Әсел ӘБДЕШ, облыстық психикалық денсаулық орталығының аға психологы:
Ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдармен күресу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Десе де оларды ауруынан айықтыру оңай емес. Бұл екеуін емдеп жазу арнайы мамандардың ғана қолынан келетін іс. Соның бірі облыстық психикалық денсаулық орталығының аға психологы – Әсел Әбдеш.
– Әсел, өзіңізді газет оқырмандарына жақынырақ таныстырып өтсеңіз?
– Мен, Әсел Асылбекқызы Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығында аға психолог болып жұмыс атқарамын. Мамандығым – психолог. Қостанай облысы, Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы институттың түлегімін. 10 жылға жуық еңбек өтілі бар маманмын. Күнделікті қызмет барысында ішімдік пен есірткіге тәуелді азаматтармен жұмыс жасаймын. Науқастардың кеселді дертінен арылуы үшін қолымнан келгенше көмек көрсетемін.
– Әсел, психология саласын таңдауға не түрткі болды?
– Психология – бұл адамның жанын зерттейтін ғылым. Психолог маман біздің уақытта қажетті мамандық болып саналады. Қазіргі таңда жаңа қарқын алып келе жатқан беделді және танымал мамандықтардың бірі десем қателеспеймін. Психология – бұл қарым-қатынас өнері, түсіну, қолдау және көмек. Бұл сала маған ерекше ұнады. Осы мамандықты таңдау арқылы мен өзгерудің, өзімді дамытудың жаңа қырын ашқандай болдым. Психология менің өміріме оң өзгерістер әкелді.
– Қазіргі қоғамға бұл мамандық қаншалықты қажет? Шетелде бұл сала қалай дамыған?
– Психология саласы – біздің елімізде енді қарқын алып, дамып келе жатқан мамандықтардың бірі. Бұрын азаматтар психологтардың көмегіне жүгінбейтін болса, қазір бұл салаға деген көзқарас өзгерді. Яғни, психологтармен сырласу және сұхбаттасу арқылы, проблеманың шешімін табуға болатынын қоғам түсініп келеді. Әр мәселенің оң шешімі болады. Психолог арқылы сол дұрыс шешімді табу әлдеқайда жеңіл. Шетелде бұл мамандық әрине дамыған. Өзге мемлекеттерде отбасылық психологтардың қызметіне жүгінушілер өте көп. Бұл мамандарға сұраныс та жоғары. Сәйкесінше, жалақылары да бізбен салыстырғанда едәуір көп.
– Наркологиялық тәуелділігі бар науқастарға ем қалай жүргізіледі?
– Негізінен психологтар наркологиялық тәуелділігі бар науқастарға үш бағытта көмек жүргізеді. Оның ішінде; психотерапиялық, психокоррекциялық және психодиагностикалық. Сонымен қатар мамандар ем алушылардың туысқандарымен де кездесіп, отбасылық терапия жүргізеді. Арнайы сұхбаттасу арқылы науқасты алаңдататын мәселені терең зерттеп, шешімін табуға септігін тигізеді. Көп жағдайда мұндай ем-шаралар оң нәтиже береді. Әр науқаспен жеке-жеке жұмыс жасалынады. Түрлі сауалнамалар алынып, өзіндік даму бағытында семинар-тренингтер ұйымдастырылады.
– Сіз өз біліктілігіңізді қалай арттырасыз?
– Психологтар үшін ұдайы біліктілігін жетілдіріп, білімін толықтыру аса маңызды. Қазір технология дамыған заман, яғни күнделікті мамандыққа қатысты жаңа ақпараттар мен әдістемелер жарық көреді. Оларды игеру өте қажет. Біз жыл сайын халықаралық біліктілігі жоғары, өзің мойындатқан психологтардың арнайы курстарына қатысамыз. Лекторлар шетелден немесе республикалық орталықтардан келеді. Көбіне мұндай курстар көрші облыстарда өткізіледі. Облыстық психикалық денсаулық орталығының қолдауы арқасында мұндай шаралардан тыс қалмаймыз.
– Наркологияға тәуелді адамдар қанша уақытта жазылады?
– Бұл адамның өзіне байланысты. Бәрі ішкі дүниесіне, өзінің қалауымен орын алатын жағдай. Тіпті жазылмай кетуі де ғажап емес. Себебі адамды “мен аурумын, тәуелдімін” деген сөздер де іштей жеуі мүмкін. Сосын отбасының, жақындарының қамқорлығы, қасынан табылуы үлкен рөл атқарады. Әдетте ремиссия 1-2 жылға созылып, сосын рецидив болуы мүмкін.
– Статистиканы сөйлетсек, наркологиялық есепте тұрған қанша адам бар?
– Бүгінгі күні облыс бойынша 5346 науқас наркологиялық есепте тұр. Олардың 4646-сы маскүнемдікпен, 10-ы уытқұмар, 690-ы нашақор. Нашақорлардың ішінде; 22 апиынқұмар, 348 гашишқұмар, 320 полинаркоман. 2021 жылдың басынан бастап облыс бойынша 2 жасөспірім уытқұмарлықпен есепте тұрады. Бірақ олардың арасында нашақорлар жоқ. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста 296 нашақор есепке алынған. Сәйкесінше, 2021 жылдың басынан бастап 37 нашақор есепке алынған.
– Биыл қанша науқас емделді?
– 255 төсек-орынға есептелген наркологиялық стационарда жыл басынан бастап 500-ге жуық науқас емделіп шықты. Оның ішінде уытқұмар диагнозымен 1 жасөспірім тіркелген. Есірткіге тәуелділікті анықтаудың негізгі жолы – азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу. Осы мақсатта орталықта наркологиялық-сараптама кабинеті тәулік бойы жұмыс істейді. Ал облыстық психикалық денсаулық орталығы психиатрия саласы бойынша 9 бөлімше жұмыс жасайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!