Үндістан билігі азаматтарды тағы да ковид шектеулерін сақтап, бетперде киюге шақырды. Көрші Қытайда вирустың өршуінен Үндістан билігі сақтануға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС жаңалықтарына сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы апталарда жаңа ковид-19 толқынының таралуына байланысты Бейжіңдегі және Қытайдың басқа қалаларындағы ауруханаларда орын жоқ.
Қытай билігі ауру саны салыстырмалы түрде төмен екенін айтады, ал ДДҰ төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Майкл Райнның айтуынша, Қытайдағы реанимация бөлімшелері тез толып жатыр.
Осыған байланысты көршілес Үндістан билігі тұрғындарды қайтадан бетперде киіп, пандемия кезінде ұсынылған ережелерді сақтауға, сондай-ақ сақтық шарасы ретінде вакцинаның күшейткіш екпесін алуға шақырды.
Қытай алғаш рет елге шетелдік вакцинаны жеткізуге рұқсат берді – сәрсенбіде германиялық Pfizer/BioNTech бірінші партиясы келді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!