Күннің ысуы, жаз маусымының басталуына байланысты тырысақ, жедел ішек ауруларының тіркелу қауіпі арта түседі. 2025 жылдың 5 айында облыста тырысқақ ауруы тіркелген жоқ. Соңғы жағдай 2005 жылы қала тұрғынан анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2025 жылдың 27 сәуіріндегі ресми деректері бойынша әлемде тырысқақ ауруының 137 398 жағдайы тіркелді, оның ішінде 1 882 жағдай өліммен аяқталды, жиі анықталған аймақтар – Азияның 8 елінде, Африканың 18 елінде тіркелді.
Біздің өңір тырысқақ ауруынан Республика бойынша қауіптілігі жоғары І типті аумақ қатарына жатқызылғандықтан жыл көлемінде тырсқақтың алдын алу шараларына мониторинг жүргізіледі. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі обаға қарсы күрес станцияларының және «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалы мамандарымен ашық су көздері бойынша бақылау нүктелерiнен су сынамаларын алып, зерттеулер жүргізеді, қоздырғыштар анықталған жағдайда жедел түрде індетке қарсы, профилактикалық шаралар атқарады. Атап айтқанда, ауыз су жүйелеріне гиперхлорлау жұмыстары жүргізіледі, сынама алу нүктелерінің саны көбейтіледі, яғни үш реттік теріс нәтиже көрсеткенге дейін аптасына 2-3 ретке дейін алынады. Стационарға келіп түскен жедел ішек ауруларымен ауыратын науқастарға бір рет тырысқаққа бактериологиялық тексеру жүргізіледі. Есепті мерзімде профилактикалық мақсатта 75 тұлға тырысқаққа тексеріліп, ауру анықталған жоқ.
Тырысқақ ауруы – аса қауіпті, жедел жұқпалы ауру. Ол ағзаның сусыздануымен, гастроэнтерит белгілерімен сипатталатын карантиндік инфекциялар тобына жатады.
Ауру қоздырғышы суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады. Жұқтырудың негізгі көзі – ауру адам немесе вибриотасымалдаушы. Ауа-райының ыстық болуы ауру қоздырғыштарының көбеюіне қолайлы жағдай тудырады, 16 ͦ С-тан жоғары болатын жылы, ақпайтын суларда жақсы көбейеді. Адам ағзасына ауру қоздырғышы ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге науқаспен қарым-қатынаста болса, залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, қоздырғышпен зақымданған тағам өнімдері мен ыдыс, кір қол арқылы жұғады.Тырысқақ ауруының инкубациялық жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 6 күнге дейін созылады. Алғашқы белгілері жедел басталады, тамақтан улану белгілеріне ұқсас келеді, науқас көп сұйықтық жоғалтады. Басқа жедел ішек ауруларынан ерекшелігі – ауру ағымының ауырлығымен, өлім қаупінің жоғарлығымен, қысқа мерзім ішінде кең аймақтағы тұрғындардың үлкен континентін залалдау қасиетімен ерекшеленеді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келесі сақтық шараларын ұсынады:
- жеке гигиена ережелерін орындау;
- тек қайнатылған, бөтелкедегі тазартылған суды ішу;
- егер мұздың қауіпсіз судан жасалғанына күмәніңіз болса, сусынды сақындату үшін пайдаланбау;
- термиялық өңдеуден мұқият өткізілген өнімдерді пайдалану (қайнатылған, пісірілген/қуырылған), жеміс-көкөністерді қайнаған сумен жуу, шикі теңіз өнімдерін пайдаланбау;
- пастерленбеген сүтті ішер алдында қайнату;
- тағам және сусындарды арнайы рұқсат етілген, санитарлық талаптар сақталған сауда орындарынан сатып алу;
- арнайы белгіленген орындарда ғана суға түсу, шомылу кезінде су жұтып қоюдан сақ болу;
- аурудың алғашқы белгілері байқалса, үй жағдайында өзін-өзі емдемей, шұғыл арада медициналық көмекке жүгіну.
Жаз мезгілінде тұрғындардың демалыс маусымы басталып, шет елдерге саяхаттау жиілейді. Сәйкесінше ыстық елдерге шығуына байланысты тырысқақ ауруының елімізге әкеліну қауіпі арта түседі. Осы ретте тырысқақ ауруынан қолайсыз болып саналатын елдерге саяхаттағанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн.
Аурудан толық жазылу – дер кезінде дәрігерлік көмекке қаралуыңызбен тікелей байланысты екенін есте сақтаңыз.
Ә.Әбдіқайымова Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!