Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасының бір дозасының өзіндік құны 26 долларды құрайды. Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілетін ресейлік вакцинаның құны да осы шамада болады. Бұл жөнінде денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Халыққа екпе тегін жасалады. Бір вакцина – қос компонентті доза – бүгінгі күні 26 доллар тұрады. Бұл жалпы вакцина Ресей немесе Қазақстан аумағында өндірілуіне қарамастан бекітілген баға болады. Қазақстанда вацина ақпан айынан бастап өндіріле бастайды», – деді Қиясов журналистерге берген сұхбатында.

Ол Ресей мен Қарағанды фармацевтикалық кешенінде әзірленген вакциналардың құрамы бірдей екенін айтты.

«Вакцинаны Қарағандыда шығаратын болсақ, әрине, артықшылықтары бар. Біріншіден, біз өндіріс процесіне тікелей қатыса аламыз. Өндірістің бүкіл кезеңіне өзіміз бақылау жүргізе аламыз. Оның үстіне, бұл өте жақсы тәжірибе. Жалпы, бұл тәжірибені одан әрі де дамытуға мүмкіндік береді. Логистикамен байланысты қандай да бір шығындар да үнемделеді деп ойлаймын», – деді ол.

Қиясов қазақстандықтарды вакциналауға жалпы 50 миллиард теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!