Қарашаға жетпей-ақ жөтелген, дене қызуы көтерілген таныстың көбейгенін көпшілік байқап жүр. Дәрігердің қабылдауындағы кезекті де көрген боларсыз. Бала да, жасөспірім де, ересек те ауырып жүр. Расында биыл вирустық инфекциялар маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Алайда мамандар мұны қалыпты құбылыс деп отыр. Жағдай өткен жылдағы көрсеткіштерден жоғары емес, керісінше біршама төмен.
Елдегі ахуалға тоқталсақ, жыл сайын 4 миллионға жуық ЖРВИ мен 2 мыңға жақын тұмау жағдайы тіркеледі. Ал биыл қыркүйектен бастап ЖРВИ-дің 1 миллион 278 мың 745 жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 19%-ға төмен. Осы мәселе төңірегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеген еді. Оның айтуынша, эпидемиялық жағдай күзгі-қысқы кезеңге тән шеңберде дамуда.
Жоғарыда жазылған 1 миллион 278 мың 745 жағдайдың 848 761-і 14 жасқа дейінгі балаларда анықталған. Ал 1 апта ішінде 150 мың ЖРВИ жағдайы тіркелген.
− Эпидемиялық маусым басталғалы Covid-19 короновирустық инфекциясының 84, А типті Н3N2 тұмауының 304 жағдайы расталды. Оның 173-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған.
А типті тұмау жағдайлары да зертханада расталды. Бұл вирус жаңа штамм емес, аурудың көріністері тұмаудың типтік клиникалық көрінісіне сәйкес келеді. Мысалы температураның күрт көтерілуі, бас және бұлшықет ауруы, қалтырау, дененің ауыруы.
Тұмау циркуляциясы өткен жылмен салыстырғанда расымен ертерек басталды. Биыл алғашқы жағдайлар қазан айында басталса, былтыр қараша айында тіркелді, − деді Сархат Сағынтайқызы.
Маман айтқан А типтегі тұмауға тоқталсақ, эпидмаусым басталғаннан бері тұмаудың расталған 590 жағдайы тіркелген болса, оның 587-і А типті H3N2, ал 3 жағдайы А типті 1N1 вирусына кіреді. Тұмаумен қатар, тұмауға жатпайтын вирустар да таралуда. Мәселен зерттелген 3180 үлгінің 782-сі тұмауға жатпайтын вирус екен. Олардың арасында: риновирус, пара-грипп, аденовирус, бокавирус басым.
Тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары басталған еді. Биыл 2,1 миллион доза сатып алынған. Бұл халықтың 11 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Жауапты мамандардың айтуынша, жағдай бақылауда, министрлік тиісті шара қабылдауда.
Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Атырауда 14 жасқа дейнгі 16 мың 457 бала вирус жұқтырған. Амбулаторлық ем қабылдауға жарамды науқастар үйге жіберілсе, жағдайы ауыр адамдар ауруханада емделуде. 180 адамға арналған инфекциялық ауруханада 250 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 150-і 1 жасқа дейінгі бала, ал 40-тан астамы жүкті әйел. Ұлытау облысында да жітіреспираторлық вирустық инфекциясы таралуда. Тек бір аптаның өзінде 3 мыңнан астам сырқаттанушы тіркелген. Оның 50 пайызы мектеп жасындағы балалар. Ал Елордада шектеулер енгізілді. Өткен жұмыс аптасында Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева «Санитариялық індетке қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» қаулыға қол қойды. Құжаттағы дерекке зер салсақ, соңғы 45-ші аптада қалада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркелді, 44-ші аптамен, яғни 30 қазан мен 5 қараша аралығымен салыстырғанда сырқаттанушы саны 1,5 есе артқан.
Мектеп оқушылары арасындағы аурудың таралуы жалпы сырқаттанғандардың 25 пайызын құрайды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,1 есе артқан, әсіресе 1-4 сыныптарда.
Құжатқа сәйкес, бірқатар шара енгізілді. Атап айтсақ, емханалар мен стационарлардың жұмысын күшейту, науқастарды оқшаулау, қабылдау кабинеттерін кеңейту, маска тағу режимін сақтау, температуралық бақылау, вирусқа қарсы препараттардың қорын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ 20 қарашадан 5 желтоқсанға дейінгі кезеңге сыныптағы оқушылар санының 30 пайызы және одан да көбі ЖРВИ-мен сырқаттану тіркелген жағдайда оларды қашықтан оқыту форматына ауыстыру, әр ауысым алдында «таңғы сүзгі» жүргізу, жедел респираторлық ауру белгілері бар мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балаларды, сондай-ақ педагогтарды сабаққа жібермеу, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру объектілерінде топтық оқшаулауды сақтаушаралары қарастырылған.
Қызылорда облысы бойынша ЖРВИ, тұмау ауруының эпидемиологиялық ахуалы жайында білу үшін Қызылорда облысының СЭБД басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымовамен байланыстық. Оның айтуынша, Қызылорда облысы бойынша 2025-2026 жылғы жаңа эпидмаусым басталғаннан бүгінге дейін ЖРВИ-дің 34 094 жағдайы есепке алынған. Оның ішінде 69%-ы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде.
− ЖРВИ-мен сырқаттанған 337 науқастың сынамасы ПЦР әдісі арқылы тексеріліп, зертханалық жолмен A типті (H3N2) 93 тұмау ауруы нақтыланды. Республика аумағында, сондай-ақ облыста тіркелген А типті (H3N2) гонконг тұмауы – бұл жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың бұрыннан белгілі түрі және жыл сайын айналымда болады. Дегенмен халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті және адамдар арасында тез таралуымен, аурудың ауыр ағымда өтуімен ерекшеленеді. Басты алдын алу жолы – вакцинация.
Тұмау ауруының алдын алу мақсатында эпидмаусымға 85 006 доза вакцина сатып алынды. Бүгінде 84 мыңға жуық азаматқа тұмауға қарсы вакцина жүргізілді, − деп пікір білдірді маман.
84 мың адамды нақтыласақ, 23 466 бала, 60 531 ересек, 600 қарт пен 2 898 жүкті әйел вакцина алған.
− Сонымен қатар жұмыс берушілер тарапынан 2000 доза вакцина сатып алынып, 1 520 екпе жүргізілді. Жалпы облыс бойынша тұмауға қарсы 85 517 адам вакцина қабылдап, облыс тұрғындарының 9,9 пайызы қамтылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жалпы тұрғынның 10% егу қарастырылған, − деп нақтылады Қызылорда облысының СЭБД басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова атап өткендей, бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 124 сүзгі кабинеті, 52 ішек инфекциясын алдын алу үшін ПОР кабинеттері, білім беру ұйымдарында термометрия, ЖРВИ белгілері бар оқушыларды оқшаулау жұмыстары атқарылуда. Емханалардағы мобильді бригада қызметі түнгі сағат 00:00-ге дейін ұзартылып, 75 жедел медициналық жәрдем бригадалары 81-ге дейін көбейтілді. 200 төсекке арналған қайта жаңғыртудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы қосымша 100 төсек-орынға кеңейтілді. Ал көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жоспарлы емге қабылдайтын бөлімшелер жұмысы уақытша тоқтатылып, пульмонология бөлімшесі 80 төсекке кеңейтілген.
Сонымен қатар облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова:
− Аймақтағы жағдай тұрақты, барлық қажетті медициналық қызмет пен жедел көмек құралдары толық қамтамасыз етілген. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бойынша қазіргі таңда барлығы 75 жедел жәрдем тобы жұмыс атқаруда. Оның ішінде облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрамында 75 топ, ал бастапты медициналық санитариялық көмек ұйымдарының жанында 31 мобильдік топ қызмет көрсетеді, − деді.
Облыстық білім басқармасымен де байланысқа шығып, оқушылар арасындағы жағдайды сұрадық. Мамандар ахуалдың тұрақты екенін хабарлады.
Сандар сөйледі, дерек жазылды. Ендігі қазақылыққа салынып ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік. Осы мақсатта қалалық орталық емхананың терапевт маманы Гүлзира Садықовадан кеңес алдық.
− Қазір вирус маусымының күшейген кезеңі. Инфекциядан қорғану үшін келесі шараларды орындау маңызды: адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, ауру адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу, қолды сабынмен жиі жуу, антисептик қолдану, бөлмені жиі желдету, жөтелгенде, түшкіргенде қол орамал пайдалану, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау, дәрумендер қабылдау керек. Ең тиімді қорғаныс әдісі − маусымдық тұмауға қарсы вакцинаны уақытылы қабылдау, − деп кеңес берді дәрігер.
Ал ауырған жағдай не істеу керек?
− Үй жағдайында демалу, сұйықтықты көбірек ішу керек. Қызу көтерілген жағдайда парацетамол немесе ибупрофен, ал мұрын бітелсе тұзды ерітіндімен шаю қажет. Жөтел мазаласа дәрігер ұсынған сироптарды пайдалануға кеңес беремін. Ең бастысы өз бетінше емделуге болмайды. Егер жағдай нашарласа, мысалы қызу 3 күннен кейін де түспесе, тыныс тарылса, қатты әлсіздік болса міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
Гонконг вирусына келсек, бұл штамм көбіне балаларда, жүкті әйелдерде және созылмалы ауруы бар адамдарда ауыр өтеді. Гонконг тұмауыынң (H3N2) негізгі симптомдары: дене қызуының кенеттен көтерілуі (38-39°C), бас ауруы, бұлшық ет пен буындардың сырқырауы, әлсіздік, шаршау, тамақтың қырылуы, құрғақ жөтел, мұрын бітуі немесе су ағуы, кейде құсу, тәбеттің жоғалуы, − деді Гүлзира Садықова.
Инфекционист дәрігер, педиатр Роза Өтегенова:
− Егер баланың жағдайы нашарласа, жиі құсу, құрысулар пайда болса, бала тамақ пен ана сүтінен бас тартса, дереу жедел жәрдем шақыру керек. Өз бетінше емдеуге болмайды, − деп ескерту жасады.
Ауырған адам көп жағдайда антибиотик қолданады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының дерегіне сәйкес, антибиотиктердің сатылымы 68 пайыз артқан. Ал оның салдары қандай? Бұл сауалға Астана медициналық университетінің доценті, 35 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты балалар дәрігері Жанар Әубәкірова жауап берді.
− Бүгінгі балалар аурушаң, ауруға бейім. Шынымен вирус, тұмау деп барлығы антибиотик қабылдап жатыр. Егер анализде бактерия болмаса, антибиотик баланың иммунитетін төмендетеді, балада құсу, іш өту орын алады. Сондықтан антибиотикті дәрігер тағайындаған жағдайда қолдану керек. Егер дәрігердің рұқсаты болмаса ондай препараттарды пайдаланбау қажет. Ертеңгі күні дұрыс қолданылмаған препарат баланың асқазанында эрозия, гастрит тудырады. Бұл аурулар қазір жас балаларда да бар. Мұның барлығы антибиотикті дұрыс пайдаланбағанның салдары. Қысқа айтқанда вирус, тұмау кезінде антибиотик организмге ешқандай көмектеспейді, керісінше зияны көбірек. Антибиотикті көп қолданған баланың салмағы мен бойы өспейді, анемия, иммунитеті төзімсіз болады. Дені сау бала − антибиотик қолданбаған бала, − дейді ол.
Біз атаған аурулар жыл сайын қайталанатын эпидмаусымдағы дерт болса да, қауіпсіздік шараларын мықтап сақтаған жөн. Қайткенменде, дерт көп, ал денсаулық біреу.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
