Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов елдегі карантин туралы қаулыға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа қаулыда жұмыс беруші COVID-19 вакцинасын алмаған және соңғы 6 ай ішінде COVID-19 ауруымен ауырмаған жұмысшыларды қашықтықтағы жұмыс түріне ауыстыру керек делінген құжатта. Бірақ бұл талап міндеттерін қашықтан орындай алмайтын қызметкерлерге қолданылмайды.
Бұдан бөлек, Қазақстанға ұшақпен, теміржолмен, автомобильмен келетін азаматтар, Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19-қа қарсы вакцинацияның толық курсын алғандығы туралы құжаттық дәлелдемелер ұсынса, ПТР тестілеуден босатылады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде барлық келгендер ПТР нәтижесі теріс сертификат ұсынуы қажет. 5 жасқа дейінгі балалар ПТР нәтижесінсіз республика аймағын өткізіледі. Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациялары, авиакомпаниялардың экипаждары, Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында тұруға рұқсаты бар адамдар Қазақстан Республикасында COVID-19-қа қарсы вакцинацияның толық курсын алғаны туралы құжаттық дәлелдемелер ұсынған жағдайда, ПТР тестінің нәтижесінсіз ел аумағына кіргізіледі. Халықаралық транзитпен сапар шегетін жолаушылар транзиттік аймақтан шықпайды» – делінген құжатта.
Бұл бұйрық Қазақстанға теміржол, теңіз, өзен және автомобиль көлігімен келетіндерге де қатысты.
Сонымен қатар, босанатын әйелдер мен денсаулығына байланысты шұғыл көмекке мұқтаж пациенттер енді медициналық мекемелерге түскен кезде COVID-19 зертханалық зерттеулерінің нәтижелерін күтпей-ақ көмек алады. Олар эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, оқшауланған бөлмеге жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып орналастырылады.
Мешіттердің, православие шіркеулерінің және басқа да діни объектілердің аумағында ашық аспан астында ұжымдық діни іс-шараларды өткізу маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып жүзеге асырылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!