Фото: ашық дереккөзден

Мәселенің әлқиссасын сандар тақтасынан бастасақ. 2021 жылы 10 – 24 жас аралығындағы 1,5 миллионнан астам адам қайтыс болды. ДДСҰ есебі бойынша бұл күніне шамамен 4500 жас. Ал өлімнің себебі − жол-көлік оқиғалары, жарақат, суға бату, зорлық-зомбылық. Қорқыныштысы, 10 мен 14 жас аралығындағы балалардың көз жұму салдарында жұқпалы аурулардың да үлесі көп.

Бұл ретте жастардың денсаулығы мәселесіне көңіл аударсақ дейміз. Себебі жас талғамайтын жұқпалы дерт жастардың арасында да көбейді. Ауруға шалдығу физикалық денсаулықпен қатар, адамның болашағына һәм өмір салтына тікелей әсер етеді. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, денсаулық сақтау мекемелері мен жастар өзара тығыз байланыста болуы қажет.

Мамандар жұқпалы аурулардың бірнеше жолмен таралатынын айтады. Олар қоғамды елең еткізетін, адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін дерттердің бірі. Әр дерттің өзіндік ерекшелігі, таралу жолдары мен зардаптары бар.

Алдымен ауа арқылы таралатындар тобына тоқталсақ. Халық арасында «танымал» және аса мән берілмейтін дерттің бірі − тұмау мен ЖРВИ. Олар ауамен таралатын вирустық ауру, әсіресе суық маусымдарда жиі кездеседі. Тұмаудың зияны кейде қарапайым суық тиюмен шектелмейді. Әсіресе аурудың алдын алып яки дер кезінде емдемесе, асқыну процесі белең алатыны баршаға мәлім. Мысалы, пневмония немесе бронхит. 2019 жылдың өзінде ДДСҰ бас директоры «Тұмау пандемиясының қаупі үнемі болады» деп мәлімдеген.

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова жыл сайын республикада ЖРВИ-дың 4-5 миллион және тұмаудың 2 мыңға дейінгі жағдайы тіркелетінін мәлімдеді. Ал қыркүйекте республикада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 544 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 27%-ға төмен. Бірақ бұл жастардың иммундық жүйесінің әлсіздігін, дұрыс тамақтанбау және өмір сүру салтындағы стресстің басым екенін жоққа шығармайды. Жұқпалы дерттен пандемия сипатына ауысқан COVID-19 адамзат тарихындағы ең ауқымды денсаулық дағдарысына айналды. Вирустың жылдам таралуы, оның жаңа штаммдарының пайда болуы аурудың ғаламдық масштабта таралуына әсер еткеніне куә болдық.

ХХ ғасырдың басында вирус екені анықталған қызылша да бүгінде назар аударатын мәселеге айналды. Оған қызылшаға қарсы белсенді күрес 1963 жылы вакцина жасалғаннан кейін басталды. Көбіне қызылша ауа тамшылары арқылы таралады. Науқас адам сөйлескенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде вирустар шығарады. Ол денеге байланыс арқылы да енеді. Ауру емес және вакцинацияланбаған адамдарда қызылшаға бейімділік шамамен 95%-ды құрайды. Кейінгі 15 жылдың ішінде республикада 3 рет қызылша ауруының өсуі тіркелді. Нақтыласақ, 2005, 2015, 2019 жылдары. Аурудың кезекті өсуі өткен жылы басталды. Былтыр елде қызылшаның 29 648 жағдайы тіркелсе, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Ал биыл Румынияда бұл ауру өршіді. Жыл басында елде індетті 3 мыңға жуық адам жұқтырып, төрт адам қайтыс болған. Австрия, Германия, Франция, Бельгияда да инфекциямен ауруханаға түсушілердің саны артқан. 2022 жылы Еуропада қызылшамен 941 адам ауырған болса, былтыр 30 мың адам сырқаттанған.

Ал маса арқылы таралатын «безгек» ауруы адамның дене қызуын көтеріп, бауыр мен қан айналым жүйесіне әсер етеді. Қазақстанда сирек кездескенімен, шет елдерге саяхаттайтын жастар үшін паразиттік аурудан қорғану маңызды. 2020 жылы әлемде бұл аурумен 241 миллион адам ауырған.

− Адамдар қалтырап, басы ауырып, әлсіздікті сезінсе, тез арада дәрігерге қаралуы қажет. Әсіресе ауруды жұқтыру қаупі жоғары болып өсептелінетін маусым – қыркүйек айларында. Ауру адамның қанын зерттеу микроскоппен тексерген кезде ғана тура диагнозы анықталады. Безгек ауруын уақытында және дұрыс емдемесе қан аздық, ішкі ағзалардың тіршілік етуінің бұзылуы, еңбек ету қабілетінің жоғалуы пайда болып, науқастың жағдайы ауырлайды, − дейді санитарлық эпидемиологиялық қызмет маманы М.Ажарбаева.

Ауамен таралатын аурулардың тағы бір себебі ретінде әлеуметтік белсенділікті де қарастырған жөн. Жастар оқу орындарында, жұмыста көп уақыт өткізіп, қоғамдық көліктер мен халық көп шоғырланған орындарда жиі болады. Мұндай жағдайларда инфекцияның тез таралу қаупі еселенеді. Ал жұқпалы аурулардың көбеюйіне келесі себеп ол, әрине, денсаулыққа немқұрайлы қарау. Көбі тұмау секілді аурудың алғашқы белгілерін байқаса да, дәрігерге жүгінбейді. Бұл өз денсаулығына ғана емес, айналадағы адамдарға да қауіп екеніне мән бермейді. Ал мұндай немқұрайлы көзқарас жастар арасындағы жұқпалы аурулардың таралуын одан әрі күшейтеді.

Баяу дамитын, бірақ аса қауіпті бактериялық ауру саналатын туберкулез өкпені зақымдап қана қоймай, ағзаның басқа мүшелеріне де әсер етеді. Елімізде 2018 жылы туберкулезге шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 48,2 болса, 2022 жылы бұл шамамен 24,3 пайызға кеміген. Балалар арасында 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда 11,9 болса, 2022 жылы 100 мың адамға шаққанда 8,8 науқасты құрап, ауру көрсеткіші 26,1 пайызға төмендеді. Өткен жылы Қазақстан 2030 жылға қарай туберкулезді жою жөніндегі әлемдік көшбасшылар коалициясына (БҰҰ) қосылды.15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер әлемдегі туберкулезбен ауыратын адамдардың шамамен 11% құрайды. Бұл жыл сайын 15 жасқа дейінгі 1,1 миллион бала мен жасөспірімдер туберкулезбен ауырып, оның 225 мыңнан астамы қайтыс болады деген сөз.

Ал елдегі ахуал жайлы жыл басында өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің экс министрі Ажар Ғиният мынадай көрсеткіштермен бөлісті.

− Өткен жылдың қорытындысы бойынша халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады. Аурушаңдық 6,5%-ға төмендесе, жалпы өлім жітім 5,4%-ға түсіп, соның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан 6,8%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 4,5%-ға, обыр ауруларынан 3%-ға, туберкулезден 22,1%- ға, ал жалпы инфекциялық аурулардан болатын өлім көрсеткіштері 10%-ға төмендеді, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің экс-министрі Ажар Ғиният.

Бұдан бөлек гепатиттерге тоқталсақ. Ол – бауырды зақымдайтын инфекция. Гепатит A вирусы лас судан немесе тағам арқылы жұғады, ал B және C вирустары негізінен қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Гепатит B мен C жиі жағдайда бауыр циррозына немесе қатерлі ісікке алып келеді.

Аты да, заты да қорқынышты ЖИТС, сифилис, гонорея секілді аурулар жыныстық қатынас арқылы таралады. Бұл ретте жастардың жыныстық қатынасқа байланысты ақпаратсыздығы және сақтық шараларын ескермеуі аурулардың көбеюіне әкеледі. Қазақстанда ВИЧ жұқтырғандар алғаш рет 1987 жылы тіркелген. Бұл ауру Алматыда оқитын, Африка елдерінен келген төрт студенттен анықталған. 1995 жылға дейін Қазақстанда ЖИТС жұқтырған 30 науқас тіркелген. Ал 1996 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында есірткіге тәуелді адамдар арасында 36 азаматтың ЖИТС жұқтырып алғаны анықталған. Оларға есірткіні бірге қабылдаған кезде тамырына салған ине арқылы вирус жұққан. Содан бастап есірткі тұтынушылардың арасында ЖИТС жұқтырып алғандар көбейе бастаған. 2021 жылы әлемде 10-19 жастағы 1,7 миллион жасөспірім ЖИТС-пен өмір сүрген. Ал олардың 90%-ға жуығы Африка аймағындағы жастар. ДДСҰ дерегіне сүйенсек, жаңа инфекциялардың айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жасөспірімдердің 10%-ы жаңа ЖИТС жұқпаларына шалдыққан. Оның ішінде төрттен үш бөлігі − жасөспірім қыздар. UNAIDS бағдарламасының өткен жылғы мәліметіне сәйкес әлемде АИТВ инфекциясын жұқтырған шамамен 39 миллион адам бар.

Ұлыбританияда жыныстық тәрбие бойынша ақпараттандыру науқандарының арқасында ЖИТСжұқтыру көрсеткіші 2010 жылдан бері 30%- ға төмендеген. Оңтүстік Корея мен Жапонияда жастар арасында профилактикалық медициналық тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл тексерулер аурулардың ерте кезеңінде анықталуына және уақытылы емдеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Жастардың денсаулығы – тек жеке адамның емес, ұлт келешегінің негізі. Инфекциялық дерттер ерте кезеңде емделмесе, ауыр асқынуға, түбінде кейде қайғылы жағдайларға әкеледі. Алдын алу шаралары, диагностика жасау, ақпараттандыру және вакциналау – аурумен күрестегі ең басты қаруымыз.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!