Тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялар эпидемиялық маусымында қазақстандық мектептерде жаңа шаралар енгізіледі. Сыныптағы оқушылардың 30% немесе одан да көп бөлігі ауырып қалса, бүкіл сынып онлайн оқытуға көшеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алдағы эпидемия маусымында мектептерде санитарлық тазалық шаралары жүргізіледі. Егер сыныптағы оқушылардың 30% немесе одан да көп бөлігі тұмау немесе жіті респираторлық вирустық инфекциялармен ауырса, бүкіл сынып онлайн оқытуға ауыстырылады. Бұл туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысында айтылған.

Мектеп оқушыларының 20-30 пайызы ауырып қалса, сыныптық жүйе уақытша тоқтатылып, он күн бойы бұл сыныпқа жаңадан келген балалар қабылданбайды.

Сондай-ақ балабақшалар мен мектептерде күнделікті «таңертеңгілік сүзгі» жүргізіледі: суық тию, тұмау немесе COVID-19 белгілері бар балалар сабақтан шеттетіледі.

Сондай-ақ елде 15 қыркүйекте тұмауға қарсы екпе егу басталады, 1 қыркүйекке дейін егуге жататындардың тізімі жасалып, 10 қыркүйекке дейін барлық медициналық ұйымдар эпидемиялық маусымға дайындықты аяқтауы тиіс.

Медициналық мекемелерге тек тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялармен ғана емес, сонымен қатар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауды, оның ішінде COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!