Соқырішекті емдейміз деп қызымды қуықсыз қалдыра жаздады деп зар жылаған түркістандық әйел дәрігерлердің жазасыз құтылғанына наразы, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Әйел енді жасөспірім шақтағы қызына 2 ай ішінде төртінші ота жасатуға мәжбүр екен.

«Дәрігерлер маған ішінде майлық қалып кеткен ба, білмейміз, қызыңыз өте ауыр халде, қуыққа дейін ірің басып кеткен, 80 сантиметр ішекті қуықтан ажыратып, алып тастадық деп айтты», – дейді Динора Абдусаметова.

Түркістандық әйелдің 12 жастағы қызы Лейла Хамитова жаз басында соқырішекпен Түркістан қаласының балалар ауруханасына түсіпті. Бірақ аурудан айығып шығудың орнына, керісінше қызуы қайта-қайта көтеріліп, бір отадан кейін тағы екеуі жасалғанын айтады.

Дәрігерлердің салғырттығынан балам денсаулығынан айырылды деген ол шағымын айтып сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне де арызданған. Ал онда сөгіс жарияланған. Ал қызына ота жасаған дәрігер қазір жұмысын жалғастырып жатыр екен. 

«Ол дәрігерге сөгіс берілді. Отадан соң күтім болуы керек. Меніңше, ешқандай күтім болмаған. Егер отадан соң, қыздың іші ауыратындай асқынулар болғанда, біз облыстық  ауруханаға жіберетін едік», – деді Түркістан қалалық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байкеев.

Түркістандық дәрігерлерден көңілі қалған әйел қызын енді шетелдік мамандарға көрсетпек. Төртінші ота келесі аптада жасалады. Оның сөзінше, дәрігердің салғырт жасаған отасынан кейін қызын емдеуге тағы 1 миллион теңгеге жуық ақшасы кеткен. Енді ана қызының беті бері қараған соң, Түркістандағы балалар ауруханасының меңгерушісін сотқа беруге бел буып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!