ЖРВИ яғни «жіті респираторлы вирусты инфекция» ауруларына тұмау және жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын бірнеше аурулар түрлері жатады. Оларға тұмаудан басқа парагрипп, аденовирсты, риновирусты т.б. көптеген вирусты жұқпалар жатады. Бұл аурулардың қоздырғыштары әртүрлі вирустар (А,В,С) және олар әлемде кең таралған.

Әрбір ересек адам кем дегенде жылына 2 рет, оқушылар 3 рет, мектеп жасына дейінгі балалар 6 ретке дейін тұмау немесе ЖРВИ-мен аурады. Біздің жерлерде тұмаудың бас көтеруі суық түскен қыс айларында басталып, кейде көктемге дейін созылуы мүмкін. Тұмау, жіті вирусті инфекциялар тыныс жолдарының зақымдануымен және ағзаның улануымен көрінетін ауру.Тұмау вирусы ауа арқылы науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде қоршаған ортаға таратылып сау адамдарға жұғады, әсіресе жұғу мүмкіндігі бастапқы күндері өте жоғары. Жас балалар мен жүкті әйелдер және қарт адамдар немесе созылмалы ауруы бар адамдар үшін тұмау өте қауіпті. Өйткені бұл адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді және асқынуларға әкеліп соқтырады.

Ауырғандардың 10-15%-ы асқынуға шалдығады. Ең жиі кездесетін асқынулар: өкпенің қабынуы, отит, гайморит, менингит. Тұмау мен ЖРВИ клиникасы кенеттен басталады: дене қызуының көтерілуімен 38-39С-ға дейін, әлсіздену, бас ауырып адам дел-сал күйде болады, сонымен қатар құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың қарлығуы, кеуденің ашып ауыруы. Егер ауырған адам дер кезінде емделсе тұмаудан 5-7 күн ішінде айығып кетуге болады. Тұмаудың жеңіл және орташа ауыр түрлерін учаскелік дәрігер немесе отбасылық дәрігердің бақылауымен үйде емделеді, ал ауыр және асқынған түрлері жұқпалы аурулар ауруханасында емделеді.

Ең негізгі міндетті шарт науқасты оқшаулау, жеке басының гигиеналық тәртібін сақтау. Әр адам тұмау кезеңінде бетперде тағып жүргені дұрыс. Науқас адам тұмау басталысымен міндетті түрде дәрігерге қаралуы керек. Тұмаудың алдын алу жолдары: тұмау маусымы басталар алдына 1-2 ай бұрын тұмауға қарсы вакцинация алуы керек. Вакцина салу 6 айлық кезден басталады. Әсіресе балабақша, мектеп оқушылары, созылмалы аурулары бар кісілер, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер, транспорт және халыққа қызмет көрсету жүйесімен айналысатын адамдар алуы керек. Вакцинадан кейін иммунитет 2-4 аптада адам ағзасына үйренеді және жыл бойы сақталады. Сол үшін вакцинаны жыл сайын салдыру қажет. Инфекциялық, жедел инфекциялық науқастарда және созылмалы аурулары қозу кезінде вакцина салу кері әсер етеді. Бұл кісілерге вакцина сауыққанннан кейін бір аптадан соң салынады. Тұмау ауруының және жедел ішек аурулары қозуы кезінде вакцина салу дене температурасының қалыпты жағдайға түскен кезінде жүзеге асады.

Г.ТАЖБЕНОВ,
Қызылорда бөлімшелік көліктегі
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!