Бүгінде әлем жұртшылығын коронавирусқа қарсы вакцинациялау мәселесі толғандыруда. Екпе қалай жүргізіледі? Қанша кезеңнен тұрады? Бірінші кімдерге егіледі? Вакцинациялау ерікті түрде жүргізіле ме? Осы сан сауалдың жауабын тарқатып көрсек.

Көпшіліктің көңілінде вакцина салдыруға деген қорқыныштың бары жасырын емес. Өйткені ақпанның 1-інен бастап елімізде жаппай вакцинациялау басталады. Ол бірнеше кезеңді қамтиды. Ал бірінші кезеңде вакцина алатындар қатарында инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлері, жедел жәрдем қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық мамандар, алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер, қабылдау бөлімінің мамандары алады. Шамамен жүз мыңға жуық азамат вакцинаны қабылдайды. Сонымен қатар екінші кезеңде ЖББ мектеп мұғалімдері, ЖОО ұстаздары және ведомстволық медицина қызметкерлері  наурыздың 1-інен бастап қабылдайды. Одан кейін  сәуірдің 1-інен бастап үшінші кезең басталады. Бұл жерде атап айтсақ, шамамен 600 мыңға жуық азамат вакцина қабылдайды. Ал еліміз бойынша 6 миллион қазақстандыққа вакцина салу жоспарланған. Ескеретін жайт, әр адам вакцинаны ерікті түрде қабылдайды. Яғни ешкім мәжбүрлемейді. Вакцина салдырғыңыз келмесе, өз еркіңізбен бас тарта аласыз. Егер де мәжбүрлеу жағдайы болып жатса, онда комитетке не құқық қорғау органына хабарласуға болады.

– Дүниежүзінде пандемияның екінші кезеңі жүруде. Мемлекет басшысының індеттің жаппай таралуының алдын-алуға қатысты тапсырмасына сәйкес, аймағымызда облыс әкімінің бақылауымен арнайы іс-шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы аймақтағы бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға тоқталар болсақ, коронавирус инфекциясымен облыс бойынша бүгінге дейін 3544 науқас тіркелсе, соңғы тәулікте 9 жағдай анықталды. Олардың 96,6 пайызы емделіп шықты. Инфекциялық стационарда 38 науқас ем алып жатса, оның 4-еуі жансақтау бөлімінде ем қабылдауда, – деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Мүтәліпқызы.

Вакцинаны сақтаудың температуралық режимі минус 20°С екенін назарға ала отырып, талап етілетін температуралық режимдерді сақтау үшін осы қаңтар айында облыстық бастапқы медициналық көмек көрсету медициналық ұйымдары мен №6 қалалық емхананың базасында орналасқан вакцина сақтау қоймасын мұздатқыштармен жабдықтау үшін жергілікті бюджет есебінен қосымша қаражат бөлінді. Қызылорда облысына І кезеңде вакцинациялауға қажетті – 80 000 доза вакцина тасымалданып, салу жоспарлануда, – дейді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрсұлтан Әлімбайұлы.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде «COVID-19» коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациялауға тұрғындарды іріктеу 2020 жылдың 24 қыркүйегіндегі №612 қаулысына сәйкес жүргізілуде. Іріктелген 80 000 доза вакцина салынатындар тізімінде 6717 медицина қызметкері, 18858 педагог, 45390 жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары созылмалы аурулары барлар, 8241 студент және 794 жабық, медико-әлеуметтік мекеме қызметкері бар.

Жалпы вакцина жасы 18-ге толмағандарға және қарт кісілерге салынбайды. Ал бұл турасында ғалымдар вакцина егуде адамның жасынан гөрі, ағзаның иммунитеті басты рөл ойнайтынын алға тартады. ДДҰ таратқан мәліметке сәйкес, ауырған адамдардың жас ерекшелігі әр елде әртүрлі болған. Мәселен, Италияда көбіне 60-63 жастағы егде адамдар ауруға шалдықса, АҚШ-та ауырғандардың 50%-ы – 55 жасқа дейінгі азаматтар. Ал Оңтүстік Кореяда 20 жастағы жастар арасында COVID-19 көп тіркелген. Қазақстан бойынша жас ерекшелігіне қатысты статистикалық дерек әр өңірде әртүрлі. Дәрігерлер аурудың ауыр не болмаса жеңіл өтуі жасқа да байланысты екенін жоққа шығармайды.

Бірінші кезеңде тұрғындарға ресей ғалымдары жасаған «Спутник V» вакцинасы салынады.  Ал отандық вакцина сынағының үшінші кезеңінде ҚР ДСМ үш мың еріктіге клиникалық зерттеу жүргізуді бастады. Ақырғы кезең үшін жыл соңына дейін 10 мың доза көлемінде QazCovid-in екпесі қажетті мөлшерде шығарылады. Өз екпемізді жаппай егу алдағы наурызда басталады. Егер QazСovid-in вакцинасын сынақтан өткізу кезінде ерікті қайтыс болса немесе мүгедек болып қалған жағдайда 500 мың теңге мөлшерінде сақтандыру көзделген.

 Жалпы әлемде вакцинациялау жылдам қарқын ала бастады. Сол себепті әлемдік сарапшылар пандемия 2021 жылдың ортасында немесе соңында аяқталуы мүмкін деп болжайды.

Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!