Ақпанның басында Түркия мемлекетінен қайғылы хабар жетті. Елдің оңтүстік-шығысында жер сілкінісі орын алып, 40 мыңнан астам адам жан тапсырған болатын. Сол-ақ екен Қазақстан да бауырлас елдің басына түскен қайғыны бірлесе көтеріп, жәрдемін аямауға тырысты. Құтқарушылар мен дәрігерлер тобын жөнелтіп, қаржылай және гуманитарлық көмек легін ұйымдастыды. Бұдан бөлек, кәрсіпкерлер тарапынан киіз үй, тұрғындар атынан азық-түлік пен киім-кешек табыстау қадамы жүйелі жалғасын тапты. Енді, міне, Сыр елі де мұндай ізгі іске үлес қоспақ.

Қазіргі таңда аймақта түрік ағайындарға жәрдем беруге бағытталған бастама қолға алынды. Ерікті жастар мен кәсіпкерлердің ұйытқы болуымен облыстағы «Жастар ресурстық орталықтары» жанынан гуманитарлық көмек жинақтау пункті ұйымдастырылуда. Онда зілзаладан зардап шеккен азаматтарға азық-түлік, төсек-орын секілді қажетті заттар жиналып, межелі мөлшерге толғанда Түркияға жіберілетін болады.

Бүгінге дейін облыс орталығынан жиналған көмек саны көңіл толарлықтай. Аз уақыттың ішінде Сыр халқы 5 тонна төсек-орын, 10 тонна азық-түлік, 2 тонна тұрмыстық зат, 2 тоннадан астам киім-кешек тапсырған екен. Аймақтағы гуманитарлық пункттер апта соңына дейін ұйымдас­тырылатынын ескерсек, аталған көрсеткіш әлі де көбейері сөзсіз.

– Осыдан екі апта бұрын жергілікті кәсіпкерлер мен Сыр волонтерлері сол жағалауда орналасқан «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында гуманитарлық көмек жинау пунктін ашты. Онда төсек-орындар, тұрмыстық-шаруашылық және жеке гигиеналық заттар, азық-түлік, киім-кешек топтастырылып, арнайы жүк көлігіне тиелді. Қазір қаладағы «Тағзым» алаңы мен Жастар ресурстық орталығының жанынан апат аймақтарына арнайы дайындалған гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жолға шығуға дайындық үстінде, – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Ерлан Сисенбиев.

Бүгінде Қызылорда қаласындағы гуманитарлық көмек қабылдау пункті облыстық ресурстық орталық пен Тағзым алаңы жанында ұйымдастырылуда. Айта кетерлігі, игі іске аймақтағы беделді мекемелер – «DALATEX» пен «Абай Дәулет» компаниялары да үлес қосты. Аудандағы орталықтар да осы мәндес жобаны жүзеге асыру үстінде. Ерлан Мырзалыұлының сөзінше, апта соңында аймақтағы барлық пунктен жылу жиналып, ерікті жастардың көмегімен сұрыпталатын болады. Кейін ол Алматы қаласына жөнелтіліп, артынша Түркияға жіберіледі.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!