ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында вакцина алғандардың 65%-ын ревакцинациялау жоспарда бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимылды күшейту үшін денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені ескере отырып, коронавирустың таралуын болжау матрицасы қайта қаралды Соған байланысты, санитарлық-профилактикалық шаралар ведомствоаралық комиссияның отырысында енгізіледі», – деді министр. Сондай-ақ, ол ұжымдық иммунтитетті сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Сонымен қатар, ұжымдық қорғаныс пен тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау үшін бұрын КВИ-ге қарсы вакциналанғандардың кемінде 65%-ы ревакцинациямен қамтылады», – деді ведомство басшысы. Бұған дейін Ажар Ғиният елімізде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы жаңа тәртіпте жүргізілетінін айтқан болатын. «Сары» аймаққа өткен кезде инфекцияның таралу ошағын оқшаулауға қатысты қосымша шаралар қабылданады. Бұл ретте бизнеске жүктеме түсірмей, тиісті қадамдар жүзеге асырылады. Ал, «қызыл» аймаққа өткен кезде, өңірлерде «сары» аймақ кезінде қабылданған іс-қимылдарға қосымша тұрғындардың қозғалысын шектеу мен кәсіпкерлік субъектілері қызметіне қатысты шаралар қабылданады. Бұл жұмыстар екі кезең бойынша іске асырылады, сондай-ақ стационарлар мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің жүктемесі ескеріледі.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!