17 наурызда Меркі ауылында орналасқан «Нұрай» мектепке дейінгі білім беру орталығының 10 тәрбиеленушісі жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген. Зардап шеккендер арасында үш айлық сәби мен мектеп оқушылары бар, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Аймақ әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханада 14 бала мен бір ересек адам ем қабылдап жатыр. Тоғыз бала үй жағдайында ем алуда. Тағы бір бала жан-жақты тексеру мен әрі қарай ем қабылдау үшін облыстық орталыққа жеткізілген.

Тоғыз балада жедел ішек инфекциясы, біреуінде энтеровирустық инфекция анықталған.

«Ауруханаға жеткізілгендердің арасында балабақшаның 10 тәрбиеленушісі, үш айлық сәби және үш мектеп оқушысы бар», – деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиғаның себептерін зерттеу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. Топ мүшелері балалардың үйлеріне барып, олардың жағдайын анықтап, ата-аналарымен сұхбаттасуда.

«Меркі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, барлық қажетті сынамаларды алды. Қазір мамандар сараптама қорытындысын күтуде», – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Қарашөкеев бұл жағдайды жеке бақылауына алатынын айтып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын ескертті.

Орталықтың қызметі екі күнге тоқтатылған. Ғимаратта дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!