Жуырда зейнетақы қорындағы қаражатты емделуге жұмсаудың заңдылығы бекітілді. Ал ақшаны алу үшін ең әуелі шотыңыздағы қаражаттың жеткілікті мөлшерін анықтап, «Отбасы банк» қосымшасында жеке кабинет ашу арқылы өтініш бересіз. Одан соң тіркелген емханада учаскелік маманға қаралып, дәрігерден құрылған арнайы комиссияның қорытындысын алуы шарт. Арнайы құрылған комиссия шешімін, сонымен қатар барлық құжаттардың сканерленген нұсқасын «Отбасы» банкіндегі жеке кабинетке енгізіп, өтінім жасау міндеттеледі. Ал құзырлы оператор құжатты қабылдаған күннен бастап, 5 күн ішінде қаражатты медициналық мекеменің есепшотына аударады. Бірақ емделетін мекемені таңдау өз еркіңізде. Тіпті шетелде емделу де қарастырылған. Бірақ тісіңізді тек елімізде ғана жөндей аласыз.
Бүгінде денсаулығын түзеймін деп шот ашқандардың саны – 60 мыңға жуықтады. Жалпы ақша емнің 7 түріне беріледі. Денсаулық сақтау министрлігі ол тізім халықтың сұрауы бойынша әлі де толығуы мүмкін екенін айтты.
- Бүгінде денсаулығын түзеймін деп шот ашқандардың саны – 60 мыңға жуықтады.
Зейнетақы қорындағы ақшамен мына медициналық көмектерді ала алады.
- Орфандық (сирек кездесетін генетикалық дерттерді) ауруларды емдеу. Осы дертті емдеуге қажетті дәрі мен диагностикалық тексеруді төлеуге болады.
- Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдарда стоматологиялық қызметтерді (тіс протездеу, импланттау) алу.
- Операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейінгі түзету мақсатында реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары
- Радионуклидтік және радиойодтерапия
- Радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберпышақ)
- Протон терапиясы
- Офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету)
Байқағаныңыздай, қордағы қаражатқа медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмек аясына кірмейтін ауруларды емдеу көзделген. Дертіне шипа іздеп, қалтасының жұқалығынан ел аса алмай отырған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
– Дәрігерлер анамның миында ісік барын айтқанда өмірден түңіліп кеттім. Бұл ауру түрін зерттей келе, емі барына қатты қуандым. Оған дамыған медицина апараттарының да көмегі зор. Мидағы ісікті пышақсыз алып тастауға анам келісім бермеді. Басқа салғанды көремін деп көндікпеді. Бірақ жан-жақты мамандармен байланысып, шетелдік дәрігерлер көмегіне жүгінуді жөн санадым. Радиохирургиялық емдеу әдісі яғни мидағы ісікті сәуле терапиясымен емдеу біздің елде де бар. Бірақ білікті маман тапшылығын осы аурумен ауыратындар жақсы біледі. Бұл тәсіл дамыған елдерде жолға қойылған. Бірақ ота жасатуға әр адам жүрексіне бермейді. Мамандардың біліктілігіне сенімсіз болсаң, ота жасату одан да қиын. Сондықтан көршілес Рессей мен Корея елінің дәрігерлерімен байланыс орнатып отырмын. Зейнетақы қорындағы қаражатты емдеуге жұмсауға болатынын естіп, қатты қуандым. Жинаған қаражатымды анамның еміне беремін, – дейді қала тұрғыны Д.Қадыров.
Рас, қордағы қаражатпен тек өзіңіздің ғана емес, жақындарыңыздың да денсаулығын жақсартуға жұмсауға болады.
– Қордағы қаражатты жақын туысыңызға бере аласыз. Мысалы, анаңызға немесе анаңыз сізге. Сондай-ақ сіздің атыңызға бірнеше туысқаныңыз өз жинағын аудара алады. Ал стоматологиялық қызметке берілетін қаражатқа сіз тек имплантация жасап, тісті протездей аласыз. Басқа қызмет түріне алуға рұқсат жоқ, – дейді «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
- Стоматологиялық қызметке берілетін қаражатқа сіз тек имплантация жасап, тісті протездей аласыз.
Осы тұста көпшілік жүрекке ота жасату, дисплазияны емдеу, ЭКО-ға жолдама беру сынды нұсқаларды қосу қажетін атады. Бірақ Денсаулық сақтау министрі мамандары бұл тізімге тегін медициналық кепілдендірілген көмек пен сақтандыру қоры арқылы емдейтін қызмет түрі кірмейтінін түсіндірді. Десе де халық бала сүйе алмай жүрген отбасы санын көп екенін айтып, ұсынысқа бей-жай қарамауға шақырды.
– Жасанды ұрықтандыруды осы тізімге бекіту туралы көп ұсыныс айтылды. Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап елде «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 7 мың квота бөлінді. Бұдан бөлек жыл сайын әр өңірге қосымша квота бөлініп келеді. Егер аталған квота санынан сұраныс жоғары болса, ЭКО жасатуды болашақты қосамыз. Ал жыл басында зейнетақы қорындағы қаражат үй алуға беріле бастаған тұста елдегі баспана бағасы шарықтап кетті. Елдегі медициналық қызмет бағасы қымбаттамайды, оны бақылауда ұстаймыз, – деді ҚР ДСМ департамент директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.
Мемлекет тарпынан бөлінетін квотаны 3 жыл күткен ел тұрғыны жолдасының зейнетақы қорындағы қаражатымен емделгісі келетінін айтты.
– Мемлекет тарапынан берілетін квотаны 3 жылдан аса күттім. Кезегім келгенде қатты қуандым. Қолыма бөпемді алғандай әсерде болдым. Өкінішке қарай, ЭКО сәтсіз шықты. Өзімді зорға ұстадым. Сонда да үмітімді үзбей, жергілікті жер бойынша қайта кезекке тұруға шешім қабылдадық. Қазір жасым 34-те. Енді тағы да 2-3 жыл күтетін болсам, ана болуым екіталай деген ой мазалайды. Зейнетақы қорындағы қаражатты емделуге болады дегенді естігенде, жасанды жолмен ұрықтандыру да тізімге енеді деп ойлап едім. Бірақ қуанышым су сепкендей басылды. Мемлекет тарпынан қанша квота бөлінсе де, қордағы қаражатпен ЭКО жасатқысы келетіндерге неге шектеу қойғанын түсінбедім. Әлі де 7 ауру түрін кеңейту қажет сынды, – дейді қала тұрғыны Анар Оспанова.
Ал экономист сарапшылар Үкімет жасанды ұрықтандыру жүйесін бұл тізімге енгізсе, баға шарықтап кететінін алға тартады.
– Зейнетақы қорындағы ақшаны мемлекет алуға мүмкіндік бергеннен бастап, халық қаржыны тиімді жұмсағысы келді. Осы орайда бірнеше түрлі қаржы тиімді жұмсаудың бағыты анықталды. Олар – тұрғын үй алу, инвестициялық компанияға аудару және медициналық көмекке жарату. Бізге белгілі болғандай, халық тұрғын үй бағытына қордағы ақшаны сала бастағаннан, тұрғын үй бағасы күрт өсіп кетті. Дәл қазір тұрғын үй алудың тиімсіз екенін көпшілік түсінді. Ендігі кезекте біз зейнетақы қаржысын барынша тиімді пайдалану үшін халыққа сақтандыру компаниясына аударуға, зейнетақы аннуитетін жасауға кеңес беремін. Бұл қаржыны қажет болған жағдайда ғана медициналық көмекке бағыттаған дұрыс. Зерттей келе, зейнетақының тек тұрғын үй бағасының қымбаттуына әсерін тигізбеген. Тіпті медициналық қызмет көрсету саласы біршама пайызға қымбаттаған. Нақтыласақ, емдеу мекемесіндегі қызмет құны былтырға қарағанда 6,3 пайызға өскен. Жинақталған мәліметтер бойынша амбулаториядағы яғни ішкі ағза және тіс ауруын емдеуші дәрігерлердің қызмет құны 4,9 пайызға өскен. Медициналық зертханалық қызмет көрсетушілер 3,2 пайызға, дәрігерлерден кеңес алу құны 7,3 пайызға және стоматологиялық қызметің бағасы 7,4 пайызға қымбаттаған. Демек бұл сандардан зейнетақы қорының медициналық қызмет құнын өсіргенін байқаймыз. Енді емдеуге болатын 7 ауру түріне ЭКО-ны қосатын болсақ, 1 млн теңгені құрайтын ота, екі есеге қымбаттайтыны заңдылық. Бұдан қорда қаражаты жоқ жылдар бойы тірнектеп ақша жиған тұрғындар жапа шегеді. Соны да ойлау қажет. Әйтпесе Денсаулық сақтау министрлігі арыз-шағымды ескеріпғ ЭКО-ны қосуы ықтимал. Бірақ әр мәселенің екінші жағын да ойлау маңызды. Сонымен қатар аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана зейнетақы қорының бір бөлігін жұмсауға кеңес беремін, – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының экономист сарапшысы Димаш Ералы.
- Емдеу мекемесіндегі қызмет құны былтырға қарағанда 6,3 пайызға өскен. Жинақталған мәліметтер бойынша амбулаториядағы яғни ішкі ағза және тіс ауруын емдеуші дәрігерлердің қызмет құны 4,9 пайызға өскен.
Белгілі сарапшы Олжас Құдайбергенов қордағы қаражатты жұмсауда отбасы мүшелерімен кеңесуге шақырады.
– Бұл ‒ осы күнге дейін тұрақты түрде салық төлеп келген орта топтағыларға арналған мемлекеттік бастама. Бұл бір реттік шара емес, алдағы 2-3 жылда жеткілікті шекке жеткендер саны артады. Ең бастысы, мына кеңеске құлақ түрген жөн. Айналаңыздан қаражатты жақсы басқаратын адам табыңыз. Кімге сеніп тапсырып, егжей-тегжейлі жоспарлап, сонымен ақылдасыңыз. Одан кейін отбасылық эффектіні барынша максимал қолданыңыз. Яғни ерлі-зайыпты қаражатын біріктіріп, зейнеткер ата-ана жинағының бір бөлігін беріп дегендей, қолдануға рұқсат берілген. Үшінші кеңес, қарапайым шешімдерге бел буу. Яғни қолдағы кредитке тағы біреуін қосып алғаннан гөрі, қазір бар несиені жапқан дұрыс. Уақытқа байланысты шектеу жоқ, сол себепті асықпай шешім қабылдаңыз, – дейді сарапшы экономист Олжас Құдайбергенов.
Сұраныс қай салаға артса, бағаның шарықтайтыны белгілі. Оған етіміз де үйреніп кетті. Төтенше жағдайында дәрі-дәрмек, бетперде, лимон бағасын қымбаттатып, пайдаға кенелгендерді де көз көрді. Сол сияқты қордағы қаражатты беріледі дегеннен-ақ тұрғын үй бағасы қымбаттады. Енді денсаулық саласы да қымбаттап келеді.
– Халықтың басым көпшілігі имплант салдырмақ түгіл, тісіне қарапайым пломба салуға қаражаты жоқ. Оны стоматологтар да мойындайды. Сондықтан қордағы қаражатпен имплант салдыруға рұқсат етілгенін қолдаймын. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешім де ерте қабылдап қойған сияқты. Өйткені бізде мемлекеттік тіс емханалары жоқтың қасы. Болса да олар бәсекеге төтеп бере алмайды. Сондықтан тұрғындар жеке клиника көмегіне жүгінеді. Мұндай кезде баға шарықтап кететіні белгілі. Сондықтан қордағы қаражатты әркімнің өз еркіне беру қажет. Бәрібір бұл қаржы ел экономикасына келіп түседі емес пе? Кім қалай жұмсағысы келсе, өз еркіне беру керек. Машина алғысы келсе алсын, шетелге саяхаттауға жұмсағысы келсе жұмсасын. Оның өз қаржысы емес пе? Одан қалды қордағы қаржыға екінші деңгейлі банктегі несиесін жапқысы келетіндердің қарасы қалың. Бұл ақшаны қалайда қолға түсіру үшін ел тұрғындары бәрібір жолын табады. Мұны бәріміз біліп отырмыз. Ал керісінше қордағы қаржыны 3 бағытта бөлу арқылы баспанасыз жүрген халықтың үрейін арттырдық. Емдеу процедурасы да қымбаттамасына кім кепіл?! Сондықтан жеткілікті шектен асқан қаржыны әр азаматтың еркіне беру керек. Сонда ғана экономика тұрақталады, – дейді «Сұңқар» медициналық орталығының директоры Қуаныш Керімқұлов.
Стоматологиялық қызметтің қаншалықты қымбаттағанын білу мақсатында сала мамандармен тілдестік.
– Зейнетақы қорындағы қаражатқа тұрғындар тек имлант немесе протез салады. Қазір бір имланттың бағасы – 120-150 мың аралығында. Ал протез 70-100 мың теңге. Әр стоматологияда әртүрлі. Бірақ қордағы қаражатпен тіс салдыруға келгендер жоқ. Оған қандай клиникалар таңдалатыны да белгісіз. Бірақ бұл бастаманы орынсыз дер едім. Өйткені елімізде стоматологиялық қызметтің құны жоғары. Қордағы қаражатпен емдеу қосылса, барлық клиника бағаны өсіреді. Сондықтан бізге қордағы қаражат арқылы емес, оңтайлы мемлекеттік бағдарлама қажет сияқты. Мәселен, Жапонияда «Тіс саулығы – ұлт саулығы» деп аталатын бағдарлама бар. Соның нәтижесінде сексенге келген қарияның өзінде кемінде 20 тісі бар. Ал біздің қарттарда тек протез киеді. Оның өзінде шамасы жеткендер. Стоматологиялық қызметтің құнына тұрғындар көп шағым айтады. Бізде шикізат шетелден келеді деп барынша түсіндіреміз. Тісті емдеуге қажетті материалдың бірі – титан. Ол Өскеменде шығарылады. Бірақ шикізат бола тұра, тіске қажетті материал өңдейтін кәсіпорын жоқ. Есесіне сол титанды шетелдіктер бізден алып, өңдеп, дайын өнімді бізге екі есе бағамен сатуда. Ең болмағанда мемлекет осы салаға қажетті материалды дайындайтын кәсіпорын ашса, бұл мәселе де шешімін табады, – дейді «Ясин» дент стоматологиясының дәрігері Еламан Қазиев.
Адамнан қулық асқан ба? Қаражатқа қол жеткізгісі келетіндер бәрібір жолын табады. Сондықтан жеткілікті шектен асқан қаражатты ел тұрғындарының игілігіне шектемей беру бір жағынан дұрыс-ақ. Себебі 6 млн қазақстандықтың банкте берешегі бар. Ал бұл берешектің артуына пайыздық мөлшердің жоғары болуы кері әсерін тигізуде. Ал экономистер бұл пікірмен келіспейді. Оған себеп те жетерлік. «Қазақ байысы тоқал алатыны» бесенеден белгілі.
– Зейнетақы қорындағы қаражатпен туысының үйін сатып алғандар бар. Бірақ нақты айта алмаймын. Мүмкін туысының үйі ұнайтын шығар. Ол жағын білмедім. Толық сатып алу құқығымен үйді алса, онда мүлікті 5 жыл ішінде сатпау қажет деген шектеу жоқ. Осылайша қаржыны қолма-қол алғысы келетіндер құжат рәсімдеуге 100 мыңдай шығындайды. Бірақ бағасы шарықтаған үйді алғаннан, несиесін жапқан тиімді емес пе?, – дейді заңгер Талғат Әбуов.
– Рас, ел арасында қордағы қаржына қолма-қол алу фактісі тұрғын үй саласында тіркелген. Мұны құзырлы орган бақылайды. Бірақ емделу бағыты бойынша мұндай олқылық болмайды. Себебі тізімге енген 7 ауру да күрделі, аса күтімді, бақылауды қажет ететін аурулар. Науқастар осы уақытқа дейін жергілікті емханада кезекте тұрады. Олардың ауру тарихы да порталда жүктелген. Мысалы, онкологиямен ауратын науқас бір емес, бірнеше рет ауруханада ем алғаны, шетелге жіберудің қаншалықты маңызды екені емдеу баянында жазылып тұрады. Сондықтан емдеу саласы жемқорлықтан барынша қорғалған. Көпшілік «зейнетақы қорындағы қаражатпен баламды емдеуге бола ма» деген сұрақты жиі қояды. 18 жасқа дейінгі барлық бала ‒ мемлекеттің қамқорлығында. Ал кей аурулардың күрделігіне қарай, дәріні шетелден алдыруға болады. Сонымен қатар тізімдегі пластикалық операция дегенді халық дұрыс түсінбеуі мүмкін. Бұл эстетикалық мақсаттағы емес, туа біткен ақауы бар, қалпына келтіру пластикалық операциялары жатады, – дейді ДСМ амбулаториялық-емханалық көмек көрсету басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов.
Жуырда автобизнес қауымдастығы мемлекетке осы альянсқа мүше компаниялар құрастырған автокөлікті сатып алу үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынды.
– Қазір 3 млн 895 мың ел тұрғынында автокөлік бар. Бірақ бұл көліктердің басым көпшілігінің жылы ескі, тозығы жеткен. Ал жаңа көлік алуға барлығының бірдей мүмкіндігі жетпейді. 2020 жылдың ауыр болғанына қарамастан, жаңа автокөлік шығару саласы 47 пайызға артты. Бұл көрсеткішті бұдан әрі жетілдіруге болады. Ол үшін зейнетақы қорындағы қаражатты автокөлік алуға бастапқы жарна ретінде салу қажет. Сол кезде ғана тозығы жеткен көліктерден құтыламыз. Елімізде бастапқы жарна 10 пайыз салып, 4 пайызбен 5 жылға несие рәсімдейтін ұтымды бағдарлама бар. Бірақ бұл бағдарламаның ауқымы төмен. Көпшіліктің мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан бастапқы жарнасын төлеп, отандық көліктерді сатқан екі жаққа да тиімді, – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығы вице-президенті Анар Мақашова.
- 2020 жылдың ауыр болғанына қарамастан, жаңа автокөлік шығару саласы 47 пайызға артты.
Бірақ бұл бастама қаншалықты қолдау табатыны белгісіз. Бірақ бұл да автокөлік нарығындағы бағаның өсуіне әсер ететіні сөзсіз.
– Автокөліктер идеясы бірден екі параметрге сәйкес келмейді. Біріншіден, өте қажеттілік емес, көбінесе ыңғайлылық, жайлылық және т.б. Екіншіден, ол құрылыс емес. Ешбір елде зейнетақы жүйесін автомобиль үшін қолданбайды. Зейнетақы қаражатын мұндай мақсаттарға пайдалануға болмайды. Егер рұқсат етілсе, онда баға өседі, – деді экономист Олжас Құдайбергенов.
Халық бұл жаңалықты көп күткені рас. Бірақ күрделі аурулар тізімінің артуын қолдайды. Жауапты мамандар да сұранысты ескеретінін, бұл қатып қалған қағида емес екенін айтты. Бірақ тұрғындардың бағаны негізсіз қымбаттатуына, жеке клиникалардың да қызметін бақылайтын ұйым қажет.
Сақ болыңыз!
Күмәнді сілтемеге өтпеңіз. Тұрғындардың зейнетақы қорындағы қаржысына алаяқтар да ауыз сала бастады. Олар өзін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырып, банк картасының нөмірін білуге тырысады және «зейнетақыны қайта есептеу керек» деп деректеме атауын сұрайды. БЖЗҚ ресми түрде мұндай деректерді ешкімге айтпауды сұрайды. Сондай-ақ қор бейтаныс сайттарға күдікті сілтеме бойынша өтпей, ақпаратты тек enpf.kz ресми сайтында немесе БЖЗҚ-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тексеру керегін ескертеді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!