75 мың өлген өмір, жылаған «ана», жоғалған болашақ.
Қай 75 000 дейсіз бе? Бұл жыл сайын елімізде жасалатын жасанды түсік саны. Иә, ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда бір жылдың өзінде осынша әйел жүктілігін жасанды түрде үзеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеген еді.
Сонда қай тұста қателестік? Неге өмірдің бастауы болған сәт үміт емес, үкімге айналды? Туылмай жатып шетінеген сәбидің обалы кімге?
Сандарды сөйлетсек жаға ұстағаннан да бетер боламыз. Ешкімге жасырын емес, жасанды түсік жасауға бел буғанның басым бөлігі кәмелетке толмағандар болуы мүмкін. Қаршадай қыздың партада емес, перзентханада жүргені құлаққа түрпідей тиеді. Дерекке сүйенсек, баланың да балалы болуы пандемия кезінде күрт өскен. 2020 жылы жеті мыңға жуық жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынып, мыңнан астамы жасанды түсік жасатқан. Оның ішінде 5639-ы ана атанды. Мұның өзі адам шошырлық. Дегенмен сол уақытта Денсаулық сақтау министрлігі кәмелет жасқа толмағандардың ерте жаста жүкті болуы 2019 жылмен салыстырғанда едәуір азайғанын хабарлады. Азайғаны сол болса…
Қолындағы қуыршағын бөбекке алмастырғандардың көрсеткіші кейінгі бес жылда 1,5 есе өскен. Сондай ақ елдегі ерте жүктілік деңгейі 3 жылда 25% төмендеген деген дерек те бар. Ал ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақованың айтуынша, кейінгі бес жылда елде 18 жасқа толмаған 12 мыңға жуық қыз бала жүкті болған.
– Бұл бағытта мемлекеттік органдар, медициналық және білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестер бірлесіп жұмыс істеуде. Алайда, жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қою дұрыс емес. Халықтың денсаулығы – бұл баршаға ортақ жауапкершілік, ол ұлттық игілікке негіз боларлық маңызды мәселе, – деді Жұлдызай Ысқақова.
«Amanat» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес отырысында Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың ұсынған дерегіне сәйкес, қатынасқа түскен жасөспірімдердің шамамен 17%-ы кемінде бір рет жүкті болған. Алайда былтыр 15 пен 18 жас аралығындағы бойжеткендер арасындағы жүктілік деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 11% төмендеген. Десе де, маман бұл көрсеткіштің алаңдатарлық жағдай екенін де айтты.
Министрдің сөзіне қайта оралсақ, брифингте Әлназарова:
– Қазақстанда жыл сайын 75 мың түсік жасалады. Заманауи отбасын жоспарлау әдістері бар кезде біз бұл көрсеткішті азайтуға күш салуымыз керек. Себебі әрбір түсік – әйелдің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп. Қазіргі таңда емханаларда әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды отбасын жоспарлау құралдарымен қамтамасыз ету үшін қажет қаражат бөлінуде, – деді ол.
Осы орайда жасанды түсіктің алдын алу үшін әлеуметтік осал топтағы әйелдерді тегін контрацептивтермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ал Қазақстанда аборт жасауға тыйым салу қарастырылмайды. Журналистердің жасанды түсік жайлы сауалына министр «Жоқ. Біз неғұрлым өркениетті әдістерді таңдаймыз» деп нақты жауап берді.
Өздігінен түсік деген бар, иә. Бұл жүктіліктің 22-аптасына дейін ұрықты өздігінен жоғалту. Мұндай жағдайға көбіне инфекция әсер етеді. Себебі бұл мерзімде шақалақтың салмағы 500 граммға да жетпейді.
Ал ерте жүктілік пен түсік қаншалықты қауіпті? Бұл сауалға жауап алу үшін Жастар денсаулығы орталығының гинеколог маманы Айгерім Ыдырысовамен байланыстық.
– Иә, өкінішке қарай, бүгінде өздігінен немесе жасанды түсік жасату жиі кездеседі. Түсік – өте қауіпті әрекет. Әсіресе, босанбаған, тұрмыс құрмаған қыз балалар үшін аса қауіпті. Өйткені бұл олардың болашақта бедеулікке шалдығуына әкелуі мүмкін. Яғни, егер қыз бала некеге дейін жүкті болып, түсік жасатса, бірінші жүктілігін үзу аналық жүйеге үлкен зақым келтіреді. Кейін бала көтеру қабілетінен айырылып қалу қаупі жоғары. Түсіктен кейін қатты қан кетіп, жатырдың зақымдануы мүмкін немесе жатырды алып тастайды. Мысалы, жүз пайыз қыз баланың шамамен 25 пайызы түсік жасатқаннан кейін ұзақ уақыт балалы бола алмайды немесе бала сүю мүмкіндігінен мүлдем айырылуы ықтимал. Сондықтан бірінші баланы өмірге әкелген жөн, – дейді маман.
– Ал ерте жүктілік пен жасанды түсік жасату неге көбейді?
– Мұндай жағдайдың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді: жыныстық сауаттың төмендігі, ақпараттың аздығы, әлеуметтік қиындықтар, отбасылық мәселелер.
Біз жасөспірімдермен жиі кездесу өткіземіз. Мектеп пен колледждерде ерте жүктіліктің қаупі, түсіктің зияны туралы түсіндіреміз. Тәжірибеде байқалғандай, мұндай жағдай көбіне толық емес отбасындағы қыздарда жиірек кездеседі. Білімнің жетіспеуі де ерте жыныстық қатынасқа түсуге әсер етеді.
– Қандай кеңес бересіз?
– Қазір жас отбасыға медициналық және психологиялық кеңес алу мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Тұрмыс құрған жастар міндетті түрде отбасылық кеңес беру орталықтарына, гинеколог және уролог мамандарға жүгінгені жөн. Емханаларда жас аналарға кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Мұнда жаңа босанған әйелдерге немесе түсіктен кейінгі күтім қажет әйелдерге тегін кеңес беріледі. Сонымен қатар тегін контрацептивтер, гормоналды таблеткалар, спираль немесе үш айға дейін әсер ететін укол түрлері ұсынылады. Өкінішке қарай, көп қыз ақылы емханаларға немесе дәріханалардағы таблетка арқылы жасанды түсікке жүгінеді. Мұндай препараттар тек дәрігердің нұсқауымен беріледі. Егер қыз бала оны өздігінен, кеңессіз қабылдаса, жатырдың зақымдануына дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан мұндай дәрілерді тек маманның бақылауымен, арнайы рецепт арқылы ғана қолдану қажет.
Міне, маман пікірі осындай. Ал жыныстық сауаттылыққа келсек, арнайы статистика, «сөйлейтін» сан жоқ. Мамандар жастардың ересектерге еліктеп, жыныстық өмірін ерте бастайтынын айтады. Тіпті қорғану әдістері туралы да білімі аз. Қазақстандық жасөспірімдер орта есеппен 16,5 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Жыныстық тәрбие бойынша тренер Аслан Темірханның айтуынша, жастардың 91%-ы жыныстық жолмен тарайтын инфекцияларды білмейді, тіпті олардың қалай таралатыны жөнінде бейхабар. Сонымен қатар ата-ананың жасөспірім баласымен бұл тақырыпта сөйлеспейтінін айтты. Ал бұл ретте, әрине, әлеуметтік желідегі ақпарат жасөспірімге азық болады. Бірақ интернет- ресурс әрқашан дұрыс ақпарат бермейді. Мысалы, биыл мамыр айына дейін құқыққа қайшы келетін 5000-нан астам интернет-ресурс анықталса, оның 600-ден астамы порнография таратқан. «Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі» халықаралық әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша, сауалнамаға қатысқан 1201 баланың 7,1%ы кейінгі жылдары сексуалдық сипаттағы хабарлама алғанын, 3%-ы сексуалдық сипаттағы фотосуреттері мен бейнежазбалары үшін өздеріне ақша немесе сыйлық ұсынылғанын, 1,8%-ы сексуалдық қатынасқа түсу мақсатында өзгелердің қорқытқанын немесе бопсалағанын, қыздардың 10,1%-ы онлайн таныстарымен жеке кездескенін көрсеткен.
Келесі айтарымыз – елдегі демографиялық ахуал баршаға аян, ал түсік көрсеткіші, керісінше, төмендер емес. Жыл сайынғы 75 мың жасанды түсік – бұл бір аудан халқының азаюымен тең. Ойлап көріңізші, осындай қарқын сақталса он жылда 750 мың сәбидің өмірі үзіледі. Бұл – бүтін бір ұрпақтың жоқ болуы. Мұндай қарқынмен біз қашан көбейеміз?
Әлгіндегі санмен аяқтауды жөн көрдік. 75 мың түсік – 75 мың тағдыр…
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!