тіс тіндерінің бұзылуының патологиялық процесі болатын, әлем дегі ең көп таралған ауру. Бір жастан он төрт жасқа дейінгі балалар тісжегі ауруы бойынша ерекше қауіп тобына жатады. Балалар эмалінің қышқылдардың әсеріне жоғары сезімталдығы, гигиена негіздерінің жоқтығы және дұрыс тамақтанбау – осының айқын дәлелі. Қазіргі таңда, әсіресе, оқушылар арасында тіс ауруы көп. Көпшілігі тіс жегісі және пародонтит ауруына шалдыққан. Тіпті аурудың асқынуынан балалардың бет сүйегі қисайып кету деректері де жиі кездеседі. Көптеген ата- ана сүт тістерін емдеудің мағынасыз деп санайды, өйткені олар түсіп, азу тістері сау болып өседі. Бұл олай емес. Егер ауру сүт тісі түсіп қалса, оның орнына ауру жаңа тіс пайда болады. Мұндай ақаулар басқа органдардың жұмысына теріс әсер ететін ағзадағы инфекция болады.
Жиі кездесетін тіс ауруларын қарастырсақ. Ауыз қуысы гигиенасын сақтаудың денсаулық үшін маңызы зор. Тіс гигиенасын сақтамаған жағдайда ауыз қуысында түрлі ауру пайда болуы мүмкін. Олар: тіс тасы, тіс жегісі (кариес), тіс ұлпасының қабынуы (пульпит), қанжел (периодонтит).
Тіс тасы – тістің бетін қаптап қалатын тамақ қалдықтарынан пайда болатын бактериялар мен сілекей қоспаларының жиынтығы. Сондықтан тісті уақытылы жуып, тазалау керек.
Тіс жегісі – балалардағы ең жиі кездесетін мәселелердің бірі. Тістің кіреуке қабатының зақымданып, бор тәрізді дақтың пайда болуы. Бұл – ауырмайтын, сезілмейтін үрдіс. Ауруды бұл кезеңде емдеп, тоқтатуға болады. Тістің тесігін бітеп (пломба) қана оны одан әрі зақымданудан сақтауға болады. Мұны неғұрлым дер кезінде емдесе, соғұрлым жақсы нәтиже береді. Егер тіс ауруын емдемесе, асқынып микробтар тістің ішкі қуысына жетеді. Жұқа эмаль ересектердегідей балалардың тістерін жеткілікті қорғай алмайды, нәтижесінде кариозды процесс тереңірек еніп, пульпит пен периодонтит тудырады. Ауру бірден бірнеше сүт тістеріне әсер етуі мүмкін.
Одан әрі асқынудан, пульпиттің дамуына әкеледі. Пульпит кезінде тіс суықтан, ыстықтан қатты ауырады. Кейде тіс түбінің сыртқы қабаты қабынады. Ол периодонтит деп аталады. Ол периодонтит кезінде тістің қызыл иегі зақымданып, тістен мүлдем айырылып қалу қауіпі бар. Сондай-ақ тіс пен ауызқуысын күту гигиенасын білмеу де тісжегінің туындауына себеп болады. Адамның ауызқуысында үнемі бактериялар жүреді. Сондықтан тамақтан соң ауызды шайып, күніне екі рет тіс пастасымен жуып тұрған жөн. Жарты жылда бір рет профилактикалық бақылаудан өтіп тұру керек. Олай етпесең, тісіңнен айрылып қалуың ғажап емес. Тіс – денеміздегі ең қатты зат. Тістің негізгі қызметі – тамақты шайнау. Тіс жақ сүйектен өседі. Сәбилерге алты айдан бастап шығады. Ол «сүт тіс» деп аталады. Алты жасқа толғанда сүт тістер түсе бастайды, түскен тістің орнына «негізгі тістер» шығады. Олардың көлемі үлкендеу. Барлық тістер сыйып тұруы үшін сонымен бірге адамның жағы да өседі. Он екі жасқа толғанда барлық тіс жаңарып болады. Адамдардың көпшілігінде 20 жасқа толғанға дейін 32 тісі толық шығып болады.
Тіс қабығын «эмаль» жауып тұрады. Тамақты шайнаған кезде ауыз қуысынан қышқыл бөлінеді. Бұл эмальді бұзады. Сондықтан тісті тамақтан соң тазалап, жуып тұру керек.Тісті күніне екі рет жуып тұрған абзал: таңертең және кешкі астан соң, яғни ұйқы алдында. Себебі астан кейінгі қалдықтар тіс қуыстарында қалып қойса, тістің шіруіне алып келеді. Дұрыс жуылған тіске құрт түспейді. Тісті кем дегенде, екі минут жуу қажет. Өйткені тіс пастасы тісті қажетті заттармен қамтамасыз етеді.
Бүгінде өкінішке қарай, барлық тістері сау адамды сирек кездестіреміз.
Тісің сау болсын десеңіз, мынаны жадыңызда ұстаңыз:
• Тісті дұрыс тазалау техникасын сақтаңыз;
• Күніне жоқ дегенде бір рет тістің арасын
тіске арналған жіппен тазалап отырыңыз;
• Ауыз қуысын шаятын арнайы сұйық тықтарды пайдаланыңыз;
• Дұрыс тамақтаныңыз;
• Ыстық тамақтан соң суық су ішпеңіз;
• Қатты заттарды тістемеңіз;
• Тіс щеткасын әр 3 ай сайын ауыстырып
отырыңыз.
Егер адам осы қарапайым ережелерді сақтап отырмаса, онда тісжегі пайда болуы мүмкін.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол
ізде» деп бекер айтпаса керек. Аурудың көпшілігі астан келетіндіктен, ең алдымен дұрыс тамақтануды және ауыз қуысына күтім жасауды жадымызда ұстаған дұрыс.
Арайлым МАҚАШОВА,
Тіс дәрігері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!