Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан салынған 100 төсектік аудандық аурухананың ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы заманауи медициналық мекеме халық игілігі үшін қызмет етеріне сенім білдірді.
«Бүгін аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық тұрғын үй мен аудандық аурухананың пайдалануға берілуі. Жаңа пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтаймын! Ал, жаңа үлгіде салынған аурухана ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада денсаулық саласының ардагері Тұрғанбай Маханов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады.
Аудандық аурухананың құрылысы 2019 жылы басталды. Құрылысты мердігер мекеме «АБУ-СЕР» ЖШС жүргізді. Жоба құны 4 млрд теңгені құрайды. Нысанның жалпы аумағы – 3,6 гектар, ғимарат типтік жобада салынған.
100 төсектік аурухана үш қабаттан тұрады. Мұнда 1 терапия, 1 хирургия, 1 реанимация, 1 босану-гинекология, 1 балалар бөлімі, 1 асхана, 2 операциялық блоктар бар. Аталмыш ауруханада 94 дәрігер, 446 орта буын қызметкер жұмыс істейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!