Отандық медицинаның қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Әлемнің санаулы елінде жасалатын күрделі операциялар Қазақстанда жүзеге асып, мамандардың білік деңгейі артуда. Соның ішінде ағза мүшесінің трансплантациясын баса айтуға болатындай. Науқасқа аяққа тұрып, өмірге үмітпен қаруға жол ашқан медицинаның аталған саласы біз үшін де таңсық емес. Тіпті, жыл сайын бүйрегін беріп, бауырын ауыстырған азаматтардың қатары көбейгені жасырын емес.
Алдымен статистикаға жүгінейік. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда ағза мүшесінің трансплантациясы бойынша 100-ден астам операция жасалған көрінеді. Бұл – соңғы 6 айдағы дерек. Яғни, халықтың медицина мүмкіндігі мен денсулық сақтау саласына деген түсінігі түбегейлі өзгергенінің көрінісі. Тіпті, Еуропада кездесетін марқұмның ағзасын трансплантация үшін пайдалану бастамасы да Қазақстанда қолға алынуда. Министрліктің мәліметінше, қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ықтияр азамат gov.kz порталы арқылы алдын ала келісім қалдыра алады. Мысалы, 2020 жылдан бері порталда 18 мыңға жуық өтінім тіркелген. Алайда уақыт өте 17 мыңнан аса адам донорлықтан бас тартса, мыңға жуығы келісімін жоймаған.
– Өткен жылы республиканың трансплантация орталықтарында ағза мүшесінің транспланттау бойынша 171 операция жасалды. Оның ішінде 4 өлі донордан 10 ағза мүшесі, көзі тірі донорлардан 161 ағза мүшесі ауыстырылды. Ал биылғы жартыжылдықта трансплантация орталығында ағза мүшесін алмастыру бойынша 104 операция жасалды, – делінген министрлік мәліметінде.
Осы орайда ағза донорлығының басым бағытын айта кеткен жөн. Ол – сапалы ота, ем-шара. Яғни, трансплантацияға келісу бір бөлек, сапалы ота жасау мүлде басқа. Себебі аталған сала салғырттықты көтермейді. Ағза мүшесін ауыстыру кезінде екі адамның өмірі қыл үстінде болатынын, кейінгі нәтиже дәрігерге қатысты екенін ескерсек, мәселеге мән берудің сыры ашылады. Маманның білігі жеткіліксіз, материалдық-техникалық база әзір болмаса, көрсеткіш төмен болары анық. Сондықтан құзырлы мекемелердің лицензиясы, маман біліктілігін қадағалау басты назарда. Соңғы дерекке сәйкес, Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. 2012 жылдан бері елімізде Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – Қазақстан Республикасында ағза мүшесі донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру.

Саулық саудаланбау қажет
Әлеуметтік жағдайы төмен, қоғамдық сауат пен жауапкершілік аз елде небір сұмдықтың жүзеге асатыны белгілі. Әлемдік дағдарыс пен соғыс зардабынан қалжыраған Таяу Шығыс мемлекеттері, ағзаны «қара базарда» саудалайтын кей Қиыр Шығыс елдеріндегі ахуал жақсы таныс. Күнелту үшін бүйрегін сатып, азық үшін бауырын берген оқиғаны жаңалықтан еститінбіз. Бір қарағанда қорқынышты шығармаға ұқсайтын жайт Қазақстанды да сырт айналмаған. Жуырда отандық БАҚ несиесін төлеу үшін заңсыз жолмен ағза мүшесін сатпақ болған азаматтар туралы хабар таратты. Қызығы, кейіпкердің басым дені оңтүстік өңірден. Арасында қызылордалық та бар. Айтуынша, несиеден құтылу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Тұрмыс тауқыметін сылтау еткен азаматтар құқық қорғау мамандарының қолына түспеу үшін барын салуда. Сауда әлеуметтік желі арқылы жүргізіледі. Сенімді келісім, нақты талаптар сақталмасы анық.
2020 жылы ҚР ҚК 116-бабы бойынша органдар мен тіндерді пайдалану немесе заңсыз алуға мәжбүрлеу бойынша 57 іс болған, оның 37-і іс жүргізумен аяқталыпты. Ал 20 жағдайда күдікті мен айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған немесе оқиға орны анықталмағандықтан іс тоқтатылған. Ал соңғы 2 жылда құқық қорғау органдары аталған дерекке кезікпеген көрінеді. Алайда қылмыс жазасыз қалмайды. Адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе заңсыз алу 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына әкеледі.
Жақын адамның өмірін сақтап қалу үшін донор болу – адамгершілік. Алайда пайда табу мақсатында мұндай қадамға баруды ақтау орынсыз болар. Оның үстіне заңға да қайшы. Ал заң аясында әрекет ету, мұқтажға шынайы жәрдемдесудің жолы тым бөлек. Мысалы, «Сенім» бүйрегі ауыстырылған мүгедектер қоғамы көпке таныс. Онда науқастар бір-біріне көмектесіп, кеңес алмасады. Олар бүйрекке не қажет екенін, жасанды алмастырушы диализбен өмір сүру ауыртпалығын терең түйсінеді. Бүгінде Қазақстанда 3 562 пациент донорлық органдарды трансплантациялауды қажет етсе, олардың 79-ы балалар екен.
Медицина жетістігі адам өмірін құтқаруға бағытталған шараларды кешенді жүргізуге мүмкіндік беруде. Трансплантация саласындағы күрделі бағыттың бірі – жүрек трансплантациясын жасау ісін жетілдіру жағдайдың оң нәтиже көрсетуіне ықпал етті. Бұл орайда Қазақстандағы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы жемісті еңбек етуде. Бүгінге дейін орталық 80 жүрек трансплантациясын жасаған. Ал 2016 жылы өкпе трансплантациясы операциясы сәтті өткізген еді. Қазіргі таңда 12 өкпе трансплантаты бар орталық Қазақстан мен Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені трансплантациялауды жүзеге асыратын жалғыз клиника.
Ағза мүшесінің донорлығы туралы оң көзқарас қалыптастыру, қоғамдық сананы жетілдіру денсаулық сақтау саласы үшін маңызы зор. Сондықтан бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу кезек күттірмесі анық.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!