Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Делиден (Үндістан) Алматыға ұшып келген ұшақ бортында тырысқақ жұқтырып алған болуы мүмкін деген күдіктегі әйел анықталды, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі 5 сәуірде Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana рейсінің бортында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында іш өту, айқын әлсіздік, ауыздың құрғауы сынды шағымдары бар жолаушы анықталғанын хабарлады.

«Қырғыз Республикасының азаматы Делиден Қырғызстанға Алматы қаласы арқылы бармақ болған. Санитарлық-карантиндік бақылау мамандары жұқпалы ауруға күдікті әйелді медициналық тексеруді жедел ұйымдастырып, талдау нәтижелерін алғаннан кейін «тырысқақ» диагнозы қойылды», деп хабарлайды ҚР ДСМ.

Мамандар онымен жақын байланыста болған жолаушыларды анықтап, оларға зертханалық тексеру тағайындады.

«Науқас және байланыста болған жолаушылар Алматы қаласының инфекциялық стационарына жатқызылды. Ұшақ бортында дезинфекция жүргізілді. Борттағы жолаушылар арасында аурудың белгілері және тырысқақ ауруының алдын алу шаралары туралы ақпараттық түсіндірме жүргізіліп, симптомдар пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылды», делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!