Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақтануына байланысты карантин жеңілдейді. Осыған байланысты үйлену тойлары мен мерейтойлар өткізуге рұқсат етілді. Бірақ тойханаларға Ashyq-та статусы «қауіпсіз» қонақтар ғана кіргізіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

«Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанын, соңғы екі аптада сырқаттанушылық пен өлім-жітім деңгейі 60%-ға төмендегенін айтты. Осыған байланысты 27 қыркүйектен бастап «Ashyq» бойынша «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілердің қатысуымен келесі іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі», – делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хабарламасында. 

Атап айтқанда, 27 қыркүйектен бастап салтанатты, еске алу және отбасылық шараларды (банкет, үйлену тойы, мерейтой) өткізуге рұқсат беріліп отыр.

«Жасыл» аймақта тұрған өңірлерде зал 50%-ға дейін ғана толуы керек, 100 орыннан аспауы шарт.

«Сары» аймақта да 50%-ға дейін, 70 орыннан аспауға тиіс.

«Қызыл» аймақта 50%-ға дейін, 50 орыннан аспауы керек.

Сонымен қатар форумдар, көрмелер, марафондар өткізуге болады. Толығырақ төмендегі кестеден көре аласыздар. 

Той өткізуге рұқсат етілді

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов вакцинацияға қолжетімділікті арттыру мақсатында әкімдіктерге әуежайларда, теміржол вокзалдарында, ірі базарлар мен сауда орындарында талаптарға сәйкес келетін пункттер ұйымдастыруды тапсырды.

ВАК отырысының қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары бірқатар басқа тапсырмалар берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!