Дүниежүзілік донорлар күніне орай Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және оған қарасты орталықтардың ұжымы ерікті түрде қан тапсырып, донор болды.
Бүкіләлемдік пандемия кезінде ерікті қан тапсыру арқылы індетке қарсы тұру, саламатты өмір салтын ұстауға үндеу. Жалпы, облыстық қан орталығында 22 мың донор тіркелген. Оның 800-і тұрақты түрде қан тапсырып тұрады.
– Қазақ халқында «қан» деген сөздің ұғымы зор. Қандаспыз, қанымыз бір қазақпыз дейміз. Бір тамшы қанның өмірмен тең бағасы болады. Басқарма басшысынан бастап ұжым қызметкерлері қан тапсырдық. Мақсатымыз өмірмен күресіп жатқан жандарға көмек көрсету. Бұл игілікті істі дәстүрлі түре жалғастырамыз, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов.
Жыл басынан бері қан орталығында 3300 адам донор болды. Күніне 100 адам қан тапсырады. Жалпы, мамандар тұрақты донорлар жүрек-қан тамырлары ауруларымен сирек ауырады, жарақат алғанда қан жоғалтуды жеңіл көтереді, 5 жылға ұзақ өмір сүретінін айтады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!