АҚШ-та халықаралық рейстерге жаңа талап енгізілді. Әр жолаушыдан COVID-19 бойынша теріс нәтижелі анықтама талап етіледі немесе бұл аурудан жазылып шыққаны туралы құжат болуы тиіс. Бұған қоса вакцина алып, індетке қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастырғаны ғана ұшаққа жіберіледі. Бірнеше медициналық және техникалық ұйым бірлесіп, вакциналау жөніндегі сертификаттың шифрланған көшірмесін алу жүйесін жасауға кірісті. Демек, анықтаманы өзіңізбен бірге алып жүрмей, оны смартфон арқылы көрсетуге жағдай жасалады.

Microsoft, Oracle, Salesforce және Мэйо клиникасы VCI вакциналау бастамасына ұйытқы болған. Бірлескен топ SMART Health Cards жүйесі арқылы екпе жасағандардың базасын жасады және оны оңай көруге болады. Смартфоны жоқтар QR-код қағазын алып, оны кез келген жерде ұсынса болады. Шифрланған мәлімет халықаралық рейс қызметкерлеріне көрсетіледі. Әдетте АҚШ-тың медицина ұйымдарында COVID-19-қа қарсы вакцина алғандарға есеп картасы беріледі. Бірақ оның жалған көшірмесін жасау оңай. Сондықтан электронды нұсқасы қауіптіліктің алдын алуы тиіс. Қазір елдегі кей әуежай мен компаниялар Commons Project жобасының денсаулық паспортын сынақтан өткізуде. Соңғысы VCI альянсының мүшесі екенін атап өткен жөн. Таяу арада құрама штаттарда COVID-19-ға қарсы вакцина алу – қалыпты өмірге қайта оралудың тиімді жолы. Ал әуе компаниясы мен жұмыс берушілер адамдардың екпе алғаны жайлы мәліметті ұсынуын міндетті қылса, бұл істің пайдасы артады. Осы ретте, вакцина алмағандардың жағдайы қиындай түседі, олар ұшаққа жіберілмей, жұмыс істеуге де рұқсат берілмейді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе әлемнің барлық елінде енгізілуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!